Көкпар мен көкбөрүнің тартысы. Қырғыз профессордың пікірі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Алматыда Бүкіләлемдік этноспорт форумы өткен болатын. Осы жиынға Қырғызстан тарапынан арнайы келген Қырғыз-Түрік халықаралық Манас университеті Денетәрбие және спорт жоғарғы мектебінің директоры, педогогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Жанұзақовтан қазіргі көкпар мен көкбөрү арасындағы тартыс туралы сұраудың сәті түскен болатын.
- Қанат Шыныбайұлы, Қазақстанға қош келіпсіз! Әңгімені тікесінен бастайықшы. Қазақ пен қырғыз бір туған дейміз де, көкпар ойынына келгенде ымыраға келе алмай жүрміз. Қалай ойлайсыз, қазандыққа ойнаған дұрыс па, шеңберге ойнаған дұрыс па?
- Рахмет! Бұл сұраққа мен тіке жауап бере алмаймын. Себебі көкбөрүші емеспін. Өзім көкбөрү ойнамай тұрып қазандыққа ойнаған дұрыс немесе шеңберге ойнаған дұрыс деп бітім айтар болсам, ол дұрыс болмайды.- Жақсы. Ендеше тура осы мәселеге азаматтық көзқарасыңыз қандай?
- Негізі көкбөрү ойыны мыңдаған жалдардан бері келе жатқан көшпенділер мәдениетінің бір бөлігі. Сондықтан да бұл ойынның мыңдаған жылдан бері жалғасып келе жатқан өз ережесі бар. Дегенмен, біріншіден, бұл ережеге қараудың керегі жоқ. Екіншіден, заман өзгерісіне қарай және қазіргі спорттық талаптарды ескере отырып, ортақ қорытындыға келіп, қазіргі заманға сай ереже жасау керек. Үшіншіден, бұл ереже деген, бір сөзбен айтқанда, икемді, көпшіліктің мүддесі үшін жұмыс істейтіндей болуы керек. Төртіншіден, бұл жерде көтеріліп отырған мәселе; «бұл ойын адам мен аттың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына қауіп тудырады» деген мәселе. Дұрыс. Мұны сөзсіз естен шығармаған абзал. Егер спорттың адамдар арасында спорттық қызығынан, қорқынышы басым болса, онда ол спорт өзінің спорттық дамуын жоғалтады. Сондықтан көкбөрүге ойнаушының бойында «атым мерт болады-ау, өзім майып болам-ау» деген қорқыныш болмауы керек.Сонымен қатар, осы талаптарға сай ереже бізге ғана тән деп қатып қалуға да болмайды. Жан-жақты қарап, ғылыми тұрғыда, рухани тұрғыда саралап, сосын ортақ көзқарасқа, ортақ ұстанымға келу керек. Осы орайда, менің ойымша, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы мәселені өз қолына алып, тараптардың ұсынысын тыңдай отырып, талқылап, жақын арада барлық пікірді, ойды ескерген, ортақ ереже жасауы ләзім. Сол ортақ ережемен 2020 жылы Түркияда өтетін IY Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу керек.
Сонан кейін, ойын аяқталған соң, «Қандай болды? Несі жақсы болды, несі жаман болды? Қандай кемшіліктер болды, қандай артықшылықтар болды?» дегенді ескеріп, кейінгі ойындарда ескеру керек.
- Жаңа өзіңіз айтып отырсыз, көкпар тартатындардың барлығы осы мәселені бірлесе отырып талқылау керек деп. Бірақ осындай жиындарда бір емес, бірнеше рет Қырғызстан тарапы келмей қалды. Әсіресе нақты көкпарға жауапты адамдары келмей қалады. Бұған не айтасыз?
- Өз басым, қырғызстандық көкбөрүге жауапты тұлғалар мұндай жиындарға келмейді деген біржақты пікірге қосыла алмаймын. Ұйымдастыру кезінде кемшіліктер кетті деп ойлаймын. Егер шынымен Қырғыз көкбөрі федерациясына жиынға қатысуға шақыру жіберсе, олар келіп қатысады. Өз ойларын ортаға салады деп сенемін.- Өзіңіз білесіз, көкпардың Халықаралық ережесі бекітілді. Ол ереже бойынша халықаралық ойындар сол ереже бойынша ойнасын, ал әр ел өз алаңында ойнаған кезде өзінің ішкі ережесмен ойнай берсін делінген. Бұл орынды ұсыныс қой?
- Халықаралық көкбөрү федерациясы өзінің ресми шешімінде бұл ережені бекітсе, онда сол ережені қабылдаған елдер сол ережемен ойнауы керек. Егер ол ережені қабылдамаса оны ешкім мәжбүрлемейді. Ал ережені қабыл алмаған ел ойынға қатыса алмайды. Бұл Әлемдік тәжірибеде бар.- Сіз түсінбей қалған секілдісіз. Мысалы, 2019 жылы Ташкентте өтетін ІІ Әлем чемпионаты халықаралық ережемен өтсін, ал Өзбекстанның ішкі ойындары өзінің елішілік ережелерімен ойнала берсін дейді аталған халықаралық ережеде.
- Жалпы ереженің не айтқысы келгенін түсініп тұрмын. Бірақ бұл да дұрыс емес. Мысалы, Республикалық федерация бар. Республикалық федерация Халықаралық федерацияға мүше болса, онда сол Халықаралық федерацияның ережесін қабылдауы керек. Егер қабалдамаса, Халықаралық федерация ол елді «Өз ережеңмен-ақ ойнай бер» деп құрамынан шығарып тастауға құқылы. Бұл – бір. Екінші, «қаласаң өз ережеңмен ойна, қаласаң біздің ережемен ойна» деп солқылдақтық жасауға болмайды. Ереже барлық жерде бірдей болуы керек.Мысалы, өзің ойланып көрші, футболдың Халықаралық федерациясы өзінің ережесімен ойнайды, ал жеке мемлекеттер өз ережесімен футбол ойнасын деген жоқ қой еш жерде.
- Өзіңіз білесіз, жалпы ұлттық ойындар көшпенділерге ортақ деген ұстаным бар. Қалай ойлайсыз, шынымен барлығымызға ортақ па?
- Иә, ортақ. Мысалы көкбөрі Қырғыз елінің мыңдаған жылдан бері келе жатқан ойыны. Қазақ елінде де бұл ойын сан ғасырдан бері көкпар ойнап келеді. Сонымен қатар, көкбөрүге ұқсас ойындарды басқа елдер де, өзбектер, тәжіктер, ауғандар, т.б. ойнап келеді. Бар болғаны олардың атауы басқа. «Қырғыз-қазақ бір туған» дегенді жиі айтамыз. Екі ел бір биенің екі емшегін телі емген. Біз – қырғыздар «көкбөрү» дейміз, қазақтар – сендер «көкпар» дейсіңдер. Айырмашылық осы ғана. Ал енді осы мен көкбөрү деймін, сен көкпар дейсің деп ызыңдай берудің де керегі жоқ. Екеуі – бір ойын. Сондықтан Халықаралық федерация бұл ойынның әлемдік атауын тұрақтандыру керек. Ол – көкбөрү бола ма, ол – көкпар бола ма, ақылдасып отырып шешу керек. Егер атауы біреу болса, сол кезде ережесі де тұрақтанады деп ойлаймын.Мысалы 1863 жылы футбол дүниеге келді. Одан бұрын қытайлар өз атауымен, италяндықтар өз атауымен, грузидер өз атымен ойнап келді. Түріктер бұны «тепук» деп атады. Ал «футбол» деп халықаралық атауы бекітілген күннен бастап, бұл ойынның халықаралық ережесі де бекітілді. Сондықтан, менің ойымша, бұл көкбөрі мен көкпар арасындағы таластан шындық туады. Біз бұған келе жатырмыз, бұл – диалектикалық мәселе. Біраз уақыттан кейін бұл атаудың да нүктесі қойылатын болады. Ол күн де алыс емес деп ойлаймын.