Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЦИФРЛЫ САЛАНЫ ДАМЫТУ ЖЕДЕЛДЕТІЛЕДІ

ЦИФРЛЫ САЛАНЫ ДАМЫТУ ЖЕДЕЛДЕТІЛЕДІ


Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы өтті.
Былтырғы қазан айында өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО қатысушы мем­лекеттердің басшылары цифрлы күн тәртібінің 2025 жылға дейінгі басты бағыттарын бекітіп, сондай-ақ Елбасының ЕАЭО экономикасын цифрландыру бойынша арнайы кездесу өткізу туралы бастамасын қолдаған болатын.
Бұл жолғы жиын барысында да әлемнің жетекші ұйымдары Төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын қолданып, цифрлы салаларды дамыту мәселелеріне басты назар аударды. Мұндағы мақсат – ЕАЭО елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, цифрлы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, дамыту жолдарын жеделдететін бірлескен шаралар әзірлеу. Сондай-ақ елдік артық­шылықтар және өңірлік интеграциялық трансформациялау негізінде келесі дивидендтерді алу жолдарын қарастыру. Форумның жұмысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанның Премьер-ми­нистрлері, сондай-ақ халықаралық бірқатар IT компаниялардың өкілдері қатысты.
Елбасының форум қатысушыларына жолдаған жылы лебізін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жеткізді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құттықтаухатында:
– Әлемде жылдам әрі түбегейлі тех­нологиялық өзгерістер дәуірі басталды.
Тиімді цифрландыру шаралары ұлттық экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналуда. Әлемнің озық елдері, олардың G-20 және Еуропалық одақ секілді бірлестіктері өздерінің Цифр­ландыру бойынша стратегиялық құжат­тарын қабылдады. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ та 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін қабылдады.
Бүгінгі форум – аталған күн тәртібін іске асырудың маңызды қадамы. Ортақ нарықтың болуы цифрландыру мәселе­лерінде бірлескен тәсілдер мен шараларды әзірлеуді талап етеді. Күштерді жұмылдыру ЕуразЭҚ-тың тұтастай және әр елдің жекелей дамуы үшін синергетикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара қажетті шешімдерді әзірлеуге және ын­тымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Форумның барлық қатысу­шысына жемісті еңбек және алға қойылған мақсаттарына қол жеткізуді тілеймін, – делінген.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде:
– Біз алдымызға зор міндет қойдық – жақын арада барлық мемлекеттік қыз­меттердің 80 пайызы электронды тәсілмен берілетін болады. Мұндағы өте маңызды мәселе – инфрақұрылым. Қазақстанның территориясы өте үлкен. Барлық қалаларда инфрақұрылымды, яғни интернетті толық қамтамасыз етеміз. Ауыл тұрғындарының 43 пайыз 7 мыңға жуық ауылдық елдімекенде интернет жылдамдығы жеткілікті деңгейде, бұл өте маңызды.
2020 жылға дейін ауылдық елді­ме­кендердің барлық базаларын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету және инфра­құрылымды толық аяқтау туралы шешім қабылданды.
Болашақ сауатты мамандар даярлаудағы білімнің рөлі де маңызды.
Бүгін біз халықты цифрландыруға тарту жөнінде айтып отырмыз. Бүгінгі күні мем­лекеттік қызметті алу, жалпы цифрлы фор­матқа көшу сәнге айналуы тиіс. Сондықтан да мұның бәрін ақылға қондыру үшін, мектеп қабырғасынан бастап мамандарды, математиктерді, университет бағдарлама­шы­ларын дайындау қажет. Мамандарды жет­кілікті даярлауды бастау үшін оқу бағдарламалық курстарды қайта бағыттап жатырмыз. Егер барлық бағыттар бойынша ілгерілейміз дейтін болсақ, онда бізге ин­но­вациялар қажет. Инновациясыз ештеңеге қол жеткізбейміз. Бұл үшін тиісті экожүйені құру қажет. Осы орайда біз Сколково, Иннополис, Минскідегі Инно­вациялық технологиялар паркіндегі әріп­тес­терімізбен тығыз байланыстамыз, – деді.
Бақытжан Сағынтаев технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жағдайлар жасау қажеттігіне де тоқталды.
– Осыған орай біз EXPO базасында АТ-хаб құрдық. Бүгінде офистер дайындалып жатыр және таяу уақытта, жарты жылдан кейін бұл АТ-хабты іске қосамыз. Теңдессіз шешім қабылданды. Тиісті заң жобасы қабылданды. Біз Конституциялық заңға кірістік. Абсолютті заңнамалық базасы бар, ағылшындық құқыққа ие «Астана» халықаралық орталығы барлығынан босатылған. Біздің АТ-хаб осы АХҚО-ға қосылды және біз осы арқылы бүкіл әлемнің таланттарын тартқымыз келеді, – деді Премьер-министр.
Б.Сағынтаев киберқауіпсіздік проб­лемасын да жеке атап өтті. Интеграция мәселелері форумның қазіргі күн тәртібі аясында әлдеқайда кеңірек деңгейде талқыланды.
Жиын барысында сөз алған IDEMIA вице-президенті Винсент Моурет «Әлемде 6 миллиардтан астам адам смартфон қолданады. Интернетке 20 млрд құрылғы қосылған. Егер оны 30 млрд-қа жеткізетін болсақ, тех­нологиялық өзгерістер ауқымы бұдан да өсе түспек. Компаниялардың жұмыс істеу мүмкіндіктері артып қана қоймай, қауіпсіздік мәселесін де ескеру қажет. Цифрлы тех­нологияны әр адамның жеке деректері мен мәліметтерін сақтау, қорғау сияқты тиімділік жағынан қолданып қоймай, жеке ақ­парат­тардың қауіпсіздігіне мән беруге тиіспіз.
Осы тұрғыда Сингапурда жақсы бір үрдіс қалыптасқан екен. Турист болып бара қалсаңыз, әуежайда төлқұжатыңызды ұсынып, бейнебақылауға бір рет қарауыңыз керек. Қайтар жолыңызда құжатыңызды сұрамайды, бақылауға қарасаңыз жет­кілікті. Төлем карталарына қолдың табын пайдалану да қауіпсіздікке жатады. Осы мәселені «Қазпошта» АҚ-мен жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жақында Францияда іссапарда болып қайттым. Бейнебақылау арқылы бейнеңізді танып, жеке тұлғаңызды анықтайтын жүйе жолға қойылыпты. Мысалы, көлігіңізге жақын­дағанда темір тұлпарыңыз сіздің бет бейнеңізді танып, іске қосылады. Яғни, қарапайым адамдардың өмірін жаңа технологиялар арқылы жеңілдетуге болады. Әлем елдері қолданып жатқан жетістіктерді біз де күнделікті өмірде қолдануымыз қажет» деген ойын ортаға салды.
Форум аясында Еуразиялық үкі­метаралық кеңестің отырысы да өтті. Жиынға Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Арменияның премьер-министрі Карен Карапетян, Беларуссияның премьер-министрі Андрей Кобяков, Қырғызстанның премьер-министрі Сапар Исаков, Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты.
Үкімет басшылары ЕАЭО-ға мүше елдердегі макроэкономикалық мәселелерді бірлесе шешуді талқыға салды. Сондай-ақ келешекте тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін тиімді ұсыныстарды қарастырды. Сонымен қатар Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы былтырғы өзара сауда-саттық барысы, бірлесіп қолға алынған жобалардың келешегін сөз етті. Мемлекеттер арасындағы өзара сауда айналымымен қатар 2017-2018 жылы ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс жайын қарастырды. Оның ішінде, азық-түлік, зығыр талшығы, тері-былғары ши­кізаты, жүн, мақтаның тауар айналымдағы сұранысы жеке қаралды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев баяндамасында Еуразиялық одақ қызметін дамыту үшін жасалған тәжірибелік қадамдардың оң нәтижесіне тоқталып өтті.
– ЕАЭО қалыптастыру жұмысы жалғасу­да. Біздің үшжылдық жұмысы­мыздың оң нәтижесі бар. Одақтың қазіргі және келе­шектегі дамуымен байланысты бірқатар маңызды құжаттарды қабылдадық. Бұған дәлел ретінде ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексінің биыл 1 қаңтарда күшіне енуін айтуға болады. Осылайша, кедендік ресімдеудің жедел өтуі үшін жағдайлар жасалды. Жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан ЕАЭО шеңберінде де, үшінші елдермен сауда саласында да тауар айналымы өсімінің оң қарқынын сақтап қалды. 2017 жылы Қазақстан экономикасында айтарлықтай өсім байқалды, алдын ала деректер бойынша 4 пайызға артты. Экономиканы цифрландыруға жоспарлы көшу салдарынан жұмыстан босатылған еңбек күшін жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар мәселе өзекті болып тұр. Азаматтарымыз жаңа жұмыс орнын, соның ішінде Одақ аумағында да, салыстырмалы түрде жылдам табу мүмкіндігіне ие болуы керек, – деді Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы Бірыңғай интеграцияланған еуразиялық электронды еңбек биржасын құру және қызметкерлерге қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын әзірлеу жайын екі ел президенті бірлесе талқылағанына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Еуразиялық одақ шеңберіндегі ауқымды бастамаларды жүзеге асыру жалғаса бермек. Бірлесе жұмыс істеуді ары қарай дамыту үшін шешілуі қажет бірқатар жайттар болашақта шешімін табады. Әсіресе, кедендік өткізу, қабылдауды автоматтандыру мәселесі оңтайлан­дырылады. «Бірыңғай кедендік аумақ жағдайында экспорт кезіндегі кедендік декларацияларға, теміржол көлігін уақытша әкелуге қатысты интеграция жоқ. Осыған байланысты комиссияның шешімдеріне, сондай-ақ көлік саласындағы халықаралық заңнамаға өзгертулер енгізу бойынша бірлескен жұмысты жүргізу қажет деп есептеймін» деген Бақытжан Сағынтаев бірлесе жұмыс істеудің тиімділігі оң нәтиже әкелетініне сенім білдірді.
Өзара кедендік кедергілерді жою үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жылдамдатып, көлік құжаттарындағы кедендік белгілерді электронды түрде ұсыну мүмкіндігін қарастыру маңызды әрі ыңғайлы. Алдағы уақытта Қазақстан «Астана-1» ақпараттық жүйесін кезең-кезеңімен енгізбек. Еуразиялық үкімет­аралық кеңес отырысының нәтижесінде, 14 құжат қабылданды. Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше мемлекеттер аума­ғында тауар айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған және премьер-министрлердің тапсырмасы бойынша әзірленген, Еуразиялық эконо­микалық одақта тауарларды сәйкестендіру құ­ралдарымен таңбалау туралы келісім, өнеркәсіп саласында мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ереже бекітілді. Одаққа мүше мемле­кеттердің қызметкерлерін зейнетақымен қамсыз­дандыру туралы шартты жүзеге асыру, макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар, ЕАЭО мүшелері арасындағы өзара сауда және АӨК дамыту болжамдарына қатысты мәселелер бойынша үкіметаралық кеңестің өкім­деріне қол қойылды. Аталған келісімдер негізінде экономиканы, тауар айналымын, қызмет көрсету бағытын, еңбек және капитал нарығын цифрландыруға байланысты мәселелер тиімді жолмен шешіледі. Мұндай маңызды келісімдер Қазақстан экономикасы үшін де өте қолайлы. Мәселен, Премьер-министрдің айтуынша, 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы 15,6 миллиард долларды құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 28 пайызға ұлғайған. Оның ішінде ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттерге өң­делген тауарлар экспорты 34,4 пайызға өскен. 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібін қабылдаған Еуроазиялық эконо­микалық одақ даму қарқынын үдетпек.
Жиын соңында журналистердің сауал­дарына жауап берген Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев Ресей нарығының мүмкіндігі туралы айтты. «Біз ІТ технологияны бірлесіп дамытуымыз керек. Еркін тауар айналымына жан-жақты жағдай жасай алсақ, бизнес те өркендейді. Бизнес өркендеген аймақта қаржылық айналым көлемі артады. Мәселен, біз достарымыз бен серіктестерімізге кез келген есікті ашуға дайынбыз. Сондай-ақ Еуразиялық одақ елдеріндегі цифрлы нарық, ақпараттық технологиялар нарығы біздің елді де қызықтырады. Еуразиялық одақта бұл нарық әлі де өте аз. Жиындағы әріптестерім ұсынған тізім мен ұсыныстар көлемі өте ауқымды. Олардың арасындағы тауар айналымы миллиардтаған доллар көлемінде. ІТ технология нарығын бірлесе игерсек, бәрімізге тиімді. Экономика бірлескен кезде ғана дамиды» деді Дмитрий Медведев.
Үкімет басшыларының кеңес отырысы мемлекеттер арасындағы ынтымақтас­тықпен қатар экономикалық байланысты жаңа бағытта нығайтпақ.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, 
Майра ЖАНЫСБАЙ
06 ақпан 2018 ж. 1 049 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930