Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті Рамазан: Ораза тұтушылар үшін пайдалы кеңестер

Қасиетті Рамазан: Ораза тұтушылар үшін пайдалы кеңестер

Шарапаты мен сауабы мол айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан - иісі мұсылманның асыға күтетін кезеңі. Ораза тұтудың жан тазалығы мен тән денсаулығы үшін пайдасы мол екені баршаға мәлім.
Реклама 08Рассказать ВконтактеАл бұл мақаламызды біз бес парыздың бірін өтеуге бел буған жандар үшін «жадынама болсын» деп жариялап отырмыз. Біз сұхбаттасқан адамдар ораза айы кезінде тұрмыс-тіршіліктің қалай өзгеретінін, ауызашарға қандай дастархан жайып, қай тамақтарға басымдық беру керек екені жайлы кеңестерімен бөліседі.
Сексеннің сеңгірінде жүрген Райхан Әбдірахманова он екі жыл қатарынан ауыз бекітіп келеді. Шаңырақтың шамшырағына айналған ақ жаулықты ана бұл жаста ораза ұстаудың қыр-сырымен бөлісті.
- Райхан әжей, жас қосылған сайын ауыз бекіту қиынға соғатын шығар? Өзіңізден әлсіздік байқамайсыз ба?
- Оразаны қартайған шағымда ұстай бастадым. Алғашқы жылдары қандай да бір қиындық болмады. Өсіп-өнген, ұрпағым өрбіген бір әулеттің анасы болғандықтан, осы күніме ризашылығымды білдіру үшін ауыз бекітіп жүрмін. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдім. Содан болар, ораза мен үшін бір ауыр кезең емес. Дегенмен, жас қосылған сайын денсаулық та сыр бере бастайды. Әсіресе биыл ораза тұту ауырлау боп тұр. Өйткені дәрі ішуге мәжбүрмін. Бірақ мұсылмандық парызымды орындаудан бас тартпадым.
- Сіздің отбасыңызда ауызашарға дастарханды кім әзірлейді және қандай тағамдарға басымдық бересіздер?
- Дастарханды қызым, келіндеріммен бірге дайындаймыз. Қазақ болған соң, әрине, ет асамыз, бауырсақ, шелпек пісіреміз, салаттар да дайындаймыз. Жеңіл әрі пайдалы жеміс-көкөністі молынан қоямыз.
- Сіздің қатарластарыңыз, ағайын-туыстарыңыз арасында ауыз бекіткендер көп пе?
- Қазір менің құрдастарым арасында ораза ұстайтындар денсаулығына байланысты сиреп барады. Ал алдыңғы жылдары көбірек болған еді. Туыстардың ішінде ауыз бекіткендер бар. Рамазан кезінде олармен жүздесіп, бірге ауыз ашып, бір марқайып қаламыз. Өйткені қаладағы күйбең тіршіліктен жиі кездесіп тұруға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан қасиетті ай кезінде бір дастарханда отырғанның өзі – біз үшін ерекше мейрам.
Ал Гүлдана Нұрмаханованың ораза ұстап жүргеніне биыл жетінші жыл. Іс басында да, ошақ қасында да өз міндетін тиянақты атқаруға тырысады.
- Гүлдана Қонысқызы, ораза ұстау туралы шешімді қалай қабылдадыңыз? Не себеп болды?
- Менен екі-үш жыл бұрын жолдасым ораза ұстай бастады. Оның таң сәріден кеш батқанша ішіп-жеуден бас тартып, жанын да, тәнін де тазартуға бет бұрғанына қарап, мен де ойға қалдым. Сөйтіп, жолдасыммен бірге ауыз бекітуді жөн көрдім.
- Қызмет пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүрген әйел үшін ауыз бекіту қаншалықты қиын? Тамақ әзірлеу оңай емес шығар? Күні бойы нәр татпай, одан соң ауызашарға қалай дайындаласыз?
- Ораза кезінде астан бас тартқаныңмен, мол рухани азық алатының жанға да, тәнге де дауа беретін сияқты. Осыны сезінген соң, жылда ұстаймын. Ауыз бекіткен адамның ішкі дүниесі жұмсарып, мерейі үстем болады, өзін жеңіл сезінеді. Ал тамақ пісірген кезде дәмін көріп, жұтпастан ауызды шайып тастауға болады. Сондықтан ас дайындау мен үшін аса бір қиындық туғызбайды. Тамақ иісіне де көңіл бөлмейді екенмін.
- Ал ауызашар кезіндегі дастархан мен басқа күндердегі дастарханның ерекшелігі бар ма?
- Әрине, ерекшеленеді. Ораза өзгеше бір мерекелік әсер береді. Сондықтан ауызашарға астың ең дәмдісін дайындауға тырысамын. Дастарханды мол, пайдалы азыққа толы қылып жаямын.
Өркен Кенжебек біз сұхбаттасқан кейіпкерлердің ішіндегі «ең тәжірибелісі» десек болады. Әлеуметтік желілерде де, өмірде де белсенді журналист жиі саяхаттайды. Оның осындай өмір салты мен мұсылмандық шарттарын қатар алып жүруінің өзіндік сыры бар.
- Өркен, сіз қанша жылдан бері ораза ұстап келесіз және алғашқы ой қалай туындады?
- Үзбей ораза ұстап жүргеніме жиырма жыл болып қалыпты. Алғаш рет жетінші сыныпта оқып жүргенімде ауыз бекіттім. Әжем, ағаммен бірге ұстайтынбыз. Енді ол кезде баламын, оразаны таңсық көргенім бар. Әрі тәттіге деген құмарлық жетелеген шығар. Күнде әжеммен бірге оянып, қуыс-қуысқа тығылған кәмпиттерді тауып алғаныма мәз болатынмын. Ал жас қосылған сайын ағзаң үйреніп кетеді екен. Қазір мен үшін ораза оңай құлшылыққа айналып отыр.
- Сіз көп саяхаттап, жиі жолда жүресіз. Ораза айында сапар шығып қалса, не істейміз? Жол үстінде ауыз бекіту қиын емес пе?
- Ислам бойынша жолға шыққан адамдарға жеңілдіктер қарастырылған. Ауыз бекітуді доғара тұрып, қарыз күндерді кейін өтеуге болады. Рамазан кезінде сапарға шығып қалсам, осындай қадамдарға баруға тура келеді. Мысалы, 2012 жылы Еуропа бойынша саяхат жасаған кезде сегіз елді араладық. Дәл ораза айы кезінде біз «Еуропадағы Ислам» деректі фильмін түсірген едік. Сонда отыз күннің он сегізі жолға түсіп қалды. Сол қарыз күндерімді оразадан соң өтедім.
- Ал ораза кезінде қандай тамақтарға басымдық бересіз және сіздің өмір салтыңыз бұл айда қалай өзгереді?
- Майлы, тым ащы тамаққа қарсымын. Лимон қосылған су көбірек ішуге тырысамын. Жеңіл, сұйық тағамдарды жақсы көремін. Ораза кезіндегі де, күнделікті өмірдегі де талғамым өзгермейді. Тауық, не қой етінен пісірілген сорпаға басымдық беріп, наны мен дәмдеуіші көп манты, лағман сияқты ауыр тамақты ораза кезінде жемеуге кеңес беремін.
Жемісті, оның ішінде құрманы көбірек жеу керек. Ал өмір салтым Рамазан айында сәл өзгереді. Қазіргі өмір көп қозғалысты қажет етеді. Үлкен қалалардағы тірлік жұмыс, түрлі кездесулер, қарбаласпен өтіп жатады. Кей кездері мұсылмандық парыздырамды толығымен тиянақты орындауға мүмкіндік болмай қалады.
Ал Рахым жауған Рамазан айында Құран Кәрімді қолыңа жиірек алып, көбірек намаз оқу керек. Қосымша оқылатын намаздар да бар. Сондықтан бұл күнге дейін біліп-білмей жіберген қатең, өтелмеген парызың болса, ораза кезінде солардың орнын толтырып, көбірек құлшылық етуге тырысасың.
Бірақ менің өмірім «оразаға дейін» және «оразадан кейін» деп бөлінбейді. Өйткені мен мұсылмандық парыздарды орындап, құлшылық етіп жүрген адаммын. Өзімді тек бір ай ораза ұстап, қалған күндері басқаша өмір салтын ұстанатын «Рамазанбектердің» бірімін деп есептемеймін.
Сайора Қарабекова - тамақты алдын-ала дайындап қоюдың шебері. Блогер инстаграмдағы парақшасында ақшаны да, уақытты да үнемдеп, дәмді әрі тез ас әзірлеудің тәсілдерін жариялап отырады. Оның ораза тұтқандарға, әсіресе, ауызашарға ерекше тамақ пісіргісі келетін қыз-келіншектерге пайдасы тиер кеңестері бар.
- Сайора, тамақты алдын-ала әзірлеу бойынша сырыңызбен бөлісіңізші және ауызашарға қандай тамақ пісіруге кеңес берер едіңіз?
- Мен тамақты алдын ала дайындап қоюдың «жанкүйерімін». Жұмыстан кеш босап жатсам, қосымша бір шаруалар шығып қалса, «тамақты тоңазытқышта қатырып қою» әдетім мені үнемі құтқарады. Үйге келе сала «не пісірсем екен» деп басым ауырмайды. Ал ораза ұстағандар үшін тауық етінен тамақ әзірлеу дұрыс деп ойлаймын. Өйткені тауық тез піседі, жеңіл қорытылады. Соңғы кездері менің ең сүйікті асым – «Хумус қосылған тауық». Тауық қанаттары мен сандарын түрлі дәмдеуіштер қосып, қуыруға, не тұмшапеште әзірлеуге болады. Көбіне-көп мен ас мәзірін «Курочка Ряба» брендінің парақшасынан аламын.
- Рахмет. Басымдықты тауық етіне беретініңіз түсінікті. Ал оны қалай таңдайсыз? Қандай да бір сырыңыз бар ма? Өйткені жас құс етінен тамақ дәмдірек болатыны айтпаса да түсінікті ғой.
- Әрине. Сондықтан мен үнемі отандық салқындатылған тауық етін аламын. Тағы бір ескеретін жәйт: құс фабрикасы қалаға неғұрлым жақын, соғұрлым өнім де балғын болады. Өйткені алыстан әкелінген еттің бұзылу қаупі жоғары. Салқындатылған тауықты тек бес күн сақтауға болады. Одан бөлек, мен тауықтың түсіне мән беремін. Құс сұр түсті емес, сәл сарғылт болғаны дұрыс. Өңіріңіздегі құс фабрикаларын зерттеп алсаңыз да болады. Құсқа қандай жем беріледі, ферманың тазалағы сияқты ақпараттың бәрін қазір ғаламтордан біліп алуға болады.
Сайораның кеңесіне құлақ асып, елорданың құс фабрикасына бардық. Бізге «Курочка Ряба» ЖШС жұмыс істейтін Әсет Шапауов сұхбат берді.
- Әсет, құс фабрикасының қызметкері емес, қарапайым тұрғын ретінде осы өнімге қандай баға берер едіңіз? Жалпы, тауық етін қаншалықты жиі тұтынасыз?
- Өте жиі. Өйткені бұл тауықтың шынымен табиғи жолмен өсірілетінін өз көзіммен көріп жүрмін. Осында жұмыс істегенімнің ең жақсы тұсы осы деп ойлаймын. Сондықтан жақын-таныстарыма да біздің өнімді алуға кеңес беремін.
- Сіз ауыз бекіттіңіз бе? Бекітсеңіз, ораза кезінде қандай тамаққа басымдық бересіз?
- Иә, аузым берік. Сәресі кезінде көбінесе тауықтан жасалған жеңіл тамақ жегенді ұнатамын. «Неге?» дейсіз ғой? Өйткені басқа еттен әзірленген тамақ ұйқыға жатқан соң қорытылмай, асқазанға ауыр тиеді. Ал тауық жеп алсам, өзімді жеңіл сезінемін. Сондай-ақ мен пісірілген етке басымдық беремін. Әсіресе ораза кезінде қуырылған, қақталған ет жемеймін.
Біз сұхбаттасқан адамдардың жас ерекшеліктері, өмір сүру салттары әртүрлі. Әрқайсысының өзіндік көзқарасы, тәжірибесі мен пайымы бар. Олардың ауыз бекіткен кезде ұстанатын қағидалары мен кеңестері сіздер үшін де пайдалы болды деп ойлаймыз. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

kaz.nur.kz
30 мамыр 2019 ж. 573 0