Тәттіге қалай «Жоқ!» дейміз ?
Арықтауды армандап жүрген жандар үшін «Ұн тағамдары мен тәттіге қалай «Жоқ!» деуге болады?» деген сұрақтың маңызы мол. Өйткені, дәл осы тағамдар артық салмақ қосуға себепші ғой. Ешқандай диетасыз да, тек тәтті тоқаштар, кәмпит-шоколад пен печенье, торттан бас тарта отырып, артық сантиметрлерді азайтуға болады. Кейбір жан үшін тәттіден бас тарту көтеріңкі көңіл- күй, қуанышқа «Жоқ» дегенмен бірдей. Ал ғалымдардың ағзаға тәтті түскенде қуаныш гормоны – эндорфиннің бөлінуі артатынын дәлелдегенін ескерсек, ол жандарды түсінуге болады. Өйткені, тәтті тоқаш жегеннен кейін қай-қайсымыз да қуаныш сезіміне бөленеміз. Бұл «қуаныш» тағы бір тәттіні ауызға салуға «итермелеп», өкінішке қарай, қалай тәттіқұмар болып шыға келгенімізді, бастысы, қалай артық салмақ қосып алғанымызды да аңғармай қаламыз. Бір сәттік қуаныш сыйлайтын тәттілердің сізге де, ағзаңызға да еш пайдасы жоқ. Сондықтан, тәтті мен ұн тағамдарына, яғни нан өнімдеріне «Жоқ» деңіз. Ал тәттіден бас тартып, күйзеліске түспеу үшін көңіл көтерудің басқа және пайдалы жолдарын қарастырып көріңіз.
Физикалық жаттығулар
Денеге аса салмақ түсірмейтін қарапайым жаттығулар, таңғы жүгіру, бимен айналысу да көңіл күйді көтереді. Сондай-ақ қандағы эндорфиннің деңгейін арттырады.
Өнер
Қызықты кино қарау, әсерлі драма, әдемі сурет көрмесі мен концертке бару, сонымен қатар кітап оқу және айтары бар жақсы адаммен әңгімелесу де көңілді көтереді.
Махаббат
Жарыңызға, балаңызға, ата-анаға, туысқа, досқа деген, тіпті ит-мысыққа, қоршаған ортаға, қандай да бір затқа деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі адамға қуаныш сыйлап, ерекше күйге бөлейді. Кейбір адамдар өздерін жалғыз сезінгендіктен де тәттіге немесе нан өнімдеріне тәуелді «ететін» көрінеді. Егер шынымен де жалғыз болсаңыз, үй жануарларын бағып көріңіз немесе айналысатын іс табыңыз.
Хобби
Яғни сүйікті іспен шұғылдану, өз қолыңызбен жаңа нәрсе жасау үлкен қуаныш сыйлайтын ұмытпаңыз. Сондықтан да толып кеткен жандарға психологтар диванда жатып, теледидар қарап, тәтті жей бергеннен гөрі хоббиларын қолға алуға кеңес береді. Тәттілерден қалай бас тартуға болатынын үйренейік Тәттіні қатты жегіңіз келіп кетсе, жеміс-жидектердің қағымен, кепкен жүзім, кепкен сары-қара өріктермен асқазаныңызды «алдауды» үйреніңіз. Сондай-ақ, тәттіге деген қажеттілікті қарапайым жеміс-жидектермен де «орындауға» болады. Құрамында көңілді көтеретін фруктоза болғандықтан кез келген жаңғақты жеуіңізге де болады. Көк шай ішіңіз. Ғалымдар көк шай тамаққа, әсіресе, тәттіге тәбетті жоятыны дәлелдеген. Қарақұмық, күріш және сұлы ботқаларын жеңіз. Суды көбірек ішу керек. Тәттіге тәбетіңіз ашылып тұрған уақытта бір стакан су ішіп алыңыз. Тәттіні дереу ұмытасыз. Ең бастысы, адамның ішкі ойы екенін естен шығармаңыз. Егер арықтағыңыз келсе, үнемі тәтті мен нанды емес, арықтай алатыныңызды ойлаңыз.
Дереккөз: massaget.kz