Ұлттық валюта – тәуелсіздік нышаны
Біздер адамға ауа мен су қаншалықты қажет болса, ақша да соншалықты қажет заманда өмір сүріп жатырмыз. Өйткені, ақша – тамақ, ақша – киім, ақша – денсаулық, ақша – білім… Бәрі-бәрі – ақша. Кешегі кеңестік идеология ақшадан тежелуге, құмар болмауға, елікпеуге үндесе, қазір ақшаны мол тап, барынша көп ал дейтін идеологияға бет бұрдық. Бұл да дұрыс шығар, тек әйтеуір ақшаға құл болмасақ болды. Өйткені, ақша адамзат үшін материалдық демеу болғанымен, ешқашан рухани құндылық болмайды. Ұлттық валюта күніне орай әлемдегі және еліміздегі ақшаның пайда болуы мен қолдану аясына көз жүгіртіп шығуды жөн көрдік.
Валюта тарихы
Жалпы валютаның тарихы алғаш қағаз ақша енгізілген сонау орта ғасыр кезеңінен бастау алады. Бұл валюта саудагерлер арасындағы қарыздарын өтейтін сенімхат секілді жүрді. Әртүрлі мемлекет, қала билеушілері алтын, күміс және басқа да құнды дүниелердің орнына жазбаша түрде толтырылған құнды қағаздарды шығарумен айналысты. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін валюта нарығы сенімсіз әрі әлсіз болды. Соғыс аяқталғаннан кейін нарықтағы валютаның тұрақсыздығынан валюта курсының айырмашылығынан жеңіл табыс көргісі келген инвесторлар көбейді. Алайда, тәуекелге бас тіккендердің бәрі жетістікке жетті деуге болмайды. Валюталар нарығының құлдырауы ұлы депрессияға әкеліп соқты. Міне, осы кезден бері қарапайым халықтан бастап, саясаткерлерге дейін валюта нарығының тұрақтылығы әлемдік қаржы жүйесінде қандай маңызды рөл атқаратынын түсінді.
Алғашқы банк қызметі
Заманауи ақшалар пайда болмай тұрған көне дәуірлерде тауарлардың тең айырбастау құралы ретінде қандай да бір қоғамдағы тұтыну заттары қолданылды. Мәселен, үй жануары, метал тілімдері, жануарлар терілері, құнды және жартылай құнды тастар т.с.с. Жинаған байлықтарыңды сақтайтын әлемдегі алғашқы банк толық құнды ақшалар пайда болмай тұрып болған көрінеді. Алғашқы банктердің қызметін жергілікті сарайлар мен бас ғибадатханалар атқарған. Бұл жаңалықты тұңғыш рет месопатамиялықтар ойлап тауыпты. Ал бүгінгі қаржы операцияларын орындайтын банктердің прототипі б.ғ.д. V ғасырда Көне Греция аумағындағы Тифия банкі екен.
Теңге тарихынан
Қазақтың теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Ал 1997 жылы 13 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялады. Елдің егемендігін жаңа жариялаған аумалы-төкпелі уақытта төл теңгемізді дүниеге әкелу тәуекелді қадам болатын. Мемлекеттегі экономикалық қиындыққа қарамастан, қазақ ұлтының тұңғыш валютасы жарық көрді, тәуелсіз елдің айналымына түсті. Осылайша қазақ даласының ұлы тұлғалары Әл-Фараби, Абылай, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқандарды бейнелеген алғашқы Қазақстан Республикасының теңгелері жарыққа шығып, айналымға түскені шын тәуелсіздіктің көрінісі болды.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі қазақ елінің аумағында алғашқы күміс монета XV ғасырда пайда болған. Отырар қаласында «таньга» деген атпен құйылған монета заманауи теңге атауының шығуына себепкер болды. Ал Қазақстанның ұлттық валютасы, төл теңгеміздің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Алғашқы қағаз ақша Ұлыбританияда басылды. Ұлттық валютаның бекуі ел экономикасының аяғынан нық тұруына да септігін тигізді. Сол кезде Елбасы құпия түрде арнайы топты жинады да, ақшаның дизайнын жасатуға Англияға жібереді. Лондонда жасалған теңгені 1993 жылы қарашада ауыстыру жөнiнде шешiм қабылданды. 15 қараша күні таңертеңнен бастап құрамында қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстер органдарынан, облыс әкiмдiгiнен, Ұлттық банк өкiлдерi бар арнайы комиссия жаңа ақшаны жан-жаққа бөлуге кiрiстi.
Теңге бейнесінің жаңаруы
2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылды. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған. 2007 жылдың мамыр айында Тайландта өткен валюта конференциясында 10 мыңдық теңгеміз «Үздік жаңа банкнот» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды.
2013 жылы теңгенің 20 жылдық атаулы күніне орай 20 мыңдық қағаз ақша шығарыла бастады. Ал 2016 жылы 2, 5, 10 мыңдық ақшалар бәйтерек бейнеленген жаңа үлгімен жарыққа шықты. Оған дейінгі банкноттың үшеуі де айналымнан шеттетілді.
Қазақ жеріндегі алғашқы ақшалар
Қазіргі Қазақстан аумағындағы бірінші монеталар V ғасырда пайда болған. Бірақ олардың барлығы шетел валютасы еді. Ең ыңғайлы және кең тараған ақшалардың бірі «ушу» деген қытай монеталары болған, олардың бауға іліп жүретін төрт бұрышты тесігі бар. Сонымен қатар Римнен, Византиядан, Араб халифатынан, Үндістаннан және Монғолиядан келген алтын, күміс және платина монеталары жиі пайдаланылған. Оларды Тараз, Баласағұн, Отырар және Сауран аймақтарында ақша жасау басталған кезде үлгі ретінде қолданған. Монеталарда әр тайпаның таңбасы бейнелеген. Мысалы, аңның немесе құстың, балықтың суреті, бұлардың бәрі жер, аспан және суды бейнелеген. VII–VIII ғасырларда Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды арабтар жаулап алғаннан кезден бастап монеталарда араб тілінде жазулар пайда болды. Кейінірек Қазақстанның солтүстігін Ресей саудагерлері белсенді түрде игере бастады, нәтижесінде мұнда революцияға дейінгі Ресей ақшалары қолданылды.
Түйін. Отыз жылдық тәуелсіз ел тарихымызда мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында теңгенің орны ерек болды. 26 жыл ғұмырында теңге тәуелсіз елдің маңызды рәмізі екенін дәлелдеп шықты. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.
Гүлхан ЯХИЯ