Ресейде де оқып жүр, талай Сырдың баласы
Жерлесіміз Сұлтанмұрат Бауыржан облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен Ресей Үкіметінің білім гранттары бойынша оқып жатқан 452 студенттің бірі. Ғылым-білімге деген ерекше ықыласы елден асып, Мәскеуде білім алуға жол ашты. Қазір Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде өндірістегі технологиялық процесстерді автоматтандыру мамандығы бойынша 4 курста оқып жатыр. Сұлтанмұрат жуырда өткен Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлының халыққа есеп беру кездесуіне қатысып, Ресейде оқып жүрген сырбойылық жастардың атынан аймақ басшысына алғысын жеткізген болатын.
"Мәскеуде білім алуға мүмкіндік жасағаныңыз үшін мың алғыс. Біз міндетті түрде елге келіп, туған жердің өсіп-өркендеуі үшін еңбек ететін боламыз. Менімен бірге оқып жатқан достарымның да ойлағаны осы. Біз үшін осындай жағдай жасалып отырғанда, қалай да сенімдеріңізді ақтағымыз келеді. Сол жерде алған біліміміз Сыр бойын одан әрі дамытуға жұмсалатын болады деп сендіргім келеді. Сізбен Мәскеуде де кездесіп жүрміз. Бірақ туған жерде жүздесіп, алғысымды айтып тұрғаныма өте қуаныштымын", - деді ол.
Түйін. Болар баланың бетін қақпай, белін буған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының осы бір бастамасы еліне жасаған еселі еңбегінің көрінісі. Өйткені 500-ге жуық қарапайым қазақ балаларын Ресей Үкіметінің гранттары есебінен оқыту ешбір аймақта болған жоқ және бұл нағыз болашаққа жасалған инвестиция. Сондай-ақ, бұл жасалған мүмкіндіктер мен қаржының қайтарымы болатынын жеткізген шиелілік Сұлтанмұраттың үлкен жауапкершілікті сезініп тұрғаны көпті қуантты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.