Теңіз бен тау, грузин шарабы мен асханасы: Батуми қазақстандықтарды несімен қызықтырады
Жаз шықса шетелге асығамыз. Әлемде бір елден екінші елге сапар шегіп жүретін 900 млн турист болса, оның ішінде аз да болса қазақстандықтар баршылық. Отандастарымыз жиі демалатын елдердің ішінде Грузия алдыңғы орындардың бірінде тұр. Жыл сайын бұл елде 10 мыңға жуық қазақстандық демалады. Ал Қара теңіздің жағасында орналасқан Батуми туристерді несімен өзіне тартатынын Baq.kz тілшісі өз көзімен көріп, біліп келді.
Аджария – Грузияның оңтүстік батысында орналасқан автономиялы республика. Астанасы – Батуми. Қазіргі уақытта Аджариядағы шипажай маусымы – жаз. Аймақ билігі туризм саласын тек жазға ғана емес күз, қыс, көктемге де бейімдеп жатыр. Аджария курорт және туризм департаменті қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы Иракли Барамидзе аймақтың туристерді төрт маусымда да қабылдауға қауқарлы екенін айтады. Себебі Грузияның туризм саласындағы бұл аймақтың үлесі 70%-ті құрайды. Өйткені мұнда зауыт та, фабрика да жоқ, тек туристік қызмет ұсынады.
«Біз қазір субтропикалық зонада тұрмыз, сол себепті бұл жерде ешқашан төмен ауа температурасы болмайды, тек плюс. Бірнеше жылдан бері жазғы демалыс маусымын ғана емес, шипажай демалысы жылға ұласуы үшін шаңғы курортын салып жатырмыз. Күз де, қыс та өте жылы, ал көктемде табиғатымыз өте керемет. Біз ешқашан біреуден көшірмейміз. Түркия, Болгария, Украина, Ресей болсын Қара теңіз жағасындағы әр елдің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Біз соңғы 10 жылда курортты аймақ ретінде дамып, өзімізді барынша жарнамалап келеміз», - деді ол.
Грузияға негізінен шекаралас елдерден, әсіресе Әзербайжан, Түркиядан, Ресейден, Украинадан туристер көптеп келеді. Әзірше 40-қа жуық елден туристерді қабылдаймыз. Қазақстаннан да келетін туристер саны ұлғаюы үшін департамент күні-түні жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда департамент Аджарияға нақты туристер келетін 16 елмен тығыз жұмыс істеп жатыр. 2015 жылы 4200, 2016 жылы 10708, 2017 жылы 10229 қазасқтандық Батумиде қонақ болған. Ал 2018 жылы қаңтардан сәуірге дейін 999 қазақстандық келген. Барамидзе динамикаға қарап жыл сайын Қазақстаннан келетін туристер саны артып келе жатқанын айтады.
«Тікелей рейстің қосылуы туристер ағынына жақсы әсерін береді деп ойлаймын. Астанаға ғана емес, басқа аймақтарға да тікелей рейс ашқымыз келеді. Қазақстан өте үлкен болғандықтан мұны дәл қазір жасамасақ та, болашақта іске асырамыз. 18 маусымда ашылған Астана мен Батуми арасындағы тікелей рейс біздің жерімізге қазақстандық туристердің көптеп келуіне үлкен әсер етеді. Сонымен қатар біздің де азаматтарымыз сіздерге барады. Рейс құны арзан әрі жайлы болғанда туристер ағыны көп болады» - деді Барамидзе.
Аджарияның ерекшелігі тау мен Қара теңіздің ортасында орналасқан. Тау мен теңіздің арасы шамамен 2 сағат. Батумиге жақын жерде Годердзи тау шаңғы курорты бар. Қыста келгенде немен шұғылдануға болатынын Иракли мырза айтып берді.
«Аджария өте ықшамды, тауға жап-жақынбыз. Аймақ теңіз деңгейінен 3500 метр биікте орналасқан. Әлемдік класстағы 5-6 қонақ үй салынып жатыр. Бірнеше жыл Годердзи курортын жарнамалап келеміз. Ол жерде бәрі бар. Бір ғана маусымға қарап қалуға болмайды, жыл бойынғы туризмді дамытуымыз керек. Сіздерде өте суық кезде бізге келсеңіздер болады. Теңізге түспесеңіздер де жұқа күртешемен немесе пиджакпен жүре аласыздар. Қыстың келіп-кеткенін байқамаймыз. Табиғатта жапырақтардың сарғайып, жерге түсуімен қыс келсе субтропикалық климат болған соң бізде ондай жоқ. Қыста тұрсаң да суықты сезбейсің. Мұнда әр адам қыста жаны қалайтын іспен шұғылданады. Мысалы, гастрономия, шарап тарихы мен мәдениеті, шұғылданамын десеңіз іс көп. Кез келген маусымда Аджарияға келіп уақытты бос өткіземін деу мүмкін емес», - деді грузин.
Иракли Барамидзеден қазақстандықтарды Грузия несімен қызықтыра алады деп сұрағанда төмендегідей аргументтер келтірді.
«Грузиндер мен қазақтар бұрыннан жақсы дос. Біріншіден, екі ел үшін де ана тілі саналмайтын орыс тілінде еркін сөйлесуге болады, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Екіншіден, төрт мезгілде де төмен ауа температурасы болмайды. Үшіншіден, қонақжайлылық барлық елде бар болса да Грузияның қонақжайлылығына жетпейді. Грузин ретінде айтарым, бұл біздің қанымызда бар. Мұны сезіну керек. Төртіншіден, бірнеше сағатта басқа рейске ауыспай бірден ұшып жетуге болады. Бесіншіден, егер ол адамды құрметтеп, жақсы көрсең, онымен жақсы қатынаста болсаң әрдайым оған барғың келіп тұрады. Мен қонақжайлылық, қызмет сапасы туралы айтып тұрған жоқпын, олар да негізгі фактор. Ең бастысы біз дос ел болған соң бір-бірімізге қонақ боламыз. Бұл туризмнің негізгі бөлігі», - деді ол.Оның айтуынша, турфирмалардың «барлығы ішінде» деген ұсынысымен саяхаттайтындар баратын елдің колоритін жете сезіне алмайды. Теңіз бен бассейнге түсіп, тамақтанып, ұйықтап уақыт өткізеді. Ал Аджарияның ерекшелігі тау мен теңіздің арасында орналасуы болып отыр. Барамидзе көқктемде келгенде бір сағаттың ішінде тауға апарып шаңғы тепкізіп, содан соң теңізге суға түсіре алатынын айтып сендірді.
«Мұндайды бұрын-соңды көрдіңіз бе, қандай ел осындай сервисті ұсына алады?» - деп бізді таңдандырды ол.
Грузин асханасы өте бай. Бірінші күннен-ақ бір адам тауыса алмайтын хачапуриді алдымызға қойып, қалай жеуді үйретті. Батумиден кеткенімізше хачапуридің бір емес, бірнеше түрінің дәмін таттық. Мчади деген жүгеріден жасалған нанын ұсынды. Кәуап пен кебабтың түр-түрі бар. Бір қызығы қазақта да дастарханды сыйласа, грузиндерде де сол дәстүр жақсы сақталған. Грузиндердің дастарханы «супра» деп аталады. Супрада ұлттық тағамдары мен шараптарының қаншама түрі қойылады. Келген қонаққа ұлттық билерін көрсетіп, хормен дәстүрлі әндерін айтып береді. Супра кезінде асаба сайланып, сол шараны соңына дейін жүргізеді. Өз көзімізбен көрген мұндай грузин дастарханы ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени құндылығы ретінде қорғалатынын білдік.
«100% грузин бола тұра сіздерге асханамыз туралы дөп басып айта алмаймын. Себебі мен қайда болсам да, қаншама елдің асханасын көрсем де өз елімнің тағамдарын аңсап тұрамын. Себебі біріншіден, олар менің жаныма жақын, екіншіден, менің елімнің асханасынан дәм татуды қаламайтын қонақты әлі кездестірмедім. Үстел басына жайғасып асаба сөйлеген кезде қонақтарға сол елдің менталитетін сезінуге мүмкіндік береді. Туризм жәй қарапайым адам үшін бірінші кезекте адами қарым-қатынаспен бағаланады», - деді Барамидзе.
Сондай-ақ, Грузия жүзімнің сабағы алғаш өскен жер және жүзім шаруашылығының мәдени отаны болып саналады. Грузия жерінен б.з.д ІХ – Х ғасырларға жататын металл мен саздан жасалған шарап ыдыстары мен тас сыққыштар табылған.
«Біз грузин шарабын бұрыннан жарнамалап келеміз. 8 мың жыл бұрын Грузия шараптың отаны екені дәлелденген. Қазіргі таңда жүзімнің 520 түрін өсіреміз, соның бәрінен шарап дайындалады. Келген қонаққа қанша сомаға болса да шарапты сата беріңдер деп айтамын», - деді ол.
Грузия қымбат ел емес. Бір литр суды мұнда 1 лариге алуға болады. Егер түстенгіңіз келсе бір адам орта есеппен 20 лариге шараппен қоса толықтай тамақтана алады. Иракли мырзаның айтуынша, мейрамхана иесі келген адамның қонақ екенін көрсе екі литр шарапты тегін қалдырып кетеді. Яғни Грузияға келген турист қанша ақша жұмсаса жергілікті халық қонағы үшін одан он есе артық жұмсайды.
«Қонақ менің үйімнің табалдырығын аттаған сәттен мен оған жауаптымын. Ол осы саяхатынан ләззат алуы үшін, өзін жайлы, жақсы сезінуі үшін бәрін жасаймын. Турист күніне елімізге 50 лари қалдырса, ал грузин одан да артық жұмсайды. Себебі оның жүрегі солай, қонақты сыйлайды. Аджарияда 300 мыңдай тұрғынның әрқайсысы келген туристі қонақ деп санайды», - деді Барамидзе.Аджария туризм және курорт департаменті Батумидегі туризм саласын дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар атқарып, жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мұнда жеке бизнесін ашамын дегендерге басымдық беріледі.
«Біз аптасына 7 күн 24 сағат жеке бизнесті қолдау үшін жұмыс істейміз. Адамдарға ұсыныс айтып қана қоймаймыз. Бірінші кезекте департамент Аджариядағы туризмді басқа елдерге жарнамалаумен айналысады. Жыл сайын 16 елмен тығыз байланыс орнатып, жарнамалаймыз. Әлемде 900 млн турист болса, әзірше біз 0,5%-ін қамтып отырмыз. 16 елді таңдап алған себебіміз екі жақты әуе желісі бар. Сондай-ақ жаңа жобалармен жұмыс істейміз. Қытай да елімізге қызығушылық танытып отыр, олармен де байланысты жақсартқымыз келеді. Айта кетсек, Аджарияның өз бюджеті, Грузияның өз бюджеті бар. Екеуі екі бөлек», - деді Иракли мырза.
Өңірдегі жеке бизнесті дамыту мақсатында департамент көптеген тренинг өткізіп, адамдарды қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге дайындайды. Мұның бәрі тегін. Мысалы мейрамхана менеджері, даяшы секілді мамандар оқытылады. Тіпті осыған дейін шетелдіктерге жақсы қызмет көрсету үшін Аджарияда жергілікті халыққа ағылшын тілін үйрету жобасы қолға алынған.
«Қазіргі таңда мұнда әртүрлі елдің 150 туристік компаниясы бар. Осында Әділет министрлігіне барып жарты сағатта 20 еуроға туристік компания ашуға болады. Басқа ештеңе керек емес. Шағын бизнес өкілі күніне 1000 лариге дейін табыс табатын болса оған салық салынбайды. Соған сай туризм дамып жатыр. Аджария бюджетінің негізгі бөлігі осы туризмге байланысты. Адамдардың 70-80%-і туризммен күн көріп отыр. Келетін әр турист мұнда біздің күнкөрісіміздің белгілі бір бөлігін тастап кетеді. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сол үшін ең бірінші сервистің жақсы болуын қалаймыз.», - деді ол.
Грузияда туризм саласын дамыту соңғы он жыл көлемінде ерекше қолға алынды. Қазір жылына Грузияға 8 млн турист келеді. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 миллионға да жетпеген. Сол себепті Иракли мырза бір орында тоқтап қалмай алға жылжи беретінін айтты.
«Батумиде жыл сайын шілде айында джаз фестивалі өтеді. Жақында қазақ күресінен Еуропа чемпионаты өтті. Біз дос ел ретінде қазақтың күресін өз жерімізде өткізіп жатырмыз. Қазақстан күрестің осы түрін Олимпиадаға енгізуді көздеп отыр. Сол себепті сіздерді жақсы түсінеміз. Теңіз, қонақ үймен шектеліп қалмау үшін осындай шаралар ұйымдастырамыз», - деді Барамидзе.
Аз ғана жылдың ішінде туризмін осылай дамытып отырған Грузия біз үшін үлгі болуға тұрарлық ел екені анық. Қонақжай көңілі де біздің менталитетімізге ұсқас. Екі арадағы тікелей әуе рейстері көптеп ашылса қос елдің азаматтары бір-біріне жиі қонаққа баратыны сөзсіз.
Baq.kz сайты