Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушы тағамды тез жеткізетін «алғыр» робот жасап шығарды

Оқушы тағамды тез жеткізетін «алғыр» робот жасап шығарды


Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехникадан World Robot Olympiad чемпионаты өтуде. Оған еліміздің әр аймағынан келген 250-ден астам оқушы қатысып жатыр. Осы орайда Вaq.kz тілшісі қазақстандық оқушылардың аталған байқауға қандай жобаларды дайындағанын біліп қайтты.
Қазыбек Тоқтаров пен Әлішер Өткелбаев – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары. Олардың байқауда қорғайтын жобалары «Ақылды парк» деп аталады. Оқушылардың айтуынша, жаңа паркте заманауи технологиялар қолданылады.
 «Жобамызға интеллектуалды жүйелерді енгіздік. Оның бірі - «Ақылды киіз үй». Киіз үйдің іші бірегей технологиялармен жабдықталған. Одан бөлек жобаның ішіне «Ақылды фонтан» жүйесі де кіреді. Бұл фонтанның маңызы екі режимде жұмыс атқарады: бірінші пульверизатор (атомдар) режимі. Яғни ауа-райының құрғақтығы кезінде фонтан бу шашады. Екінші режимі қарапайым ауа-райы кезінде кәдімгі фонтан рөлін атқарады»,- деді сайысқа қатысушы.
Сондай-ақ Талдықорған қаласынан келген Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ермұхаметов Әмір пиццаны тез, әрі сапалы түрде жеткізетін жүйені ойлап тапқан. 11 жастағы оқушының айтуынша, ол өз ойын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек еткен.
«Көптеген қалалардағы пицца тасымалдау қызметі сапасыз. Осы орайда аталған мәселені жобам арқылы шешіп көруге тырыстым. Жобамның мақсаты – пиццаны ыстықтай және дәмді етіп жеткізу. Біздің робот қазіргі заманда таптырмас сұранысқа ие құрылғылардың бірі. Жобаны дайындауға 10 ай дайындалдым»,-деп өз ойын білдірді.
Айта кетейік, аталған чемпионаттың жеңімпаздары 2018 жылғы 16-18-қарашада Тайландта өтетін WRO-2018 халықаралық олимпиадасына жолдама алады.
Вaq.kz
21 маусым 2018 ж. 1 175 0