Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Композиттік қызмет», «биометрияны» кеңінен пайдаланатын күн жақын

«Композиттік қызмет», «биометрияны» кеңінен пайдаланатын күн жақын


Тараз, BAQ.KZ тілшісі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев қойған сауалымызға жауабын осы сөздермен бастады. Оның жөні де бар. Өйткені, бүгінде өңіріміздегі мемлекеттік қызмет көрсету ауқымы бұрынғыдан да артып отыр.

– Қыстаубай Әбдірұлы, сіз басқарып отырған мекеме адамдардың әртүрлі аса қажет қызметті пайдалануын оңайлатып отырғаны мәлім. Осы туралы тарата айтып берсеңіз.
– Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік корпорация құрылып, оның құрамына «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» мекемелері кірген. Сондай-ақ, былтыр корпорацияға әділет органдарынан жылжымайтын мүлікті тіркеу құқығы да берілді. Сонымен, бүгінде мемлекеттік корпорация еліміз бойынша тізімдегі 752 мемлекеттік қызметтің 621-ін көрсетіп отыр. Бұл 83% шамасында.
Әрине, үш жылдық қызметтің қорытынды нәтижесі туралы айтқанда, цифрларға тоқталатынымыз сөзсіз. Осы уақыт ішінде корпорация 95,5 млн мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Оның ішінде фронт кеңселері арнаулы, көші-қон және мобильді қызмет көрсетулері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетудің қолжетімдігін қамтамасыз ету әрқашан басты назарда. Мысалы, 2018 жылы республика бойынша азаматтардың осы мәселе бойынша 29 335 рет үйлеріне барып, 37 397 қызмет көрсетілген. Корпорацияның өзінде мүмкіндігі шектеулі 602 адам жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан бойынша үш жыл ішінде берілген электрондық цифрлық қолтаңба туралы бөлек айтуға тұратындай. 13 млн данадан астам. Жамбыл облысы жағдайына келер болсақ, біздің филиал осы үш жылда 6 244 085 қызмет көрсетіп, 853 289 ЭЦҚ берген.
– Жалпы электрондық қызмет көрсету ісіне көптеген өзгерістер енгізіліп жатқан шығар? Оған қарапайым халықтың сауаттылығы сай келе бере ме? Бұл жөніндегі жұмыстардың жайы қалай?
– Бүгінгі таңда біздің филиалда тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруда аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, электрондық үкімет порталы арқылы. Бұл жағдайда электрондық үкіметке қызмет саны жыл сайын өсе түсуде. Оған мысал, 2018 жылы электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстыру немесе көлікті тіркеу мүмкіндігі туған. Порталда әрекет етудің шарттары көрсетілген, фото мен қол көшірмелеріне талаптар ережелері жазылған. Бір жағынан нақты уақыт үнемдеу, стандарт бойынша жүргізуші куәлігін рәсімдеуге кемінде екі сағат уақыт керек болса, портал арқылы әрі кетсе керегі – 40 минут.
Бізде көпшілік мемлекеттік қызмет пайдаланудың оңайлығын жеткізу, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың мақсаты мен пайдасын түсіндіру жөнінде әртүрлі іс-шара өткізіліп тұрады. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін адамдар көп жиналған орталықтарда, оқу орындарында, автосалондар мен автобазарларда жиі боламыз. Акция өткізілген жерлерде қызметтерді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп қана қойылмай, смартфон мен планшеттің көмегімен нақты жұмыстар көрсетіледі.
– Цифрлық қызметтің тиімділігі жоғары шығар?
– Әрине, былтырғы желтоқсанда Тараз қаласында Цифрлық қызмет алу орталығы ашылған. Мемлекеттік қызмет ұсынудың бұл жаңа үлгісі арқылы тұрғындар өз бетінше, операторлардың қатысуынсыз электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады. Орталықта, сондай-ақ, цифрлық сауатты арттыру оқу сыныптары бар. Ол жақта біз egov.kz порталының барлық мүмкіндіктері, Mgov қосымшасы және телеграмм-бот арқылы қызмет пайдалану туралы әнгімелеп береміз.
Оларды пайдалануды үйренуге көмектесеміз. Оқуды бітіргеннен кейін анықтама алушылар порталда өздігінен жұмыс істеуге дайын екендігі жөнінде сертификаттар алады. Оған қоса, біз оқу орындары мен еңбек ұжымдарына шығып, осындай сабақтар өткізіп тұрамыз.
– Қызмет пайдаланудан алыс елді мекендер тұрғындары шеттеп қалып жатқан жоқ па? Оларды қамту жайы қалай?
– Ол мәселе де біздің назарымызда. Жыл бойы мемлекеттік қызметтер көрсету ауылдар мен алыс елді мекендер тұрғындары үшін мобильді қызмет көрсету орталықтары байланысқа шығып тұрады. Мамандар ауылдықтарға қажетті мәліметтер алуға көмектесіп қана қоймай, электрондық цифрлық қолтаңба, порталды қалай пайдалану туралы әңгімелесулер өткізеді.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде округтік базада кездесулер ұйымдастыру қалыпты жағдайға айналған. Онда мамандар тарапынан ауылдықтарға портал пайдалануды үйрену, электрондық цифрлық қызмет қаншалықты пайдалы әрі тиімді екендігі жөнінде терең түсінік беріледі. Біз қазір «халыққа қызмет көрсету орталығы қалтада» ұстанымымен әрекет етудеміз. Яғни, тұрғындарды «цифрландыру», олардың жылдам, бастысы шұғыл әрі нақты мемлекеттік қызмет пайдалануларына көмектесеміз.
– Жақында көші-қон орталығы ашылғанынан хабардармыз. Оның тиімділігі қандай болмақ?
– Бұл орталық шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына арналған. Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Тулебаев қатысты. Орталық қызметі маңызды екенін осыдан-ақ біле беріңіз.
– Композиттік қызмет дегенді түсінбей жатқандар бар. Бұл өзі адамдардың әлеуметтік мекемелеріне қатысы бар сияқты. Осы жөнінде жіктеп айтып берсеңіз?
– Композиттік қызмет – бір өтініш бойынша бірнеше қызметті көрсету. Корпорацияда 55 мемлекеттік қызмет 21-ге оңтайландырылып отыр. Мысалы, жасына қарай зейнетақы тағайындау, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және бірыңғай жинақталған зйнетақы қорынан зейнетақы төлемі мәселелерін бір-ақ өтініш бойынша шешуге болады. Бұрынғыдай қайта-қайта ХҚКО-ға құжат өткізіп, өтініш жазып жүрмейсіз. Бұл жасы ұлғайған адамдарға өте қолайлы.
Сол сияқты, жас ата-аналарға сәби дүниеге келісімен мобильді телефон арқылы құттықтау жіберіп, бірден үш қызмет ұсынылады. Әйелдер, үйден шықпай-ақ, баланың туу туралы куәлігін алуға өтініш, әлеуметтік жәрдемақы алуға тапсырыс, балабақша кезегіне тұруға арыз бере алады. Тиімді ме? Тиімді, әрине.
– Өткен жылдың аяғына қарай Қазақстанда «биометрия» жобасының қанат қаққаны жөнінде айтылған еді. Мұның алдын-ала нәтижелері бар ма? Таяу уақыттарда жеке куәлік бойынша мемлекеттік қызмет пайдалану келмеске кететіні туралы айта аламыз ба?
– Біздің басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, биометрия жобасының негізгі мақсаты – дәстүрлі мемлекеттік қызмет пайдалануды ығыстыру емес, тек осы үдерісті жеңілдету. Онда адамдар жеке куәлігін немесе электрондық цифрлық қолтаңбасын қалтасына салып жүрмей-ақ, қызметтерді саусақ таңбасымен пайдалана алады. Бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де шешілген. Сіз үшін ешқандай бөгде адам қызмет алуға сіздің құжаттарыңызды пайдалана алмайды. Қазірдің өзінде-ақ Қазақстанның қаржы секторы қызмет көрсетуде биометриалық тәсілін табысты пайдалануда. Кейбір мобильдік банктік қосымшаларға саусақ таңбасымен кіруге болады. Әрине, біз үшін бұл қызмет көрсету деңгейіндегі жаңа баспалдақ екені түсінікті.
Қазір бұл жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларында жұмыс істеп жатыр. Биометриялық базада алты мыңнан астам адам тіркелген. Бұл жоба қоғамда үлкен қолдау табады және қызмет көрсетуді қарапайым әрі қауіпсіз етеді деген үміт бар.
27 мамыр 2019 ж. 506 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930