Оңтүстік Корея «Темір күмбез» аналогын әзірлеу үстінде
АСТАНА. KAZINFORM – Ел үкіметі аталған құрылғының құрылысына 329 млн доллар бөлуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Yonhap ақпарат агенттігі. Оңтүстік Корея дүйсенбі күні Солтүстік Кореядан келетін артиллериялық қауіптерге қарсы қорғанысты күшейту үшін Израильдің «Темір күмбезіне» ұқсас өзінің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін әзірлеуді ресми түрде бастады. Ел үкіметі 2028 жылға қарай төмен биіктіктегі зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін (Low-Altitude Missile Defense, LAMD) дамытуға 479,8 млрд вон (329 млн доллар) бөлуді жоспарлап отыр. Оңтүстік Корея Сеулдегі әуе қорғанысын күшейтуге ұмтылу үстінде, өйткені Солтүстік Кореяда елдің 51 млн халқының жартысы тұратын ел астанасы аймағының ауқымында ұзақ қашықтыққа атылатын көптеген артиллериялық қондырғы бар. Оңтүстік Кореяның қорғаныстық сатып алу бағдарламасының басқармасының (DAPA) мәлімдеуінше, бұл жүйе негізгі әскери нысандарды Солтүстік Кореяның артиллериялық қауіп-қатерінен қорғауға көмектеседі. Жобаға қорғанысты дамыту мемлекеттік агенттігі мен LIG Nex1 Co., Hanwha Aerospace Co. және Hanwha Systems Co. сияқты қорғаныс компаниялары қатысады, деп хабарлады DAPA. Еске сала кетсек, 14 қаңтарда Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды. Сондай-ақ 6 қаңтарда КХДР Жапон теңізіне қарай (болжам бойынша) баллистикалық зымыран ұшырды.