Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Нұр Жан» журналы бәйге жариялайды

«Нұр Жан» журналы бәйге жариялайды



Республикалық ғылыми – көпшілік, рухани – танымдық «Нұр Жан» журналы аз уақыт ішінде Сыр елінің мәдени дамуына зор үлес қосуымен танылды. Әр басылымның өзіне тән ерекшелігі бар екенін ескерсек, аталмыш журналда ең бірінші көзге түсетіні – тақырып өзектілігі. Сонымен қатар, журналдың әр нөмірі көркем безендірілген, бояулары қанық, суреттері анық күйде оқырманға жол тартады. Ал, журнал бетінде жарық көрген мақала мен очерк, поэзия мен проза оқыған жанды ой түбіне жетелейді. «Нұр Жанда» тек бір тақырып төңірегінде қалам тербемейді. Әр бетін парақтасаңыз әдебиет, мәдениет, өнер, елдік, бірлік, ынтымақтастық туралы тың ақпаратқа қанық боласыз.
Мәдениет мінберінен ойып тұрып орын алатын басылымның басшысы журналистика саласында ғана емес, медицина маманы ретінде де жетістікке жеткен тұлға. Ал, қызметтен бөлек бойына жиған адамгершілік қасиеті мен иманы көпке үлгі. Ол – «Нұржан Ишан ата» атындағы қайырымдылық қорының» президенті, дәрігер-журна­лист, «Қазақстанның құрметті журналисі» Амангелді Суханберлиев. Журналдың алқа құрамына да елге белгілі ақын-журналистер, ғалымдар, ұстаздар, дәрігерлер, еңбек ардагерлері мен ел-елдегі құрметті азаматтар тартылған.
«Нұр Жан» журналы оқырмандары­мен тығыз байланыста болуды мақсат еткен. Сол себепті жыл сайын «Үздік ұжым», «Тұрақты оқырман», «Белсенді автор», «Ең жомарт демеуші», «Белсенді баспасөз жанашыры» номинацияларына бәйге ұйымдастырады. Биыл да бұл дәстүр өз жалғасын тауып отыр. Ұйымдастырушылар жыл аяғын­да байқау жеңімпаздарын мақтау қаға­зымен қоса сый-сияпаттармен марапаттайды.
Қоғамдық сананы жаңалап, жаңғыртып отыратын бұқаралық ақпарат құралдары екені бәрімізге аян. Олай болса, ұшқыр қалам, жалынды жігерімен жұмыс істеп келе жатқан «Нұр Жан» журналының игілікті ісіне үн қосып, ұйымдастырып отырған байқауына қатысып, неге бақ сынап көрмеске?

М.Болатқызы.
05 маусым 2019 ж. 1 391 0