Британдықтар Қазақстан халқына мерекелік құттықтауларын жолдады
Британдықтар Ұлыстың ұлы күніне орай қазақстандықтарға ерекше құттықтау жолдады.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА хабарлады.
Қазақстанның Лондондағы елшілігі әлеуметтік желіде тұманды Альбион тұрғындары Наурызға орай қазақстандықтарды құттықтаған видеоролик жариялады. Наурыз - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті мерекені тойлау кеңес заманы кезінде үзілді. Қазақстанда да талай жылдар бойы бұл діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы елімізде 1998 жылдан бастап қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Еске салайық, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, «Бағзы заманнан келе жатқан мереке Тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Мінеки, Тәуелсіздікті алғалы бері осы Наурызды атап келе жатырмыз. Түбінде бұл біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады», - деген еді. Айта кетейік, Американың «Humming House» фолк-тобы да ерекше құттықтау арнап, «Үркер» тобының әншісі Айдос Сағатовпен бірге әйгілі «Наурыз» әнін орындаған болатын. Бұдан бөлек, қазақстандықтарды Наурызбен Латвия мен Грузия тұрғындары құттықтады. Құттықтау-бейнежазбасын ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі өз парақшасында жариялады.