Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Наурыз көже» тәттiлiгi тiл үйiрген сол көженiң дәмi әлi күнге аузымда тұрғандай

«Наурыз көже» тәттiлiгi тiл үйiрген сол көженiң дәмi әлi күнге аузымда тұрғандай


...Табиғаттың тамылжып тұрған шағы едi. Шәулiмше тауының мұнар басы мен күнгей бетi ақ мамық қардан арылып, бауырын шың мүжiген шау бүркiттей арса-арсасы шығып жатыр. Қар суы сай-саланы қуалап жарыса ағады. Терең шұңқырда шұрқыраса табысып, қырат-белдi күйге бөлеген думанды кез болатын. «Еңбекшi» деп аталатын тау бөктерiндегi шағын ауылда екi-үш күннен берi дүркiреп той өтiп жатты. Кемпiр-шалдың да, қыз-жiгiттердiң де жүздерi жарқын, өңдерi бал-бұл жанады. Иә, бұл жыл басы саналатын қазақтың жаңа жылы едi. Шынтуайтқа келгенде, «Наурыз көженiң» тойы болатын. Ежелгi дәстүр бойынша көше-көше болып атап өту әдетке айналған. Әрбiр отбасы қолында бар тағаммен көже пiсiрiп, оны сол көшеде тұратын жасы үлкен қарияның үйiне жинайтын.

Олар шаруа бiткесiн бiр қазан көженi ортаға алып, айнала қоршап отырады. Кәде бойынша алдымен әлгi жасы үлкен ауыл ақсақалы батасын бередi, сосын iшуге кiрiседi. Тiл үйiрген көжеге тояттаған соң ән айту, би билеу, жыр сайысы басталады. Әлi есiмде, бірде Бектай деген әкемiз ортаға шығып билей жөнелдi. Саусақтарын сыртылдатып, кәнiгi бишiлердей мың бұралып-ақ бақты. Елуден асып, егде тартқан адамның бұл қылығы сырт көзге ерсi көрiнгенiмен, 11-12 жасар бiздер үшiн кереметтiң кереметi болды. Алақанымыз қызарғанша қол соғып тұрдық. Бiр кезде ортаға Құржымбай деген қойшы шықты. Бұл кiсiнiң жасы, тiптi, алпысты алқымдап қалған едi. Қолындағы қамшысын сабалап-сабалап жiберiп, әндетiп қоя бердi:
— «Наурыз келдi жарқырап,
Жадырады атырап.
Көкке тойып қырқада
Секiредi қозы, лақ.
Тойып алып көжеге
Отырмаңдар маужырап,
Қане, ағайын, билейiк, —
Билемеген кiсiнi
Шаршы топқа сүйрейiк!...»
Бұл алпысыншы жылдардың бас кезi болатын. Әлгi әкелердiң биi мен табанда ойынан шығарған өлеңi әлi күнге есiмде жатталып қалыпты. Содан кейiнгi Наурыз тойы жадымда жоқ, бiрақ наурыз көже рәсiмi Сыр өңiрiнде күнi бүгiнге дейiн жалғасып келедi...
...Алматы табиғаты бүгiн ерекше тамылжып тұр. Қала мен туған ауылдың арасындағы тым алыста қалған сол бiр шаттыққа толы күндерiн еске салғандай. Қала алаңдары мен көшелерiнде ығы-жығы халық Наурыз тойын тойлап, наурыз көженiң дәмiн татқан сыңайлы. Жүздерi жайдарлы, көңiлдерi көтерiңкi. Өзiм қалада жүрсем де, көңiлiм мен көзiм далада болып, көптiң iшiнде келемін. Бала көңiлдi баураған ауыл тойы мен бал татыған көженiң дәмi тiлiмде әлi тұрғандай. Иә, қазiр Сыр елiнің де Наурыз мерекесiн, мейлiнше, ыстық ықыласпен тойлап жатқанына еш шүбә жоқ. Көктем ерте келетiн өңiр болғандықтан, жер көгерiп, жұртшылық аққа кенелiп те қалған шығар.

ТАБЫССЫН ТӨЛ ШҰРҚЫРАП!
Жон-жонастың мұз құрсанған көрпесiн,
Жұлқи ашып, бусандырып жер төсiн.
Келдi Наурыз, дүр жасанып, жадырап,
Шыға келдi сылқым-қырқа, ерке-шың.
Тамылжыған күн нұрынан ғаламат,
Арқа-жарқа бар атырап, бар алап.
Тауды бұзып, тасты жарған тасқын су
Әндетедi сай-саланы аралап.
Бар дүние малынғандай алтынға,
Аспан асты көмкерiлдi жалқынға.
Келдi Наурыз, әр берiп те нәр берiп,
Беу, тiршiлiк, тұршы осынау қалпыңда!
Қыраттарда табыссын төл шұрқырап,
Тайқазанда қайнасын ет бұрқырап...
Жо-жо-жоқ, болмаса ет болмасын,
Ниет болсын,
Болсын және ынтымақ!!!
Ұлыстың ұлы күнi құтты болсын, ағайын! Дегенмен, Шәулiмше тауының бөктерiндегi шағын ғана ауылда өткен әлгi мөлтек мереке мен үшiн бәрiбiр қызық та қымбат...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, ақын, журналист.
Алматы.

21 наурыз 2019 ж. 1 355 0