«Прогресс МС-22» ғарыш кемесі орбитаға шықты
Биыл алғаш рет «Союз-2.1а» зымыраны «Прогресс МС-22» жүк кемесін төменгі Жер орбитасына шығарды. Ертең жүк тасығыш Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) түйіседі. Кеменің ұшу параметрлерін РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.
Роскосмостың хабарлауынша, зымыран 9 ақпан күні Мәскеу уақытымен сағат 9:15-те Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылды.
Прогресс 11 ақпанда Мәскеу уақытымен 11:47-де ХҒС-пен түйіседі деп жоспарланған. Бұған дейін жүк кемесі Жерді 34 рет айналып ұшады.
Прогресс МС-22 ХҒС-қа 2,5 тоннадан астам жүк жеткізуі тиіс. Бұл стансаның экипажы мен жүйелеріне арналған 1354 килограмм құрғақ жүк, 720 келі жанармай, 420 литр ауыз су, 40 килограмм азот, «Спланх», «Нейроиммунитет», «Коррекция», «Импакт», «Терминатор» және «3D басып шығару» сияқты ғарыштық зерттеулерге арналған қосымша жабдықтар.
Жаңа жүк көлігінің ұшуына аз уақыт қалғанда ХҒС-та оған түйісетін орын берілді. Стансаның «Звезда» атты қызметтік модулінен 7 ақпанда Прогресс MS-20 жүк кемесі ажыратылып, кейін ол Тынық мұхитына батырылды.