Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыдыр ата қайда?

Қыдыр ата қайда?

Қазақтың жыл санауында күн мен түннің теңелер тұсы – 22 наурыз жыл басы болып есептеледі. Ұзынның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағын, жер-ана қалың қардан бусанып, мал төлдеп, дала төсі түрленіп, жаңарған мезгілді жаңа жыл деуіміз дұрыс та.
Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылатын үлкенді-кішілі шаралардың барлығында бас кейіпкер, ақ сақалды, ақ шапанды қария – Қыдыр ата келіп, батасын береді. Бұл наным-сенім қаншалықты дұрыс? Осы туралы ауданның бас имамы Б.Ұлжаевтан сұрағанымызда:
– Исламда Қыдыр ата туралы нақты дерек жоқ. Құрандағы «Кәһф» сүресінде Мұса пайғамбар кездескен кісі салихалы Құдайдың құлы деп айтылған. Ал, кейіннен оны Қызыр немесе Қыдыр деп атап кеткен, – дейді.
«Қызыр» аталу себебін оның жүрген жері гүлденіп, көгеріп, көктеп сала беретін ерекше қасиетімен түсіндірген. «Хызыр» сөзін араб тілінен аударсақ жасыл адам деген мағына шығады. Қазақтың құт қонған, береке дарыған деген мәнді Қыдырмен байланыстыратыны осыдан шықса керек. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иман жүзді қарт түрінде бейнеленіп, өзін көзімен көру сәті түскендерге бақыт сыйлаушы ретінде суреттеледі.«Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Ал, Құран аяттарына сүйенер болсақ, Қыдыр деген кісі өздігінен іс атқармаған. Әрі Аллаһ тағаланың ең білімді пенделерінен болған. Жақсы іс атқарушы болып есептеледі. Сонымен бірге, «Кувейттің Филикия деген аралында Қыдырдың (Қыдыр ата) қабірі орналасқан. Араб клубы сайтында Хыдырдың қабірінің суреті де берілген» деген мәлімет бар.
Халық арасында тағы айта кететін бір жәйт, «Қыдыр ата» мен «Қадыр түнін» шатастыратындар кездеседі. Қадыр түні Қыдыр ата келеді деген де қауесеттер бар. Шындығында, Қыдыр ата мен Қадыр түні екеуі екі бөлек нәрсе. Қадыр түні рамазан айында, яғни, оразада болатын түн. Рамазан айының соңғы он тақ түндерінің бірі – Қадыр түні. Бұл түнде кімнің келетіндігі, яғни, жер бетіне Қыдыр атаның емес періштелердің түсетіндігі жайында аяттар кездеседі.
Халық аузында «Қырықтың бірі – Қыдыр» десе, Ыбырай Алтынсарин: «Жөн бiлмеген адамға Қыдыр ата дарымас» дейді. Не нәрсені де жақсылыққа жоритын дана халқымыз Қыдыр атаны бата берудің символындай бағалайды. Қалай болғанда да, халықтың аузы аққа тиіп, жер-жаһан жаңарған Ұлыстың күнін ақсақалдың ақ батасымен бастауы – жаңа жылдан жақсылық күткен жұрттың игілікті ісі болса керек.

Гүлхан ЯХИЯ.
21 наурыз 2019 ж. 3 911 0