Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық туристердiң қауiпсiздiгiн «туркод» қамтамасыз етпек

Қазақстандық туристердiң қауiпсiздiгiн «туркод» қамтамасыз етпек


Бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде шетелде демалатын қазақстандық туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселесi талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«2016 жылғы 21 қазанда ҚР Үкiметiнiң қаулысымен Қазақстан азаматтарының сыртқы туризм саласындағы құқықтарын кепiлдендiру жүйесi бекiтiлдi. Әрине, аталған шара кейбiр туристiк нарық қатысушылары тарапынан алаяқтық жағдайлардың жиiлеуiне байланысты қабылданды. Олардың кесiрiнен көптеген қазақстандық турист шетелде ақшасы төленбеген орын мен керi қайтатын билетсiз қалып қойған. 2010 жылдан берi жыл сайын жазғы маусымда туроператордың банкроттығы, алаяқтық схемалар немесе туристiк нарық өкiлдерiнiң жауапсыздығы салдарынан түрлi келеңсiз жағдайлар тiркелген. Осы уақыт аралығында 12 мыңнан астам адам зардап шеккен және келтiрiлген залал көлемi 10 млн доллардан асып түскен», - дедi ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетiнiң төрайымы Майнюра Мурзамадиева.
Оның айтуынша, бiрқатар турагенттiк жүздеген және мыңдаған азаматты шетелде қалдырып үлгерген. Осындай жағдайлардың алдын алу үшiн шетелдегi қазақстандықтарға көмек көрсету қоры құрылған. Ол «Туристiк Қамқор» корпоративтiк қоры деп аталады. Қор қиын жағдайда қалған қазақстандық туристердiң елге оралуына кепiлдiк бередi.
Ал ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетi төрағасы орынбасарының м.а. Жандос Бимағанбетовтың айтуынша, «Туристiк Қамқор» қорына кiрген туроператордың келеңсiз жайтқа тап болған туристерi елге әуе, су көлiгiмен, темiржол және автокөлiкпен жеткiзiледi. Сондай-ақ, көлiк келгенге дейiн турист қонақүйге орналастырып, тамақпен қамтамасыз етiледi. Айта кетсек, «Туристiк Қамқор» қорына кiру үшiн қазақстандық туроператорларға қыруар қаржы төлеу керек.
«Туристiк Қамқор» қорының төрайымы Инна Рейдiң айтуынша, Қазақстанда 1500-ден астам туроператор қызмет етедi. Қазiргi таңда қорға 60-тан компания ғана кiрген. Бiрнешеуi қорға өту үстiнде. Яғни, қор құрамына кiрген туроператорлар туристерiне туркод берiп, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете алады.
«Бүгiнгi күнге дейiн 380 мыңнан астам қазақстандыққа туркод берілген. Осылайша, қорда 400 млн астам теңге қаражат жиналды. Барлық ақша арнайы шотта жиналады және тек мақсатына сай ғана пайдаланылады. Шетелге шығатын туристер туроператордан туркод сұрауы керек. Оларға туркод тегiн берiлетiнiн есте сақтаңыздар», - дедi Инна Рей.
Ал «туркод» деген не?» деген сұраққа «Туристiк Қамқор» қорының директоры Асылхан Есiлов жауап бердi.
«Туристік код шығатын елге байланысты 11-13 қаріптік-сандық символдан тұрады. Ол әр жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Туркод агенттің электронды поштасына жіберіледі. Ол Қордың турларының электронды тізілімінде сақталады. Турист күтпеген жағдайға тап болған кезде Қормен байланысып, өзінің туркодының нөмірін хабарлап, шұғыл көмек күтеді. Туркод жеке парақ түрiнде немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін», - дедi Асылхан Есiлов.
16 маусым 2018 ж. 1 183 0