Маңғыстау облысында алғаш рет шақпақ қант шығаратын цех ашылды
Маңғыстау облысында алғаш рет шақпақ қант шығаратын цех ашылды. Басқұдық ауылдық округінде екі кәсіпкер бірігіп ашқан шағын кәсіпорында әзірге 9 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту бөлімі жолдамасымен еңбекке араласқан. Өндіріске қажет құралдарды туған жеріне жеткізіп, кәсіп ашуға ауыл азаматтары 20 млн теңгеден аса өз қаржысы мен банктен алған берешегін жұмсапты. Шағын цехтағы бұл құрылғы қызметі жүз пайыз автономды. Айталық, жұмысшы 1 қап құмшекерді машина елегіне салған бойда ол сүзіліп ұнтақталады. Мұнан соң су қосылған қою масса төрт бұрыштап кесіліп, пеште кептіріледі. Қалған жұмыс конвейер үстімен жылжыған дайын өнімді вакуумды сорғыш арқылы қағаз қораптарға салу ғана. Маңғыстауда алғаш жасалған шақпақ қант өте дәмді. Басқұдық ауылында тұратын Қарлыға бұған дейін бірнеше жерде жұмыс жасаған. Кейін бала күтімінен қолы босамай, үйде отырып қалады. Кезінде арыз жазып қалдырған аудандық жұмыспен қамту бөлімінен ұсыныс келгенде қуанышпен қабылдайды. Қазір өзі секілді қыз-келіншектермен еңбекке араласып, тұрақты айлық алып отыр. Қарлыға Берденова, Басқұдық ауылының тұрғыны: – Осы цех ашылғалы жұмысқа кіріп, жұмыс жасап жатырмын. Өзіме ұқсаған қыз-келіншектермен жұмыс жасап жатырмыз. Жұмысымыз жақсы. Уақтылы айлығын беріп жатыр. Кәсіпкерге алғысымыз шексіз. Нұрлан мен Нұрболат есімді ауыл жігіттері ішкі нарықты зерттей келе өңірде бұрын болмаған кәсіп ашуға мақсат қояды. Бизнес-жоба әзірлеп, өндіріске қажет құралдарды шетелден іздеген. Таңдау Түркияда жасалатын автономды құрылғыға түсіп, туған жеріне жеткізеді. Осы мақсатқа жиған қаражаты жетпей қалып, несие рәсімдеген. Жуырда іске қосылған цех тәулігіне 25 мың келі шақпақ қант шығарады. Нұрболат Жүсіп, кәсіпкер: – Екінші деңгейлі банк қаржыландыруымен іске қосылған цех. Ендігі мақсатымыз – осы цехты кеңейту. Бұл таңда 8-9 жұмысшымыз бар. Қазір 8 сағат жұмыс жасап жатырмыз. Шикізатымызды Қазақстан бойынша 13 зауыт бар құмшекер шығаратын. Солардан алып және базарлардан алып жатырмыз. 1 пайызды несиеге ілінсек, бұл цехтың қуаттылық деңгейін екі есеге арттыруға болады. Кәсіпкердің айтып тұрғаны – биыл өңірде іске қосылған «Нұр-Капитал» пилоттық бағдарламасы. Ауыл азаматтары осы жоба арқылы 30 млн-ға жуық несие алуды көздеп отыр. Бұл қаржы банкке берешегін жауып, цехтағы құрылғылар санын көбейтуге жұмсалмақ. Сәйкесінше жұмыс екі ауысымға көшіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Өсер Тлепов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі: – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болатын. Соның айқын көрінісі деп айтуға болады, Мұнайлы ауданының Басқұдық округінде шақпақ қант цехы іске қосылды. Кәсіп иесіне әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. 1 пайыздық мөлшерлемемен несие берілетін болады. Қазіргі таңда құжаттары рәсімделіп жатыр. Маңғыстауда жасалған шақпақ қант жергілікті азық-түлік дүкендерінде сатылып жатыр. Ауыл кәсіпкерлері биылдан қалмай отандық тауарды көршілес өңірлерге тасымалдауды да жоспарлап қойған.
24.kz