Тәрбиешілер талаптарын байқады
«Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді дана халық. Иә, балаға кішкентайынан берген тәрбиең ертеңінің жемісі. Бүгінгі таңда бүлдіршінің жасқа толса балабақшаға жібересің. Олар үшін бұл алғашқы мектеп. Ал, ондағы тәлім-тәрбие тәрбиешінің білім-білігіне байланысты. Сондықтан да, жас тәрбиешілерді сыннан өткізіп, байқау ұйымдастыру құптарлық дүние. Өткен аптаның жұмасында «Думан» балабақшасының ұйымдастыруымен аудандық Арман мәдениет үйінде «Үздік жас маман-2019» тәрбиешілер сайысы өтті.
Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны баршамызға мәлім. Яғни, жастарға қолдау көрсетіп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Осы бастама аясында І-әдістемелік аймақтық балабақшалар арасында байқау өтіп оған жас тәрбиешілер қатысты. «Менің педогогикалық қызметім», «Білікті маман ел тірегі», «Мектеп жасына дейінгі балалардың белсенділігін дамыту тәсілдері», «Өнер» сынды айналымдарда бақ сынаған жас мамандар өз ісінің салмағын сезінді. Жүзден жүйрік шыққан «Аймира» балабақшасының тәрбиешісі Ш.Фарзудинова бас жүлдені иемденсе, І орын «Думан» балабақшасынан Ұ.Қырғызбекова мен «Жауқазын» балабақшасынан О.Тұрабаеваға бұйырды. Ал, ІІ орынға «Нұртілек», «Бегайна», «Балапан» балабақшаларының тәрбиешілері Ж.Шөменова, Л.Құрақбаева, Ф.Жұман жайғасты. Ал, ІІІ орынды «Балжан-Ай», «Ай-Ару» балабақшасынан О.Қабылова мен Т.Қожақметова бөлісіп алды. Ал, қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.