АУЫЛ БАЛАСЫ АЛТЫ ТІЛ БІЛСЕ…
Ақиқатында мектептегі мұғалім бірнеше тіл біліп, сөйлеп тұрса, ең алдымен бұл білім алуға ұмылған балаға жақсы емес пе? Оқушы бала сонда мұғалімінен үлгі алады, ұстазындай болуға тырысады. Көп тіл білуге құмарлық пайда болады. Ал оған мүмкіндік бар ма? Әрине бар.
Бұл ең алдымен баланың өзіне байланысты әрі мұғалімге қатысты. Ауылдан қанат қағып, Алматы мен Астанадағы немесе шетелдегі жоғары оқу орындарының біріне түсіп, елдің атын шығарып жүргендер бар. Оны жоққа шығаруға болмайды.
Дана халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»», – деп бекер айтпаған. Шындығында білімді болған бір бөлек, ал бірнеше тіл білу адамның ой-өрісін дамытып, дүниетанымын кеңейтеді. Тіл білгеннің ақиқатында көкжиегі кеңейеді. Ол үшін мектеп немесе ұстаз ғана емес, баланың ата-анасының да білімге құштарлығы орасан болуы қажет. Бірақ біз білім құндылығын бағалай алып жүрміз бе? Мәселе сонда.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында білім беру мен ғылымға ерекше көңіл бөліп,«Бəсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделуі үшін бұл аса маңызды. Сондықтан қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кемі үш тілді болуы, қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерін еркін меңгеруі тиіс. Еуропада көптілділік қалыпты нормаға айналған, біз де осы қатардан міндетті түрде табылуға тиіспіз. Ағылшын тілін кең тұрғыда білмей, ұлттың нағыз бəсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын. Мектеп жасына дейінгі білім беру деңгейінде үш тілді оқытуды жаппай енгізуді қамтамасыз ету қажет. Осылайша біз тілдерді меңгерудің қисынды жүйесін қалыптастыра аламыз: əліпбиі – балабақша деңгейінде, мектепте – базалық деңгей, университет пен колледжде – мамандық бойынша кəсіби тіл», – деп, көптілді білім беруді дамытуға басымдық танытып отыр.
Шындығына келсек, көп тіл білген адамның ұтары көп. Ресейдің ағартушы қайраткері Исмаил Гаспринскийдің мынандай қанатты сөзі бар: «Екі тілді білетін адам бір тіл білетін адамнан жоғары тұрады… Әр адам қаржысы мен жағдайы келсе, үш тілді үйренгені жөн; ана тілін, өзі тұратын мемлекеттің тілін және барлық халық үйренуге талпынатын тілді». Мұқият оқып, салыстырмалы түрде назар аударатын болсақ, бұл пікір шын мәнінде қазір Қазақстанда Президент Назарбаев жүргізіп отырған саясатпен сәйкес келіп отыр. Сондықтан біз де көптілділік саясатынан бас тартпауымыз қажет. Әрине, басымдылықты мемлекеттік тілге бере отырып, басқа тілді де үйренгеніміз жөн.
Сүлейман Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы «Шет тілін үйрену барысында адам басқа бір ұлттың сөзін, сөйлем құрау тәсілдерін меңгеру арқылы оның ойлау жүйесіне еніп, рухани әлеміне қадам басады; жаңа бір халықтың ұлттық болмысын ашады. Шет тілінде сөйлеу арқылы сол ұлтша ойлайды; мұның өзі сол ұлтпен іштей жақындастыра түсетін болады. Ең бастысы, басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыра түседі.
Тіл білуі барысында адамның қарым-қатынас жасау, әлеуметтену, білімін арттыру мүмкіндіктері екі-үш есеге дейін артады. Өйткені әр тіл – өзінше бір тұтас әлем. Тіл үйрену арқылы адам жаңа бір әлемнің, әлемдік өркениеттің тағы бір ғимаратының есігін ашып, ішіне кіріп, таныса бастайды. Бірінші кезекте адамның ақпараттық, мәдени және экономикалық кеңістігі кеңейіп, таным-түйсігі арта түседі. Бірнеше тіл білетіндердің басқаларға қарағанда ұқыптырақ, ойын тез жинақтап айтуға қабілеттірек келеді. Оның басты себебі, адам бір тілден екінші тілге ойлауға көшкенде, оның миы ақпараттарды шапшаң реттеп, ең маңыздысын тез іріктеп алуға машықтанады екен. Сондықтан да көп тілділік мәселесіне ғылыми тұрғыдан келіп, оның жақсы жақтарын да, теріс тұстарын да әрдәйім ескеріп отырған жөн», –дейді. Профессор көтеріп отырған мәселенің барлығы да қисынды.
Егер көз жүгіртер болсақ, әлемнің 15-20 тілін біліп, тарихқа өшпестей атын жаздырып кеткен ғұламалар жетерлік. Бір ғана мысал, жазушы Като Ломб 15 тілде еркін сөйлеп, жаза білген. Әсіресе, Като Ломб итальян, француз, поляк, қытай, жапон тілдерін аз уақыт ішінде тез үйреніп алған көрінеді.
Егер Сіз ағылшын журналисі Гарольд Уильямс сексен тіл біледі десеңіз, алғашқыда сенбеуіңіз де мүмкін. Ол он жасынан асқанда грек, латын, иврит, француз және неміс тілдерін білген. Кей кездерде орын алған оқыс жағдай адам баласының өмірін аяқ астынан өзгертіп жіберуі де мүмкін. Мысалы, 55 жасында қайтыс болған Ресей ақыны Вилли Мельниковтың көп тіл білуіне Ауғанстандағы соғыс әсер еткен. Ол бір ұрыста оқыстан жараланып, ауыр жағдайда (контузия) госпитальға жеткізіледі. Осы бір жағдайдан кейін оның санасында адам сенбес күрт құбылыс пайда болады да, Мельниковтың көп тіл білуге деген құштарлығы көбейеді. Ол 2016 жылдың 18 қазанында жүрек талмасынан көз жұмды. Бірақ әлемнің 93 тілін білді. Аудармашы болды. Өлең жазды. Мәскеудің ветеринария академиясын бітірген ол шындығында да талантты еді. Мельников орыс тілінен басқа латыш, беларусь, испан, француз, жапон, тольтек-науатль, эйемпу, уавниффа, кохау-ронго-ронго, кхаршат, цклан, си-по, фракийск, шоштхвуа, шайен, согдийс дхурр-вуэммт, пхадмэ, якут, чибча-артамбо, ваи, чькуатта, маурья, фьярр-кнем, хакутури, рохгау, хекагуайчиунэ, рдеогг-семфанг, юпик, кри және тағы басқа ұлттың тілдерін білген. Біз атап отырған ұлттардың тілінің біразы жер бетінен жойылып кеткен де шығар. Бірақ Мельников таланттылығы мен көп тіл білуге ұмтылысының арқасында ғана тарихта қалды. Өзінің айтуы бойынша, 93 тілде өлең жазған дарынды азамат одан да басқа тілдерді түсінген.
Жалпы тарихқа көз жүгіртер болсақ, дарындылар дүние жүзінде көп. Басқа жерді айтпағанда, қазақ топырағынан шыққан бабамыз шығыс ғұламасы әл-Фарабидің өзі 70-ке жуық тілді еркін меңгерген, тіпті жатық сөйлей алған деген дерек бар. Данышпан Абай болса, орыс-қазақ тілдерімен қатар, парсы, араб тілдерін меңгерген. Бір қызығы, деректанушылардың айтуына қарағанда, ақын Абай орыс тілінің өзін орта жастан асқанда меңгерген. Демек, «тіл үйренуді жастайынан бастау керек» деген ұғым қисынсыз. Мысалы, өнертанушы, көсемсөзші, аудармашы, орыс ойшылдарының бірі Анатолий Луначарский 57 жасында испан тілін үйреніп алған көрінеді. Ақын Пушкин де осал болмаған. Ол француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Тіпті ең қиын саналатын ежелгі еврей тілін де зерттеген деседі. Бұл ғана емес, тарих талай таланттыларды тәрбиелеп шығарғанын айта кетуіміз керек. Шотландиялық Дерик Хернинг азаматы 22 тілде еркін сөйлеген. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен «Еуропа полиглоты» байқауында жеңімпаз атанғанын айта кетуіміз қажет.
Таланттылар қазақ топырағында да аз болмаған. Алысқа ұазамай-ақ Шоқан Уалихановты айтсақ та, жеткілікті. Ұлы ағартушы араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген, орыс тілінде жетік сөйлеген.
Шоқан Уәлихановты өткен ғасырдың талантты тұлғасы дерсіз. Ал өткен жылы ғана қайтыс болған қазақтың мықты ақындарының бірі Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түркімен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды қазақ тіліне аударған. Сондықтан көп тіл білгеннің артығы жоқ. Мысалы, Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады екен. Әсіресе, жастары көп тіл біледі. Люксембургте төрт жастан бастап ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан бастап оқытылады екен. Демек, көптілділік –заман талабы. Сондықтан заман көшінен қалмауымыз керек. Ал жеті жұрттың тілін білген бала қашан да озық ойлы болады.
Жалпы ақылды, білімді болу, көп тілді білу қайдан келеді? Оның барлығы да мидың салмағына қатысты ма, жоқ әлде, ізденуден бе, «оқып туғаннан» ба?
Негізі адамның ақылдылығы оның миына қарап бағаланады десек, бұл дұрыс па? Егер осы пікірге ден қоятын болсақ, ауыр салмақты ми Тургеневтікі (2012 грамм) , ал Эйнштейндікі – 2000 грамм ғана екен.
Психологияда «интеллект коэффициенті» деген бар. Бұл ереже бойынша адамның өресінің мықтылығын арнайы тест сауалдары арқылы анықтайды. 1912 жылы неміс ғалымы Штерн енгізген бұл жүйе шындығында әлемдегі кімнің ақылды, логикалық жағынан ойлау, тез арада шешім табуымен, тапқырлығымен өлшенеді. Кім бұл сұрақтарға көбірек дұрыс жауап берсе, сол данышпан. Бірақ ол қаншалықты қисынды? Мысалы, Штерннің арнайы тест ережесі бойынша 0 ден 19-ға дейінгі бірлік көрсеткіші бар адамдардың ақыл-ойы дамымаған болып саналады. 20-36 бірлік – кеш дамуы, 69-85 бірлік орта деңгейге жақындау, 86-144 бірлік – орта деңгей, 115-124 бірлік – орта деңгейден биік, 125-134 бірлік – ақылы толысқан, ал 135-тен жоғары көрсеткіш – данышпан деп саналады екен.
Олай болса, ғаламға аты мәшһүр танымал тұлғалардың ой-бірлік өлшемін сараптап көрейік. Мысалы, жазушы Онере де Бальзактың өре өлшемі 187 бірлікті құрайды, ал біз сөз еткен миы салмақты ғалым Альберт Эйнштейннің бірлігі – 180. Бұлретте Билл Гейтс – 160, Хиллари Клинтон – 140, Владимир Путин – 134. Джордж Буш – 120, Анджелина Джоли – 118, Алла Пугачева – 106 , Бритни Спирс – 98, Пэрис Хилтон – 70 болып тұр.
Жалпы білім мен ақылдың өлшемін таразылар болсақ, мынадай қисынды салыстырмалы жағдайларға тап боласыз. «Білім – тек көп оқу мен есте сақтау қабілеті арқылы келеді. Ал, ақыл – туа бітіп пайда болады. Негізінен білімді адамды мүлдем ақылсыз деп айтуға келмес, бірақ білімді болу үшін онша көп ақылдың керегі жоқ», – дейді фәлсапа соғушылар.
Демек, көп тілді білу үшін мидың салмағының ауыр болуы міндетті емес. Ақылдылық пен білімділік өзің өмір сүрген орта мен оны түйгеніңе байланысты. Көп оқу мен көп тіл білу және қажетті ғана ақпараттарды есте сақтау ғана сіздің өре өлшеміңіздің деңгейін көрсетеді.
Расында көп тіл білген адамның ой-өрісі де терең болады. Сондықтан ең алдымен білімге құштарлық қана адамды алға жетелейді. Анығына келсек, 57 жасында испан тілін үйренген Луначарскийдің артық ештеңесі жоқ.
Бұдан шығатын түйін біреу ғана: «ауыл баласы алты тіл білсе» деген арман орындалса дейміз. Ол үшін не істеу керек? Алдымен мемлекет мұғалімнің мәртебесін көтеру қажет. Финляндияда мың адамның бірі ғана мұғалім бола алады. Оларда ұстаз болу– ұлы мамандық. Демек, мұғалім білімді әрі білікті болса, шәкірт те көп тіл біледі, өзін түзейді, білуге құштарлығы оянады. Өйткені қазақ баласы талантты…
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ