Қазалыда ең қымбат кептер 180 мың теңгеге сатылды

ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі Қазалы ауданында республикалық көгершіндер жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға еліміздің әр түкпірінен - Алматы, Тараз, Түркістан, Ақтөбе, Шалқар қалалары мен көршілес Байқоңыр, Арал, Сексеуіл, Қармақшыдан келген жүздеген әуесқой құс өсірушілер өздерінің кептерлерін алып келді. «Көгершін - кептердің қолға үйретілген түрі, - деп бастады әңгімесін атын жасырып қалуды жөн санаған жәрмеңкеге қатысушы. - Оны әкем ерекше жақсы көретін. Менің бұл құстарға қызығушылығыма сол себепші болған секілді. Көгершін - өте сезімтал, еске сақтау қабілеті жоғары құс. Бұлар басқа құстардан тұмсығының көлемімен, кекілінің ауқымдылығымен және табанының қауырсындалғандығымен ерекшеленеді. Жылтырбасты, мұрнында кекілі бар, тұлымды және қос кекілді, ұзын, орташа және қысқа тұмсықты деген түрлері кездеседі. Қауырсындарының түсі де әртүрлі болып келеді. Әрбіреуіне еркелете баламалы атау қойғанмын», - деп әрбір құсын таныстырған ол. Кептер асыраушылардың айтуынша, мұндай шаралар негізінен халық тығыз орналасқан үлкен қалаларда ұйымдастырылады екен.
