Жатақханадағы сәби рухы
Бізге қарама-қарсы тұрған бөлмеге келгендер көп тұрақтамайды. Дереу басқа бөлмеге ауысып жатады. Тағы біреулер келеді, олар да кетуге асығады. Не құпиясы барын көпке дейін біле алмай жүрдік. Оқудың келесі жарты жылында әлгі бөлмеге біздің топтың төрт қызы келіп орналасты. Олардың жақын тұрғаны бізге жақсы болды. Сабақтан қарнымыз ашып келгенде солардың дайындаған асымен жүрек жалғаймыз. Демалыс күндері студенттердің көбі жатақханада болмайды. Туыс-туғандарының үйіне кететін. Қарсы бөлмеде екі қыз болды. Айым ерте ұйықтап қалды да, Замира біздің бөлмеге келіп, екеуміз теледидардан концерттік бағадарламаны тамашаладық. Сағат тілі 12-ні көрсеткенде ол да кетті бөлмесіне. Кенет ол ізінше қайтып оралды. Тілі күрмеліп ештеңе айта алмайды. Мен оны төсекке отырғызып, не болғанын сұрадым. «Есіктен кіріп барсам, Айым ұйықтап жатыр екен. Аяқ жағында бір кішкене жылбысқа сәби домалаңдап жатыр. Қорыққаннан жүрегім тоқтап қала жаздады. Аяғымда дәрмен жоқ. Етегімнен біреу тартып алғандай болды», — дейді. Ол да, мен де үнсіз сілейдік те қалдық. Бөлмеге кіруге тура келді. Ұйқыдағы адам оянса, шошынып жынданып кетуі де мүмкін. Сайтан болса өткір нәрсеге бата алмайтын шығар деген оймен қолымызға пышақ ұстап алып, мысық табандап кірдік. Бөлме іші тым-тырыс. Ондай ештеңе көрінбейді. Ұйқысынан оянған Айым бізді көріп баж етті. «Немене, мені өлтіргелі жатырсыңдар ма? Қолдарыңдағы пышақтарың не?» -дейді көрпесіне тығылып. Біз мән-жайды түсіндірдік. Бірақ ол айтқанымызға сенетін емес. Сол түні үшеуміз де көз шырымын алмадық.
Арада бір ай өткенде қыздардың арасында тағы да үрей болды. Ойда жоқта жарық сөніп қалыпты. Қыздар сол себепті ертерек жатып қалған екен. Түн жарымынан кейін шам жанады. Ұйықтамай жатқан біреуінің көзіне жерде домалап жатқан бір қызыл шақалақ көріне кетеді. «Қыздар! деп жан дауысы шыққанда әлгі нәресте демде көзден ғайып болыпты. Бұл жағдай қайталана бергеннен кейін ертесінде жатақхана бастығына айтып бірінші қабаттағы бөлмелердің біріне ауысты олар. Ондағы шетелдік азаматтар қыздар тұрған бөлмеге келіп жайғасты.
Біз жатақхана бастығынан осы бөлмедегі тұрған қыздардың көзіне неге кішкене сәби елестейтінін сұрадық. «Бес жыл бұрын сол бөлмеде адам аузы бармайтын бір оқиға болып еді. Алыс аймақтан келген екі қыз білмей аяғымен шоқ басып алыпты. Бірінші оқу жылының аяқталар кезінде бірінен соң бірі бөлмесінде босанады. Біреуі баласын тірі күйінде қағазға орап қоқыс жәшігіне тастапты. Екіншісі де солай істегелі жатқанда көрші бөлмедегі қыздар байқап қалады. Баланың іңгәлаған дауысын естіп жетіп келген олар қансырап жатқан қызды көреді. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Бірақ сәбиін аман алып қала алмады. Көп қан жіберген қыз зорға дегенде аяқ-қолын бауырына алды. Әке-шешесіне естіртпеуді өтінген байқұс қыз оқуын жалғастырмай ауылына біржола кетіп тынды.
Содан кейін сол бөлмеде тұрған қыздардың көзіне нәресте жиі көрініп тұратын болды. Сұмдық қой бұл»-деген еді сонда жатақхана бастығы.
(Тақырыбы өзгертілген)
otarka.kzhttps://qarmaqshy-tany.kz