Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі мереке

Берекелі мереке



Таң алагеуім атқаннан анам ақ жаулық тағынып ас үйге беттеді. Қолына кеше илеген қамырын алып, оттың айналасында зыр жүгіріп жүр. Жүзінен қуаныш пен мейірімнің табы байқалады. Көп ұзамай-ақ үйдің ішінен бауырсақ пен шелпектің иісі аңқыды. Сол сәтте мейрамның шынайы бейнесін сезіндік. Бүгінгі күн біз үшін ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әр мұсылман үшін ерекше екенін ойласақ қуанышымыз еселей түседі.
Мұсылманның екі мерекесі бар екенін айтар болсақ, соның бірі – ораза айт мерекесі. «Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «мерекелеу», «бір-бірін мерекемен құттықтау» деген мағынаны білдіреді. Демек, «айт» сөзін «шаттық, қуаныш» сөздерімен төркіндестірсек болады. Сол себепті айт күні әр адам ағайын-туыс, көрші-қолаңның үйіне барып, жылы шырай танытып, амандық-саулық сұрайды. Бұл күндері бір-бірімен ренжісіп, теріс айналған жұрт татуласып, жүректеріндегі өкпе-назды өшіріп, бауырмалдықтарын арттыра түседі. Әр шаңырақ арнайы дастархан әзірлеп, есігін кілттемей, басы артық жұмыстарды ысыра тұрып қонақ күтеді. Ерте заманда, дәлірек айтсақ 990-991 жыл­дары Бағдат қаласында айтулы мерекеге орай ұзындығы 150 метрлік дастархан жайылып, халыққа тәттілер таратылған. Ал, қазір мұсылманшылығы өркендеген Түркияда арнайы «шекер» дәмдісі көпшілікке ұсынылады. Сол себепті түрік ағайындар айт мерекесін «шекер байрам» деп айтуды әдетке айналдырған. Өзгеге қуаныш сыйлау үшін жасалатын амалдар біздің елімізде де кенде емес. Айт кезінде мешіт жамағатына ас беру және жетім-жесірге, қиындыққа тап болып, тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандарға сый-сияпат табыстау қазақ халқының қанға сіңген қасиеттері.
Байқап қарасаңыз ораза айтта әр жанның жүзінен мейірім, езуінен күлкі көрінеді. Тап бір сол күні көктен нұр жауып тұрғандай әсер қалдырады. Себебі, әр адам күлімсіреп, бойына мейрімділік дарыту арқылы Алланың сауабына кенелгісі келеді. Сауаптар еселеніп, жамандықтар жойылатын сәтте ешкім жақсылықтан құр қалғысы келмейді ғой. Ал, табалдырықты аттаған бойда, құшағын айқара ашып «Айт құтты болсын!» деген жанды көріп бір марқайып қалатынымыз өтірік емес. Бұл күні балалар да бақыттан бал-бұл жайнайды. Ал, ересектер кішкене бөбектерге мейрамды сезіндіру үшін балмұздақ пен әртүрлі тәттілер алып береді.
Қазақ халқы үшін қонақ күту абыроймен алып шығатын жұмыстардың бірі. Мұны «Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады», «Мейманды қарсы ал, Қыдырыңа жолығасың» деген дана сөздерден аңғара аламыз. Айттап келген кісі ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін дастархан жаюлы, үй жинаулы болғаны жөн. Ал, Шиелі ауданының қажылар қауымдастығының төрағасы, Ыбырай ата мешітінің имамы Оразбай Мысырханұлының айтуынша айт мерекесіне арнайы ғұсыл құйынып, таза яки жаңа киім киген дұрыс. Мешітке барар жолда тәкбір айтып, жамағатпен Жаратқанға жалбарыну парыз амалдардың бірі. Бұл амалдар айт мерекесінің маңызын арттырып, шырайын кіргізе түседі.
Қазақ халқында сүйінші, байғазы, көрімдік сияқты адамдарды бір-бірімен жақындастыратын амалдар жетерлік. Айттық сұрау осындай игі амалдардың қатарына жатады. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін қайтармай, қолда бар сыйлықпен қуантқан абзал. Сонымен қатар, айт мерекесінің лебін күллі адам сезіну үшін өзге ұлт өкілдерін де қонаққа шақырған айып емес. Керісінше, осы кезде бауырмалдық бекіп, сүйіспеншілік артады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
07 маусым 2019 ж. 875 0