Жапония әскері аюлармен күресуге көмектесіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның құрлық әскері Акита префектурасының солтүстік-шығысында аюларды жою операциясына көмекке келді, деп хабарлайды Kyodonews. Жапонияның құрлықтағы өзін-өзі қорғау күштері (GSDF) префектура үкіметімен 30 қарашаға дейін жәшік тұзақтарын орнату және тасымалдау сияқты қолдау көрсету туралы келісімге қол қойды. Бірақ қызметкерлер аюларды өздері атпайды, тіпті операция кезінде қару алып жүрмейді.Шенеуніктер арнайы шара Казуно қаласында басталғанын және қажет болған жағдайда басқа да аумақтарда жүзеге асырылатынын айтты. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың сәуір айынан бері елде аюдың шабуылынан 13 адам қайтыс болған. Акита префектурасының өзінде 60 аю шабуылы тіркеліп, 4 адам көз жұмған. GSDF қызметкерлері аңшыларды тасымалдап, аю өлексесі көмілген жерлерді қазып, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы ақпарат жинайды.
— Біз муниципалитеттермен тығыз ынтымақтастықта өзін-өзі қорғау күштерінің қызметін қолдағымыз келеді, — деді Акита губернаторы Кэнта Судзуки қол қою рәсімінен кейін.
Өзін-өзі қорғау күштерінің 9-шы эскадрильясының қолбасшысы Ясунори Мацунага Акита префектурасында аюлардың келтірген зияны маңызды мәселе екенін атап өтті.
— Біздің пайдамыз тиюі үшін мүмкіндігінше әрекет етуді жалғастырамыз, — деді ол.
Қолдауды Акита лагерінде орналасқан жаяу әскерлер полкі қамтамасыз етеді.
Ал Ұлттық полиция агенттігі офицерлерге аюларды мылтықпен атуға рұқсат беруді қарастырып жатыр. Ішкі істер және коммуникациялар министрлігі жергілікті билікке аң аулауға және оқ атуға рұқсаты бар мемлекеттік қызметкерлерді табуға көмектесуді жоспарлап отыр. Кеше GSDF-тің 15-ке жуық қызметкері аңшылар қауымдастығының мүшелерімен бірге қорап тұзағын шамамен 10 шақырым қашықтыққа Казуноға тасымалдаған. Бүгін бұл іс-шара Одате және көмек сұраған басқа муниципалитеттерде жалғасады деп жоспарланған. GSDF-тің жеке құрамы сауыт-саймандармен, ұзындығы шамамен 165 сантиметрлік мылтық тәрізді шыбықтармен, қорғаныс қалқандарымен және аюдан қорғайтын спреймен жабдықталған. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, сәуір мен қыркүйек аралығында елде аюларды бақылаудың 20 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Аюлардың саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 мыңға артық. Айта кетейік, Жапонияның таулы аймағында аю талаған әйел қаза тапты.








