Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНДЫ

ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНДЫ

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 19-сессиясы өтті. Сессия төрағасының міндетін атқарған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов күн тәртібіндегі мәселелерді депутаттар назарына ұсынды.
Оның алғашқысы облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстардың барысы мен алдағы міндеттері туралы болды. Бұл туралы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында толыққанды ақпарат берілген болатын.
Облыс бойынша ауызсу жүйелерінің жалпы ұзындығы 3700 шақырымнан асады. Қазіргі таңда 744 мың халық тұратын 263 елді мекен бар. Оның үшеуінде Қызылорда, Арал және Қазалы қалаларында тұрғындарды (307 мың адам) ауызсумен қамтамасыз ету 100 процентті құрайды.
Ауылдық елді мекендердің 199-ы немесе 76,5% топтық су құбырлар («Арал-Сарыбұлақ» арқылы, «Октябрь», «Жиделі») мен таратушы су желісі бар скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Оның ішінде  184 елді мекенге «Арал» «Қазсушар» РМК-нің «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы қызмет көрсетуде. Халық санымен алғанда 95%-і орталық су жүйесінен ауызсу тұтынуда. 61 елді мекенде орталықтандырылмаған су көздерін пайдалануда, яғни, су тарату желісі жоқ оқшау скважиналардан немесе тасымалдау, сондай-ақ шахталық құдық арқылы ауызсу тұтынуда. Елді мекендердің сумен қамту жүйесін жаңғырту жобаларын іске асыру үшін олардың жерасты су қоры болуы міндетті. Осыған орай, соңғы 4 жылда 8 жерасты су кеніштері мен 85 ауылдық елді мекендердің жерасты су қоры болуы міндетті.
Облыста 2002 жылдан бері «Ауызсу», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту 2020», «Нұрлы жол» бағдарламалары шеңберінде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Тек 2011-2017 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 40,5 млрд теңге бөлініп, игерілген.
Алдағы жылдары облыс тұрғындарын 100 процент ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты облыс әкімі тапсырмасына сай, құрамы сала мамандары мен депутаттардан жасақталған уақытша комиссия құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның қорытындысы туралы облыстық газеттерде бет арналып, теледидардан арнайы хабар ұйымдастырылды. Сессияда уақытша комиссияның төрағасы, депутат Имамадин Оңғарбаев облыс елді мекендерінде қандай жұмыстар жүргізілуі тиіс екенін аудандар бойынша талдап, көрсетіп шықты. Бұл жұмыстарды атқару үшін жобалық құжаттарды дайындауға және құрылыс жұмыстарын жүргізуге 30 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалуы тиіс.
Мәселені талқылау барысында депутаттар Аманкелді Арысбаев, Жанкелді Ысқақов, Райкүл Байназарова, Тілеуберген Шаутай, Жорабек Нұрымбетов және басқалар теміржолға қарайтын елді мекендер мен жаңадан салынған мектептерді ауызсумен қамтамасыз ету, сол секілді ауыз суды үнемдеу мақсатында аяқсу желілерін жүргізу жөнінде өздерінің ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, шешім жобасы қабылданды.
Келесі «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №157 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Сессияда облыстық бюджет 10,5 млрд теңгеге нақтыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов бюджетті нақтылау барысындағы қаржы көздерінің қайдан келгенін талдап, көрсетіп берді. Оның 3,2 млрд теңгесі «Көлжан» ЖШС-нан түсіп отыр. Бұл серіктестік мұнай өндірумен айналысады. Мемлекеттік кірістер департаментінің тексеруі нәтижесінде аталған серіктестіктің қоршаған ортаға төлейтін эмиссиясы уақытылы төленбегендігі анықталды. Енді ол өсімімен бюджетке өндіріліп отыр. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен 2,1 млрд теңге инвестиция салу келісілді. Ол Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысын қаржыландыруға жұмсалады. Ал мемлекеттік сатып алуда пайдаланылмаған қаржы көлемі 5,8 млрд теңгені құраған. Бұл қаржы енді басқа басым бағыттардың шығындарына жұмсалатын болады.
2018 жыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» жылы болып белгіленді. Осы орайда Қызылорда өңірлік инвестиция орталығының жарғылық қорын ұлғайту үшін жыл басында облыстық бюджетті нақтылау барысында бірінші трансферт 500 млн теңге қаржы бөлініп, 170 өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың жобалары мақұлданған болатын. Ал ендігі кезекте аталған орталық арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қолжетімді микронесие беру үшін екінші трансферт қосымша 500 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ол өз кезегінде орталықтың жарғылық қорын ұлғайту арқылы аграрлық несие корпорациясынан қосымша 500 млн теңге қаражат алуға толық мүмкіндік береді. Осылайша орталық арқылы 500-ден аса жаңа жоба қаржыландырылып, кем дегенде, 1000-нан аса адам жұмыспен қамтылатын болады.
Күн тәртібінде белгіленген басқа да мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Сессия соңында депутат Қылышбай Бисеновке «Үздік депутат» төсбелгісі табыс етілді. Бұл марапат республикалық «Біздің депутат» газетінің республика бойынша мәслихаттардың атқарған жұмыстарын назарға алып, жүргізген талдауы нәтижесімен беріліп отырғандығы атап өтілді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, 
«Сыр бойы».
01 сәуір 2018 ж. 901 0