Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Аяқ суды үнемдеу керек

Аяқ суды үнемдеу керек

Қай заманда да сусыз тіршілік болмаған. Қандай жаратылыс болсын, жер бетіндегі сан мыңдаған адам баласы да сол бір тамшы сумен нәрленеді. Сол себепті де дана халқымыз судың қадірін ұғынып, мейлінше оны ысырап етпеуді, дұрыс пайдалануды үйретіп, «Су – тіршілік көзі», «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қанатты сөздерімен ұрпағын тәрбиелеп отырған. Иә, тек Сыр өңірінде ғана емес, су тапшылығы көптеген аймақта жылдан-жылға қатты сезіліп келеді. Әсіресе, трансшекаралық өзендерге экономикасы тікелей байланған облыстарда басты проблема. Десек те, бұл мәселе біздің елде өзгеше шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, түрлі сатыдағы мемлекетке қарасты шаруашылықтар тек өзен-көлдің суын ғана кәдеге асырмай, қыстан қалған қалың қарды да пайда көзіне жаратып келеді.

Сондай-ақ Шиелі ауданында «Тың өріс» ЖШС 10 мың гектар алқапта жоңышқаны жаңбырлатып суару әдісімен егуге мән беруде. Институт ғалымдары бұл бағытта да тың ізденістер жасап келеді. Одан мол өнімге қол жеткізуге болатыны дәлелденген. Десе де, әзірге аталған дақылдың көлемін арттыруға қолбайлау болып тұрған жағдайлар жоқ емес. Біріншіден, оны егетін және жинап алатын техникалар қолда жоқ. Екіншіден, тәжірибелі мамандар жетіспейді. Өзге де себептер жетерлік. Сондықтан бұған байланысты нақты жобалар жасау керек.

Сәл шегініс жасасақ. Жалпы еліміздегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суару жүйесінің кенжелеп қалғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің 3 жыл бұрынғы Жолдауында айтып кеткен болатын. Бүгінде технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесінің осы салаға үлкен кедергі келтіріп отырғанын атаған ел Президенті судың 40 процентінің далаға кетіп жатқанын алға тартты. Онсыз да су тапшылығының зардабын көріп жүрген еліміз бұған жол бере алмайды деген Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланы нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын даярлау қажеттігін нық айтты.

Ал биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші отырысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Стратегиялық маңызы бар мәселеде өте мұқият болуды тілге тиек етті. «Біздің елде судың 65 проценті ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 процентке жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды», – деді ол депутаттар алдында.

Олай болса, әрбір тамшы суға жанашырлықпен қарап, оны үнемдеп жұмсаған абзал. Жоғарыда Сыр өңірінде осыдан бірнеше жыл бұрын су тапшылығы сезілгендігін айттық. Бағзыдан егін шаруашылығымен айналысатын жергілікті диқандар ала жаздай табаны судан құрғамайтын Сыр маржанын егеді. Оған әрине, Сырдарияның суы жұмсалады. Барыс жылында барлығы – 30 074,4 гектар жерге егiн егіліп, негізгі дақыл күріштің көлемі – 10 750 гектар болған. Қалған 19 324,4 гектары басқа дақылдар үлесінде. Күріш көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1 289 гектарға дейін азайтылып, оның орнына әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азықтық және майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемдері 1 858 гектарға ұлғайтылған. Ал биыл 30 мың 538 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Нақтылап айтар болсақ, өткен жылға қарағанда аудан диқандарының жұмысы 464 гектар жерге ұлғайған.
Осы тұста «Шиелісушар» өндірістік учаскесі мекемесі қызметкерлерінің еңбегі орасан екенін айтқанымыз жөн. Себебі олардың еңбегі несібесін қара жерден жинайтын диқан қауымымен тең. Алқапқа уақытылы су жеткізілмесе, егін күнге күйіп, еңбек еш кетуі мүмкін.
 
«Су тапшылығы салдарын болдырмау мақсатында аудандық әкімшілік, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі және су шаруашылығы мамандары тарапынан бірнеше жиналыстар өткізілді. Ішкі шаруашылық каналдарға су тоспа құрылыстарын салу керектігі шаруашылық құрылым өкілдеріне ескертілді», – дейді «Шиелісушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіров.

Жыл басынан бері «02» шаруашылық каналының 2 шақырымына, «R-8» каналының 3,6 шақырымына, ескі сол жаға каналының сағасына және Жаңа Бестам каналының 3 шақырымына тазартылған. Сонымен қатар Еңбекші елді мекенін аяқсумен қамтамасыз ететін 0-2-2-2 каналының 23 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліпті. 

Шиелі ауданына сағадан бүгінгі күні 146,77 млн текше метр су алынған. Оның ішінде 45 млн текше метрі экологиялық қажеттілікке жұмсалған. Айта кетейік, биыл егістікті сумен қамтамасыз ету бойынша сағадан 699,70 млн текше метр лимит бөлініпті. Оның 579,70 млн текше метрі егістікке, 120 млн текше метр экологиялық қажеттілікке. Бөлінген су көлемі 22 940 гектар егістікті сумен қамтамасыз етпек.
---
24 мамыр 2023 ж. 300 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930