Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ көгершін, көгершін

Ақ көгершін, көгершін


  Күнделікті өмірде үйді-үйлердің шатырына тас лақтырып, ысқырып, айқайға басып жүрген адамды сіз де көп көретін боларсыз. Кейіннен ол үйін тастап, «қыдырып» кеткен көгершіндерін өз тобына қоса алмай жүрген құсшы екенін білесіз. Бірақ күннің аптап ыстығы мен алқымнан алған аязға қарамастан, кептерін қайта оралту үшін бәрін істейтін асыраушының құмарлығын түсінбей, таң қалғаныңыз анық. Сондықтан бүгін біз көгершін асыраушы мен оның құсшылықтан алатын рақат сезімі туралы айтатын боламыз. 
  Ғалымдардың айтуынша, ең алғашқы кептер осыдан 10 000 жыл бұрын пайда болған. Алайда адамдар оны қолға үйрету үшін 4000 жыл күтуіне тура келіпті. Алғаш рет қазіргі Египет пен Ливия елдерінің аумағында тіршілік еткен құстардың бүгінгі таңда 800-ден астам түрі тіршілік етеді.
  Әйтеке би кенті, Мұхтар Әуезов көшесінің 35 жастағы тұрғыны Бақытбек Сайболсынов бұл кәсіппен бала кезден бастап айналысады. Құсқа деген қызығушылығы 6-7 жасында оянған. Көршілердің көк аспанды төске алып, қанатын қалтқысыз қаққан кептері көңіліне ерекше әсер еткен. Содан бала Бақытбек естияр жасқа келген ағасына қолқа салады. Ол үйдегі ата-ананың келісімін алып, тіпті таныстарынан бірнеше көгершін сұрап, әкеліп береді. Қазір құсшы ол кезді балалалықтың нағыз бақытты шағы ретінде еске алады.
  – Көгершіндердің санын жүзден асырған сәттерім де болды. Бірақ оларды асырау оңай шаруа емес. Сондықтан осы іске жан-тәнімен берілген адамдарға біразын сыйға тартып жібердім. Ара-тұра құскетекке ұрлық түсетіні тағы бар. Қазір олардың саны 60-тан асады. Күтімі жақсы болса екі аптада 5 рет, 2 жұмыртқадан жұмыртқалайды, – дейді ол.
  Көзге сұлу көгершіндердің бір жақсысы мезгіл таңдамай ұша береді. Бірақ алыстап кетпейтіні қызық. Әсіресе қыс мезгілінде құлашын жайып, ерекше ықыласпен самғайтын көрінеді. Алайда тез көбейетіндіктен кептерге қора-жай мәселесі қиындық тудырады. Соның өзінде Бақытбек үй ауласына 4 кетек тұрғызған. Әрқайсысына 20-30 құстан бөлінген. Бір қызығы өз үйшігіне орналасқаннан кейін кептер демалатын орынын таңдап алады. Сосын меншікті жеріне басқаларды жуытпайтынын қайтерсің?! Олардың алғыр, ақылдылығы жайында иесі: «Осы кезге дейін шамамен 40-50 құсымды ұрлап кетті. Бірақ санасы жетілгендері осында қайтып келді. Жыл сайын олар қора ішіндегі кепелеріне шөптен жайлық салады. Оны су жиектеріндегі ағаштар мен қамыстардан тасиды. Бұл кезде айлакер құстар үйшіктен шықпайды. Еңбектеніп шөп әкелген құстардан, олар келесі сапарға кеткенде ұрлап, астына жастап алады. Айта берсем, адамға ұқсас қасиеттері көп. Қызығушылығымның басты себебі де осы болар», – дейді.
  Үй ауласындағы төрт кетектің біреуі ақылы таяздау ақ көгершіндерге арналған екен. Олай деп айтуымыздың себебі де бар. Көркіне көз тоймайтын ақ мамық құстар көкте қалықтаған басқа топтарға қосылып кетуге бейім. Шығарған жұмыртқаларын да жөндеп баспайды. Бұны білетін Бақытбек олардың жұмыртқаларын түрлі-түсті «шиаяқ» кептердің бауырына басып береді.
  Кептерді кәсіпке айналдыруға болатынына қарамастан құсшы оларды сатқысы келмейтінін айтады. Көбіне той-томалақтарға сұрап келгендерге тегін беріп жібереді. Бірақ одан пайда тапқан кездері де болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласына жұмыс сапарымен барғанда «ұшқыш» достарын бірге ала кеткен. Ол жақта ақ көгершіннің сатылымдағы бағасы жүз мың теңгенің айналасында деседі. Бірде үйлену тойында ұшыру үшін отызға жуық кептерді сатып жіберіпті. Алып кеткендеріне бір сағат өткеннен кейін әлгі құстар мекенін тауып келген.
  Әңгіменің басы осыдан шығады, ертеректе кептер пошташы қызметін атқарғанын кино, кітаптардан білеміз. Бірақ кейіпкерлердің көгершін құлағына сыбырлап, тапсырма аманаттауы шындыққа жанаспайды. Себебі ол уақытта көрші елдер мен хандық құрамындағы алыс қалашықтардағы көгершіндерді орталыққа арнайы алдырған. Басқа аумақтың құсының аяғына хат-хабарлама байлап, босатып жібергенде ол туған жерін тауып барады. Біздің ертеректегі қандастарымыз кептер артықшылығын осылай ұтымды пайдалана білген. Таң қаларлығы, қазір де кептердің бойындағы өз үйіне оралғыш қасиеті жақсы сақталған.
  Қазір Бақытбек ақ көгершіндерге арнап бөлек баспана салған. Олардың санын көбейткісі келеді. Қазалылықтар бұның бір данасын 30 000 теңгеге бағалап жатқан көрінеді. Басқа қарапайым құстардың да бағасы 5 000 теңгенің жобасында. Олар өздерінің ойнақшып ұшуымен ерекшеленеді екен. Дегенмен құсшы кептер асыраудағы басты көздегені бұл емес екенін ұқтырды.
  – Жергілікті жерде фирма қызметкері болып жұмыс істеймін. Кешкілік шаршап, көңілім құлазып келгенде құстардың барлығын тысқа шығарып, бақылап отырамын. Бұл маған ерекше сергектік сыйлайды. Сырласамын десем болады. Адам жасайтын қылықтарды айнытпай салады. Арасында жалқауы, бір орында отыра алмайтын безілдегі, ұрлық жасайтыны да бар, – деп жымиды Бақытбек.
   Кептердің көптігі құсшы көңіліне жағатыны анық. Олардың азық-жемі қалтаға ауыр соғатыны болмаса... Басқа құс асырайтындар осынша  кептерге бір қап бидайды ай асырып береді екен. Ал біздің Бақытбек құс қарынынан аянып қалмаймын деп отыр. Оның үстіне шашылған жемге жабайы құстар да ортақтасатын көрінеді. Осылайша он күннің айналасында бір қап босап қалады. Жылы кетекке жайғастырып, азықты аямағаннан болар бұл үйдегі кептердің өмір сүру ұзақтығы жоғары. Ең үлкенінің жасы отыз бестің шамасында деседі.
  Бақытбек Сайболсынов бұған дейін үй ауласында бөдене, қаз, үйрек, түйетауыққа дейін асыраған. Олардың санын көбейтіп, сатып жіберіпті. Басқа құстар құсшыға біршама табыс әкелгенімен, бәрі бір ақ көгершіндеріне деген ықыласына жетпейтінін айтады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ


03 маусым 2019 ж. 1 874 0