Қанмен келген қасиет
«Қозғалыс – тіршілік» демекші, адамзат баласы мен тіршілік иелері қозғалысты денедегі сүйектер көмегімен іске асырады. Ересек адамда 206-ға жуық, кішкентай балада 300-дей сүйек болады. Сүйек сынғыштығы кальцийдің жетіспеушілігінен болса, кейде оқыс оқиғаларға ұрынып шығарып, сындырып алып жатамыз. Осындайда ғылыми медицина «травматология» мен атадан дарып келе жатқан ұлттық медицина «сынықшылық» көмекке келеді. Кейде дәрігерлер қауымы сынық салдыруға сын пікір білдіріп жатса да, сынықшыға барып сынығынан сызат та қалмай кеткендер аз емес. Бүгінгі біз қозғайтын тақырып қанмен келген қасиет иесі Тұрғанай Сәдуқызы жайлы болмақ.
Қарбалас тірлік арасында бір жылы әкемнің, бір жылы анамның аяғы сынып, жәрдеміне сан мәрте жүгінген Тұрғанай апа – Ы.Жақаев ауылының тумасы, өмірін білім беру ісіне арнаған ардагер ұстаз. Сынық салу қасиеті нағашы атасы Қозыбайдан дарыған.
– Мектеп кезден сынық салсам да, оған мән берген емеспін. Уақыт өте келе атамнан осы қасиеттің қонғанын ұқтым. Екінші қызымның сүйегі тез сынғыш болатын, қайта-қайта сынықшыға жүгіріп жүрген күндер еді. Енем – көрегенді кісі, үйге қонақ болып келген шешемнен бір күні «тұқымдарыңда сынықшылық жоқ па еді, кейінгі кездері үйдегі қыздың (немересі) сүйегінің шығуы, сынуы көбейіп кетті» деді. Шешем әкесі сынықшы болғанын айтқанда, «әкесінен қызына қасиеті келейін деп жүр екен, мойын бұрмай жүрген өзі екен ғой», – деді. Содан бір күні қызымның мойыны шығып кетіп, өзім салмаққа бекіндім. Әп сәтте қолым шыққан сүйектің өз орнын тауып сала қойды. Айтып отырсам мұндай оқиғалар жетерлік. Жұрттың алғысын алмасам, қарғысына қалған емеспін, шүкір, – деген Тұрғанай апа спорт мектебінің балалары тұрақты келіп тұратындығын да айтты. (күліп).
Аяғы ота алдында тұрған жігіттің жуан саннан сынған сүйегін салып, сынықтың дәл орныққандығы сонша ренгенге түсірген кезде сызат байқалмай, атадан дарыған ұлы қасиетпен талайдың таңдайын қақтырған. Алыс-жақын жерлерге жиі-жиі шақырту алып, жәрдемдесуде қашан да қолынан келер көмектен аянған емес. Жұртқа көмектессең, саған да көмектесер адам табылатындығын, өзін де ажалдан арашалап, аман алып қалған адамдардың өмірде кездескенін айтады. «Адам өмірі бұралаңдар мен сынақтардан тұрмай ма? Мұндай жағдайда жаратушы өмір беріп, үйлескен тіршілікте көрер жарығы барына қиналғандарға қол ұшын созып жүргендіктен деп білеміз, тәубемізді айтамыз», – дейді Құдай қосқан қосағы Серқұл көке. Тұрғанай апа сол уақыттағы білім беру түріне сәйкес педагогикалық оқу орнында 2 жыл медициналық білім алған, қазірге дейін дәрігерлердің кітаптарын оқуды ұмыт қалдырған емес. Омыртқа арасына сіңір қыстырылып қалатын жағдайларда не істеу керектігін сібірліктердің гимнастикаға қатысты кеңесінен оқыса, буын жүйесі туралы хирургтардың кітабын қарайтынын да жасырмады. Жасы 70-ке таяп қалған апа күніне бір рет гимнастика жасаумен айналысып, жүріп-тұруда қиналмайтынын жеткізді.
Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА.