Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғайып болған арал

Ғайып болған арал

Әлемдегі барлық нәрсе өзгереді, бірақ картадағы орны өте нақты жердің кенеттен ешқандай түсіндірмесіз жоқ болып кетуі таңғаларлық жағдай. Әңгіме әрине біздің заманымыздың басты географиялық құпияларының бірі – Мексика шығанағындағы жоғалып кеткен арал жайында болмақ.
Арал Бермея немесе Бермеха (La Isla Bermeja) деп аталды. Ол «Жирен» деген мағынаны білдіреді. Себебі арал алыстан жирен түсті болып көрінетін. Барлығы 80 шаршы шақырым болатын кішкентай аралды XVI ғасырдың соңында португалдық теңізшілер ашып, картаға енгізген. Бірақ ХХ ғасырдың 90-жылдарында Бермея аралы із-түссіз жоғалып кетті. Енді оны жергілікті тұрғындары «Елес арал» деп атайды.
Аралдың бар екендігі туралы факт ешқашан күмән тудырмаған. Себебі көптеген карталарда оның нақты орналасқан жері дәлме-дәл көрсетілген. Дәлірек айтсақ, арал Мексика шығанағындағы Юкатан түбегінің солтүстік-батыс жағалауынан 200 шақырым жерде, карталарда белгіленген басқа аралдардан алыс емес жерде орналасқан. Аралдарды қайта картаға түсіру үшін 1997 жылы арнайы экспидиция жасақталып, өзге аралдардың бар екендігін нақтылаған. Алайда экспидиция өкілдері сол аралдар ішінен тек Бермея аралын таба алмаған. Дегенмен жергілікті тұрғындар бір ауыздан аралдың сол маңда болғандығын айтқан.
Бұл жұмбақ Мексика үкіметін де қатты таң қалдырып, 2009 жылы депутаттар палатасы Мексика ұлттық университетіне бұл мәселені шешуді тапсырады. Нәтижесінде ғалымдар Аралдың жоғалып кеткендігін растайды. Одан әрі сот талқылауы, ең алдымен, байғұс ­Бермея аралының саяси ойындардың құрбаны болғанын көрсеткен. Себебі арал Мексика мен АҚШ-тың мұнай өндірісінің даулы аумағында орналасқан еді. Мексикалық сенаторлардың бірінің айтуынша, арнайы қызметтер Ойос-де-Дона деп аталатын мұнай алаңына қол жеткізу үшін аралды жарып жіберген екен. Сөйтіп саяси ойындар бүтіндей бір аралды елес аралға айналдырыпты.

Рамазан ӘНӘПИЯ
09 тамыз 2022 ж. 3 995 0