Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨК БАЙРАҚТЫ КЕМЕЛЕР ҚОРҒАУҒА АЛЫНАДЫ

КӨК БАЙРАҚТЫ КЕМЕЛЕР ҚОРҒАУҒА АЛЫНАДЫ


Еуразиялық экономикалық одақ аясында отандық кәсіпорындардың мүдделері лайықты қорғалуға тиіс. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Үкімет мүшелеріне осыны қадап айтты. Жиында қалаулылар бірқатар халық­аралық құжаттардың ратификациялануын мақұлдаған болатын. Оның қатарында ЕАЭО-ға қатысты келісім де бар.
Заң жобасы «Еуразиялық экономика­лық одаққа мүше мемлекеттердің өнер­кә­сіптік тауарларға қатысты өзіндік ерек­ше­лікті субсидияларды Еуразиялық эко­­­но­микалық комиссиямен ерікті келісуі және Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мем­лекеттердің өзіндік ерекшелікті субси­дия­ларды беруіне байланысты тал­қылау­ларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келі­сімді ратифи­кациялау туралы» деп аталады.
Жобаның мақсаттары мен міндеттері туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, «өзіндік ерекшелікті субсидияларды» ЕЭК-пен ерікті келісу рәсімі отандық өнер­кәсіптік кәсіпорындарды қорғау үшін белгілі бір шарттар туғызады. Тиісінше, ол мемлекет тарапынан қолдаудың қосымша шарасы болып табылады. Бұдан өзге жобаға сәйкес, ерекшелікті субсидияларды бөлуге қандай мемлекеттік орган бастамашы болғанына қарамастан, ол мәселе бойынша ақырғы шешімді Ұлттық экономика министрлігі қабылдайды.
Осыған байланысты Мәжіліс басшысы мемлекет бөлетін «өзіндік ерекшелікті субсидиялардың» барлығы қазақстандық кәсіпорындардың және тұтастай алғанда, ел экономикасының пайдасы үшін жұмыс жасауға тиістігіне министр Т.Сүлейменов­тің назарын аудартты.
– Менің пайымдауымша, Ұлттық экономика министрлігі ерекшелікті субсидияларды ұсыну ісін нақты жоспарлап қойғаны жөн, сондай-ақ ең бастысы, министрлік экономикалық одақ аясында отандық кәсіпорындар үшін осы субси­дияларды қорғап шығуды да қамтамасыз етуге тиісті. Өйткені кейін ол субсидиялар кері тартып алынбауы керек, – деп баса айтты Н.Нығматулин.
Құжат Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді және өнеркәсіптік субси­дияларды ұсынудың бірыңғай ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленген көрінеді. Ол одаққа мүше мемлекеттер мен ЕАЭО-ның басты органы – Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы осы істегі өзара іс-қимылдың тетіктерін айқындайды. Министрдің сендіруінше, келісімдегі ерекшелікті субсидияларға рұқсат ету өлшемдері Қазақстандағы қолданыстағы субсидиялау тәжірибесіне сәйкес келеді.
Талқылау барысында депутаттар Еуразиялық одақ секілді интеграциялық ұйымдарда жұмыс жасайтын отандық мамандарды даярлау мәселелеріне де баса көңіл бөлді. Мәжіліс спикерінің байла­мынша, «қазіргі кезде өкінішке қарай, қазақстандық шенеуніктер ЕАЭО аясында отандық тауар өндірушілердің заңды мүдделері мен құқықтарын толыққанды қорғап жүр деп айтуға болмайды». Бұл тақырып парламентшілердің депутаттық сауалдарында да, сондай-ақ қазақстандық бизнестің және оларды ұсынатын салалық қауымдастықтардың Парламентке жол­даған көптеген үндеу-хаттарында да әлденеше рет көтерілді.
Мысал ретінде Нұрлан Нығматулин қазақстандық цементті Ресейге жеткізуге қатысты қалыптасқан жағдайды тілге тиек етті. Қазіргі кезде ресейлік өндірушілер Қазақстанға жыл сайын шамамен 700 мың тонна цементті еш кедергісіз экспорттайды. Қазақстандық кәсіпорындар цементін Ресейге жеткіземін, соның нарығында өткіземін десе, салмақты қиындықтарға кезігеді. Мәжіліс төрағасының пікірінше, бұл жағдай одақ органдарындағы Қазақстан өкілдерінің Ресей Федерациясында сертификаттаудың жаңа ережелері мен жаңа стандарттардың енгізілуіне дер кезінде ден қоймауы және ол туралы отан­дық бизнесті жедел құлақтандырмауы кесірінен туындап отыр. Салдарынан, «одақ ішіндегі бәсекелестікте қазақстандық өндірушілер тиімсіз жағдайда қалып отыр».
Ұлттық экономика министріне қайырыл­ған Нұрлан Нығматулин қандай да бір заңдарға, Үкіметтің қаулыларына қажетті өзгерістерді дер уақытында енгізу үшін тиісті органдармен тиімді өзара әрекеттесудің маңыздылығына екпін түсірді.
– Еуразиялық одақ аясында ұлттық мүдделерді табанды түрде қорғау үшін министрліктердің құрылымдық бөлім­шелерінде де, сондай-ақ мемлекетаралық интеграциялық органдарда да лайықты дайындалған, кәсіби білікті мамандар болуы керек. Шенеуніктер шағын және орта бизнестің ісіне – сирек, ал ұлттық мүдделерді қызғыштай қоруға керісінше көп араласуға тиісті. Сондықтан уәкілетті орган мамандарына, Еуразиялық эконо­микалық одақ және басқа да интеграция­лық құрылымдардағы біздің өкілдерге ерекше талаптар қойылуға тиіс! – деді Н.Нығматулин.
Спикердің айтуынша, егер шенеуніктер ары қарай да осындай «ұйқылы-ояу режимде» жұмыс жасай берсе, қазіргідей қарқынды өзгеріп жатқан заманда бұл отандық бизнестің орасан зор шығын шегуіне соқтырады.
Депутаттар осы отырыстарында «Теңiз кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдап, Сенатқа ұзатты. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, осы арқылы Қазақстан ашық теңіздегі кемелеріміздің қауіпсіздігін күшейтеді. Бұл ретте құжат теңіздердегі кемелердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бірқатар әрекеттерді қылмысқа жатқызады.
Бүгінде аталған хаттамаға 40-тан астам мемлекет қосылған. Халықаралық қоғам­дастық кейінгі жылдары теңіз кемелеріне террористік шабуылдардың жиілеп кетуіне байланысты осындай келісімге келіп отыр. Оған енді Қазақ елі де қосылады, себебі мемлекетіміздің теңіз арқылы жүргізетін сауда-экономикалық қатынастары дамуда. Халықаралық суларда қазақтың көк байрағымен жүзетін кемелер қарасы пайда болуда.
– Хаттама террористік деп танылатын қылмыстардың тізімін кеңейтеді. Атап айтқанда, құжат теңіз көлігін террористік акт жасаудың құралы ретінде, сондай-ақ теракт жасаған тұлғаларды, жарылғыш заттарды, радиоактивті материалдарды, биологиялық, химиялық және ядролық қаруды тасымалдауға арналған көлік құралы ретінде пайдалануды «қылмыс» деп жариялайды. Хаттама оны бекіткен елдерді террорлық акт жасаған жеке және заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойын­ша шара қабылдауға шақырады. Оның ережелеріне сәйкес, әрбір тарап өз кемелері басқа мемлекеттердің суларында жүрген кезде сол мемлекеттің террористік актінің жолын кесуге бағытталған көмегіне арқа сүйей алады. Бұл әсіресе, Қара теңіз бен Жерорта теңізінде қазақстандық кемелер белсенді түрде жұмыс жасай бастаған қазіргі кезде аса өзекті болып отыр, – деді Ж.Қасымбек.
Сонымен қатар Мәжіліс орталық сайлау комиссиясының баяндамасы негізінде Мәулен Әшімбаевтың Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігін 1 ақпаннан бастап, мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Мәулен Сағатханұлы бұдан бұрын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып барғаны мәлім.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүкіл депутаттық корпус атынан М.Әшім­баевқа жақсы жұмысы мен сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа қызметінде жетіс­тіктер тіледі. «Сіз өзіңізге жүктелген міндеттерді әрдайым абыроймен атқарасыз. Көп жыл бойы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқардыңыз, маңызды заңдардың қабыл­дануына ірі үлес қостыңыз. Бұдан бөлек парламентаралық байланыстардың ны­ғаюы­на да ықпал еттіңіз», – деген спикер Нұрлан Нығматулин Мәулен Әшімбаевқа аса жауапты партиялық қызметте үлкен табыстар тілей келе, Алғысхат табыс етті.
Өз кезегінде, Мәулен Сағатханұлы әріптестеріне ризашылығын білдіре келе, Мәжілістегі жұмыс «үлкен кәсіби мектеп», «өмір мектебі» болғанын атап өтті және Елбасы артқан үмітті ақтау үшін бар күшін салатынын жеткізді.
 
 Айхан ШӘРІП
09 ақпан 2018 ж. 1 041 0