Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздегі оқушыларға мектеп формасын тігетін өнеркәсіп құлдырады

Еліміздегі оқушыларға мектеп формасын тігетін өнеркәсіп құлдырады

Елде сатылып жатқан мектеп формасының барлығы дерлік шеттен жеткізіледі. Бізде оқушыларға арнап киім тігетін бірен-саран ғана мекеме бар. Солардың өзі мемлекеттің қолдауына зәру. Өндірушілер пандемия басталмай тұрып жағдайымыз нашар еді, індет өршігелі тіптен мүшкіл күйге түстік дейді. Әсия Мұсабектің екі баласы бар. Үлкені биыл екінші сыныпқа барады. Әзірге мектеп формасын алмапты. Әсия Мұсабек, қала тұрғыны: - Министрлік талап бәріне ортақ дейді, бірақ мектептерде бәрібір бірыңғай киім киюді міндеттеп қоятын сияқты. Қазір мектеп формасын алғым келмейді. Былтыр қызым бірінші сыныпқа барғанда сатып алғанмын. Бірақ қашықтан оқыды. Әлгі киімді киген жоқ. Бекер шығындалдық.  Мұндай жағдайға басқа ата-аналар да тап болған. Дені осы базарға ағылатын. Бұл уақытта сауда қыз-қыз қайнап жататын еді. Кесел келгелі оқушылардың киімін алатындар күрт азайып кеткен.  Бейбіт Көлшікбаева, кәсіпкер: - Былтыр шығынға белшеден баттық. Біз ғана емес, осы салада жүргендердің барлығы табысынан айырылды. Арасында кәсібін тастап, басқа салаға ауысып кеткендері бар.    Бұл елдегі ең ірі цехтардың бірі. Мұнда мектеп формасын тігеді. Бағасы өспеген, бұрынғы қалпында сақталыпты. Егер көтерсек, сатып алатын адам қалмайды деп қорқады. Пандемия басталмай тұрып жағдайымыз нашар еді, індет қысқалы тіпті мүшкіл деп кейіп отыр.     Анвар Хилажев, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті: - Елде 3 млн 200 мың оқушы бар. Бірақ біздегі кәсіпорындардың олардың тек 10 процентін ғана киіммен қамти алады. Қалғанын шеттен сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Арасында контрабанда жолмен жеткізетіндері де бар. Мемлекеттен ешқандай қолдау жоқ. Жағдайымыз нашар. Пандемия басталмай тұрып елде мектеп формасын тігетін 100-ге жуық цех бар еді. 5 мың адам осы салада еңбек ететін. Қазір солардың қаншасы қалғанын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Дастан Сейілханұлы, Ирина Панфилова

08 тамыз 2021 ж. 1 583 0