Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Агробизнес-2020»: балық шаруашылығының басты тетігі

«Агробизнес-2020»: балық шаруашылығының басты тетігі

Ел экономикасын арттырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне көңіл бөлген жөн. Қазақ жерінің асты да, үсті де тұнған байлық. Ал киелі Шиелі өңірі ақ маржанымен қатар, су маржанын өсіруді де қолға алып, жолға қоймақ.
Бұл ретте «Агробизнес-2020» бағдарламасының маңызы зор. «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында ет, сүт өнімдерін, көкөніс, құс және балық шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Алдыңғы айтқан салалар жақсы қарқынмен қанатын кеңге жайып жатыр десек те болады. Дегенмен, балық шаруашылығын дамыту әлі де болса бір ізге түсе қойған жоқ. Бұл бағдарламаның әу бастағы мақсаты – балық өндірісін 7 жылда 15 есе көбейту. Бағдарламаның жоспарында сондай-ақ 2020 жылға қарай жылына 15 мың тонна балық өсіру бар. Ал осы балық өсіру ісінде көршілес елге көз тастар болсақ, көш ілгері келетінін аңғарамыз. Көршілес Өзбекстанда жылына 40 мың тоннаға жуық балық өсіріледі. Біздің елде бұл көрсеткіш – әзірге 300 тоннаны көрсетіп тұр.
Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының айқын бағыты ретінде 100 нақты қадамды белгілеп берген болатын. Бұл – ұлт болашағын тереңнен ойлап, халықтың әл-ауқатын барынша жақсарту мен тұрмыс дәрежесін жоғары деңгейге көтеруден туған және де жан-жақты әрі жеткілікті пысықтаудан өткен ой-тұжырымдардың айқын жоспары болып табылады. 100 нақты қадамның «Индустрия­ландыру және экономикалық өсім» атты тарауы 35-тен 84-ке дейінгі аралығы нақты қадамдарды қамтиды. Бұл ел дамуының басты тетігі – экономикаға байланысты ең өзекті мәселелер тізбегін құрайды. Атап айтқанда, сол 35-інші қадамда: «Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу» мәселесі көтерілген. Жеріміз бай, ұшы-қиыры жоқ кең дегенімізбен де, жердегі байлықтардың да сұрауы бар екендігін ұмытпауға тиістіміз. Оның ішінде халықтың дастарханына көл-көсір өнім әкелетін аудандағы ауыл шаруашылығы жерлері, яғни ақ маржаны жайқалған күріштік жерлер мен су маржандарын тиімді пайдалану, оларды нарықтық айналымға енгізу – бүгінгі күннің басты мәселесі екендігі даусыз. Осы орайда аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ербол Жеңсікбаев 200 гектар жерді алып жатқан «Соркөл» көлін игілікті іске жаратып отыр.
– Нақтырақ айтар болсақ, жыл сайын ауданда 29062 гектар жерге егін, оның ішінде 12627 гектарына күріш егіледі. Осы күріштікке су жіберген сәтте мыңдаған балық атыз ішінде не арық жағасында қырылып қалады. Оның көбісі майда шабақтар. Ал осы шабақтарды ұстап, қолдан өсіруге шиеліліктердің қауқары жетеді. Сонымен қатар тағы бір ескерте кетер жайт, маусымдық балық аулау кезеңінде кейбір балық аулаушылар балықтарды электр тоғымен ұрып, жарылғыш заттармен жару секілді заңнан және адамдық ардан тыс әрекеттерге жол беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан табиғатқа орасан зор шығын келтіріп, болашақ балаларымызды несібесінен қағып жатқанымызды бір сәт ойлансақ игі. Өңірдегі көлдерді пайдалану арқылы шабақ өсіріп, кәсіптің көзін табуға болады. Шағын кәсіпті одан әрі дамытуға мемлекет те қолдау танытуда. Тіптен көршілес елдерге балықты шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде экспортқа шығаруды ойластыратын кез де жетті. Алтынның қадірін қолда барда білгенге не жетсін? – деді Е.Жеңсікбаев.
Қызылорда облыстық балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесе отырып шабақ өсіруді қолға алған кәсіпкер биылғы жылы «Соркөл» көліне 42500 шабақ жіберген. Оның айтуынша бір балықтың өсіп, кемеріне келуі үшін кем дегенде 3 жыл уақыт қажет. Дегенмен шабақтың өзіне де сұраныс көп. Бабын тапқанға балық та байлық көзі.

Гүлнәр Дүйсебай
05 қараша 2019 ж. 1 181 0