ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ ПАТРОН ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ

«Осынау ауқымды жобаны іске асырудан тыс, Қарулы Күштерде және басқа да күштік құрылымдарда пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді жоюмен, сондай-ақ бұрғылау-жару қызметімен де айналысамыз», – дейді «Қазтехнологиялар» АҚ басқарма төрағасы Талғатбек Айтқожинов.
Оның сөзіне қарағанда, жарамсыз болып қалған оқ-дәрілерді сақтау, бір жағынан, қауіпті, екінші жағынан, артық шығындарды қажет етеді. Қазіргі кезде Жамбыл облысының Отар ауылындағы және Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласындағы оқ-дәріні жою учаскелерінде жұмыс жүріп жатыр. Жарамсыз оқ-дәріні жоюға 200-ге жуық жоғары білікті инженер-техникалық маман мен өндірістік жұмысшы жұмылдырылған.
«Жоғары Бас қолбасшы - ҚР Президенті біздің алдымызға аса жауапты міндетті - Қарағанды қаласында патрон зауытын салуды тапсырды. Патрон зауытының іске қосылуы армия және ел өмірі үшін әрі экономикалық, әрі әлеуметтік жағынан да маңызды», - дейді Талғатбек Айтқожинов.
«Steel manufacturing» ЖШС (ҚР ҚАӨМ «Қазтехнологиялар» АҚ-тың еншілес ұйымы) тарапынан іске асырылып жатқан зауыттың құрылысы Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағының аумағында бекітілген график бойынша жүріп жатыр. «Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында қызметімізді әртараптандыруда өндіріске, оқ-дәрілерді жаңғырту және жөндеуге, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу арқылы өнеркәсіптік жарылғыш заттарды өндіруге, шетел инвестицияларын жұмылдыру арқылы өз ғылыми базамызды қалыптастыруға басымдық беріп келеміз», - дейді «Қазтехнологиялар» АҚ басшысы.