Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕТ ЕЛ АСҚАН ШӘКІРТТЕР

ШЕТ ЕЛ АСҚАН ШӘКІРТТЕР

Мұхит асып, білім алып, арман-мақсатқа жету әрбір жастың арманы екені сөзсіз. Бөтен елде білім алғанның өзі бүгінде бөлек мәртебе іспеттес. Себебі, баласының шет елге тегін оқуға түсуі – ата-ана үмітінің ақталғаны, ұстаздың шәкіртімен мақтанғаны емес пе? Расында, өзге мемлекеттің студенті атану тек әке-шешеге емес, бүтін бір ауылға үлкен абырой. Осыдан 10-15 жылды артқа тастар болсақ, шет елге оқуға түсу мүмкіндігіне екінің бірі ие бола алмайтын. Мемлекеттің қазақ студенттері үшін берген грантына тек білімді, үздік оқушылар ғана таласа алатын. Инемен құдық қазып, ілім ізденген талапкерге мемлекеттік бағдарламалар да мүмкіндік қарастырған. Айтып отырғанымыз – «Болашақ» бағдарламасы.
«Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз елдің ертеңін ойлайтын ел жастарына берілген үлкен сый. Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл халықаралық бағдарлама қазақ жастарының әлемдік деңгейдегі үздік университеттерінде білім алуына үлкен мүмкіндік берді. 1993 жылы 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасалып, олардың технологиялық үлгіге сай білімін жетілдіріп, білікті маман болуына жол ашты. Бұл бағдарламаның қарапайым ауыл баласына берген мүмкіндігі көп. Тәртіп пен талабы да соған сай. Қысқасы, жыл сайын бұл бағдарламамен оқуға түсемін деген әрбір талапкерге заң күшейтіліп, шетелдік студент атану әлдеқайда қиындаған. Дегенмен, қазіргі таңда бұл мәселе емес. Себебі, мектеп қабырғасындағы үлгерімі төмен оқушының өзі қазір қалаған оқу орнына еш қиналмастан бара алады. Қалай дейсіз бе?
Әлеуметтік желінің қарыштап дамып тұрған кезеңінде атшаптырым жерден жылдам хабар алып, өзіңізге қажеттінің барлығын таба аласыз. Әлем елдеріндегі жаңалықтан алғашқылардың бірі болып хабардар да боласыз. Жаныңызға керекті жылдам тауып, жат жерде жүрген жақыныңмен де байланысуға мүмкіндік бар қазір. Не керек, қолжетімділіктің барлығын желінің түр-түрінен тауып, жеңілдік атаулыға ие болуға да мүмкіндік көп. Шет елде білім алуға да болады. Ол үшін қалтаңызда қаражатыңыз болса жеткілікті. Үлгерімім төмен деп салыңыз суға кетіп, еңсеңіз түспейді. Мұндайда сізге инстаграм желісі немесе, түрлі сайттар көмекке келеді. Тіпті қазір шет елге ешқандай емтихансыз оқуға түсуге болады-мыс. Ол үшін ұялыңызды қолыңызға алып, инстаграм желісіне «образование в...» деп жазып, іздегеніңіздің арасынан қалаған мемлекетіңіз бен өзіңізге ұнайтын университетіңізді таңдап, кеңесші мамандармен хабарлассаңыз жеткілікті. Олар сізге өз қызметтерін ұсынып, кеңес беруге әзір. Мұндай компанияларды таңдасаңыз, ешқандай емтихан тапсырмайсыз, оқуға түсу үшін дайындыққа уақыт кетірмейсіз. Бар болғаны өздері сұраған ақысын төлесеңіз болғаны. Бұл сонда кімге пайда?

КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТ ҚҰНЫ ҚАНША?
Статистиканың берген мәліметі бойынша соңғы үш жылда шетелде білім алып жатқан студенттердің қатары артқан. Олардың 30 проценті Түркияда , қалған студенттер Ресейде, Ақш-та, Қытайда, Корея т.б. елдерде білім алуда. Басым көпшілігі ақылы негізде оқуға түскен. Демек, студенттердің дені арнайы компаниялардың көмегіне жүгінген. Елімізде мектеп оқушылары мен колледж бітірген жастарды оқуға түсіріп беретін компаниялардың түрі көп. Мәселен, Қытайда білім алғысы келетін жастар үшін «Chaina.kz», «Цинхуа», «Нанджуга» сынды компаниялар ақылы қызмет жасайды. Ешқандай емтихансыз білім алуға болады. Мұндай компаниялармен оқуға түсіп, білім алып жатқан студент саны көп болғандықтан, бағасы да жоғары. Қызмет құны 500 мың теңгеден басталса, ең қымбаты 1,5 млн теңгеге дейін кете береді. Бұл бағаға компания менеджерлерінің сізге университет таңдауға жәрдемдесіп, сізді Қытайдан қарсы алып орналастыруы, медициналық сақтандыруы, құжаттарды реттеу жұмыстары кіреді. Оқу ақысын өзіңіз төлейсіз. Әр оқу орнының құны әр түрлі болғандықтан, кемінде миллион теңгемен бармасаңыз, компания сізге ары қарай жауап бермейді. Бірақ мұндай компаниялардың көмегіне жүгінемін деп далада қалып, ақшасынан қағылып жатқандарда жетерлік. Қысқасы, мұндай компаниялар заңсыз болғандықтан абайлағаныңыз абзал. Әйтпесе алданып қаласыз. Ең дұрысы компанияны таңдау үшін, шет елде білім алып жатқан студенттердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал.
Соңғы бес жылда дініміз бір тіліміз ұқсас Түркия елінде білім алатын қазақ жастары көбейген. Грантта оқып жатқан жастар да жетерлік. Олардың басым көпшілігі Қазақстан мен Түркия елшілігінің жасаған «Түркия бруслары» бағдарламасы арқылы оқуға келгендер. Негізінде бұл да «Болашақ» бағдарламасы секілді халықаралық бағдарлама. Алайда, мұнда тегін оқуға түсуге мүмкіндік көп. Шикілік бар. Интернет желісінде «түркия брусларына түсіріп беремін» деген жарнамадан көз сүрінеді. Ақысын төлесеңіз, арнайы адамдар сіздің орныңызға құжаттарыңызды тапсырып, бірінші кезеңнен өтіп береді. Бұл қызмет құны бакалавриятқа 80 мың, магистратураға 90 мың теңгеден жоғары. Адамды дұрыс таңдасаңыз, асығыңыз алшысынан түсіп, екінші кезеңге өтесіз. Екінші кезең Алматы қаласында өтеді. Егер сұрақ-жауаптан мүдірмей өтсеңіз сізге тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Ал, грантқа түсе алмасаңыз, ақылы негізде де білім алуға мүмкіндік бар. Түркияда білім алу біздің елге қарағанда әлдеқайда арзан. Мәселен, «bilim station, education indasrty, merhaba kz» сияқты компаниялардың көмегіне жүгінсеңіз, сіз кез-келген университетте өте арзан бағада білім ала аласыз. Қазақ студенттері үшін Мерсин, Сакария, Карабук, Измир, Кютахья, Алания, Стамбул университеттері 80 процент жеңілдік жасайды. Қазақстанда университет бағалары 250 мыңнан жоғары болса, мұнда 150 мың теңгеден басталады. Сондықтан болар, қазақ жастары әлемдік университеттерге баруға құмар.
Әдетте Қазақстаннан шетелге студент алып кететін компаниялар әр жыл сайын кемінде 200 студенттің әр-түрлі құжатын дайындап орналастырады. Өздеріңіз білетіндей, олар сізге жоғарғы оқу орнын таңдауға жәрдемдеседі, тіл үйренуге яғни «томер» курсына даярлайды, құжаттарыңызды реттейді. Ал қалған жауапкершілікті мектепті кеше ғана бітірген студент өз жауапкершілігіне алады.
Әрине әрбір ата-ана баласының жетістікке жеткенін қалайды. Алайда шетел асқан шәкірттер, мықты маман ретінде елге оралуға құлық танытпайтынын несіне жасырамыз. Қазақстаннан шыққан әрбір студенттің «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымды санасына құйып отырғанымыз да жөн емес пе?
Елімізде орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында Қазақстанда жоғары білімге қолжетімділік мәселесі өзекті болып қала беретінін айтып өткен болатын. Мемлекет басшысының биылғы жылдан бас¬тап, жетекші техникалық университеттер филиалын ашу ісін жоспарлағанын білеміз. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу керектігін айтқаны барша халықты қуантқан болатын. Елімізде шет елдік университеттің 5 филиалы ашылса, демек шетелде білім алатын жастардың қатары азаяды. Қорқыныш та сейіледі. Расында, өз елімізден де мықты жоғары оқу орындары ашылып, кез-келген шәкірттің дұрыс білім алуына жағдай жасалса, қаракөз қыздарымыз бен ержүрек ұлдарымыз шетел асып кетпейді. Өз еліне қызмет қылады.

Сымбат Сұлтан


18 қараша 2022 ж. 1 990 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930