«Калькулятор қыз» атанған Орынгүл Арыстан: Қоғамға пайдамды тигізгім келеді
Орынгүл Арыстан – еліміздің атын халықаралық деңгейге шығарып, дарыны мен талантын бірнеше мәрте дәлелдеген зерек оқушы. Әлем чемпионы қазіргі таңда немен айналысып жүр? Болашақта кім болуды армандайды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу мақсатында ерекше қабілеті бар жаспен тілдесіп, сұқбат құрдық.
«Калькулятор қыз» атанып кеткен ару 2006 жылы Ақтау қаласында дүниеге есігін ашқан. 11 жасында Малайзия елінде өткен менталды арифметика олимпиадасында І орынды қанжығасына байлады. Араға бір жыл салып, дүниежүзінің 150 білімді жас математигімен бірге 30 мың есепті 26 минут 26 секундта шығарып, әлемдік рекорд орнатты.
«Бастауышта оқып жүргенімде математика пәні біраз қиындықтарды тудырды. Үлгерімімді жақсартып, білімімді арттыру үшін анам мені 3-сыныпта менталды арифметика курстарына қатыстырды. Бастапқы кезден-ақ тез үйреніп кеттім. Ұстазым жылдам есептеуге дейін бейімімді байқап, түрлі жарыстарға қатыстыра бастады. Облыстық, республикалық, халықаралық додаларда бағымды сынап, чемпион атандым», - деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.
Орынгүлдің айтуынша, менталды арифметика аз ғана уақыттың ішінде өміріне елеулі өзгерістер әкелген.
«Бұрын математика пәні мұғалімінен ескертулерді жиі алсам, бүгінде есеп шығаруда аса қиналмаймын. Бұл саланың арқасында көкжиегімді кеңейтіп, біраз елдерді араладым. Сондай-ақ керемет жандармен таныстым», - дейді ол.
Қазіргі таңда жас дарын IT мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы. Сұқбат барысында алғыр ару жаңа қызығушылығы бар екенін де жасырмады.
– 6-сыныпта №17 мектептен IT лицейіне ауыстым. Оқуым қиындай бастаған соң, сабағыма дұрыс зейін қоя бастадым. Араласатын ортам да өзгеріп, жаңа достар таптым. Бәлкім, содан болар, қызығушылықтарым ауыса бастады. Бүгінде бимен айналысамын, шетел әдебиетін оқимын. Сүйікті кітабым – Хәрри Поттер. Кейде сурет саламын.
Бір қызығы: Орынгүл математик емес, дәрігер болуды армандайды.
– Болашақта білімді де білікті дәрігер болғым келеді. Себебі, медициналық мәселелер көбейіп кетті. Олардың шешімін тауып, қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Медицина – өте қызық сала. Алдағы уақытта білімімді шетелдік жоғары оқу орнында жалғастыруды көздеп отырмын.
Диана Асан
ruh.kz