Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын сатудан алдамыз

Алтын сатудан алдамыз

Әр елдің сандық түбінде сақтайтын басы артық қоры болады. Бізде екі қор бар, бірі – Ұлттық қор, бірі – халықаралық резерв, былай айтқанда алтын-валюта қоры. Қазір 294,24 тонна алтын жиналған. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 18-орындамыз. Әрі алтынды сату бойынша да алдыңғы қатардамыз.

Алтын сатудан алдамыз

Қазынада алтынның жатуы экономикада тұрақтылық сақтауда сенімділік береді. Әсіресе қаржылық белгісіздік кезінде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің халықаралық резерві 36 млрд теңгеге бағаланды. Бұл – елдің алты айлық импортын жабуға жеткілікті қаражат. Мемлекет алтын қорын төлем балансының тапшылығы, төл валюта бағамын қолдау, сыртқы мемлекеттік қа­рызды жабу және өзге елдермен есеп айы­рысу операцияларын жүргізу мақ­са­тында қолданады.
«Соңғы бірнеше жыл бойы көрсеткіш төмендеп келеді. Түрлі сыртқы күйзе­ліс­тердің және бюджет пен төлем теңгеріміне қатысты жалғасып жатқан проб­лемалардың аясында әлеуетті тә­уекелдер мен қатерлерді жабу үшін уәкі­летті органдарға халықаралық ре­зерв­терді жүйелі бағалауды жүргізген жөн. Ерекше алаңдаушылық туғызатын жағдай – Ұлттық қордан ірі көлемдегі қара­жатты алу есебінен теңге бағамының одан әрі нығаюы, ал сыртқы шоттар қазірдің өзінде терең тапшылықта», дейді сарапшы Санжар Қалдаров.
Ұлттық банктің (ҰБ) хабарлауынша, Қазақстан валюталық өтімділік қажет­тілігін қолдау үшін резерв жинақтайтын елдер санатына жатады. Валюталық өтім­ділікті сақтау халықаралық міндет­те­мелердің орындалуын толық көлемде қамтамасыз етеді. Halyk Finance сарап­шы­ларының айтуынша, кейінгі 20 жыл көлемінде экономика өсімі мен экспорт көлемінің артуы арқасында резерв көлемі айтарлықтай ұлғайды.
Біздің қорымыз алты айлық импортты толық жабуға жетеді дедік қой жоғарыда. Бірақ бұл көрсеткіш бойынша көптеген көрші елден артта қаламыз. Мәселен, Ресейдің резерві – 16 айды, Өзбекстан резерві 11 айды жаба алады.
«Қазақстандағы резервтің импортқа ең жоғарғы қатынасы 2016 жылы бай­қалды – 9.8. Содан кейін төмен түсе бастады. Тек 2020 жылы ғана сыртқы экономикалық қызметтердің баяулауы және резервтердің артуы есебінен өсті де, қайта құлдырады. Халық­аралық резервтен бөлек, Ұлттық қор да бар. Халықаралық валюта қоры ұсынымы бойынша, оның ак­тив­тері, әсіресе өтімді бөлігі сыртқы қауіп-қатерді жоюда қо­сым­ша резерв ретінде пайдаланылады. Дегенмен халық­аралық резерв пен Ұлттық қор активін бөліп қарастырған дұрыс. Өйткені халықаралық резервтер оңтай­лы өтімділікті қолдау құралы болса, Ұлттық қор қаражаты негізінен тұрақ­тандырушы, жинақтаушы функция­ны атқарады.
Қымбат металдардың әлемдік ба­ға­­­сының өсуіне байланысты алтын коти­ровкасы да өсім көрсетті және Ұлттық банк резервіндегі алтын үлесі 2023 жылдың соңын ала 54,2 пайызды құрады. Бұл Ұлттық банктің 50-55 па­йыз көлеміндегі таргетіне сәйкес келеді.
2012 жылы «Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру қағидалары» қабылданды да, Ұлттық банк жергілікті аффинаж зауыттарынан белсенді түрде алтын сатып алуға кірісті. Нәтижесінде, резервтегі алтын үлесі 70 пайызға жетті. Бұл өз кезегінде өтімділікті төмен­детеді. Соған байланысты бас банк 2022 жылдан бері алтын үлесін азайту саясатын іске асыра бастады. ҰБ мәліметінше, алтынды азайту әртарап­тан­дыруды арттыруға және аллокацияны теңдестіруге мүм­кін­дік береді. Соның нәтижесінде резервтің валюталық бөлігі көбейеді және өтімділігі жоғары қаржы құралдарына инвестициялау мүмкіндігі арта түседі. ҰБ былтыр сыртқы нарықта 57,43 тоннаға жуық алтын сатты. Сөйтіп, резервтегі алтын үлесі 54,2 пайызға дейін азайды. Алтын сату бойынша ҰБ әлемдік орталық банктерді басып озды дей аламыз. Көш басында біз­ден кейін Өзбекстан, Камбоджа, Боливия, Германия елдері бар. Ал сатып алу­­­шылар негізінен Азия және Шығыс Еуропа елдері. Кейінгі жылдарда Қытай, Польша, Сингапур, Ливия, Чехия елдері алтынға қатты мұқтаждық танытқан.
Алтынды сонша көп сатқанына қара­мастан Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде үздік жиырмалық қатарына кіреді. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік нарықтағы алтын бағасының әлі де қымбат болып тұрғандығына байланысты ҰБ алтын үлесін қысқарту саясатын қысқарта беруі мүмкін.
ҰБ дерегінше, былтыр ел тұрғындары жалпы салмағы 1,6 тонна болатын 38 729 алтын құймасы сатылған. Олар 5,10, 20, 50 және 100 грамдық санаттармен сатылымға шығарылады. Көпшілік 100 грамдық алтын түріне көбірек қызы­ғу­шы­лық танытқан.
05 наурыз 2024 ж. 1 428 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930