Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Ауыл әкімдерін пара беруге мәжбүрлеген Антикор қызметкерлері анықталды

Ауыл әкімдерін пара беруге мәжбүрлеген Антикор қызметкерлері анықталды

пара

«Жедел-iздестiру қызметi туралы» Заңның 15-бабы қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлеріне азаматтарды құқық бұзушылыққа итермелеуге және арандатуға тікелей тыйым салады. Алайда кейбір қызметкерлер бұл талапты бұзып, өздері сотталушы орнында отыр, – деп жазды Бас прокуратура.

«Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімдігін тексеріп, ауылдық округтердің әкімдерін қылмыстық жауапкершілікке тартумен қорқытып, олардан ақшалай қаражат талап еткен. Олардың тұрақты түрдегі талаптарынан кейін әкімшілік жұмыскерлері тексерушілерге тексерістің оң шешілуі үшін 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейінгі қаражат беріп, пара беру дерегі бойынша ұсталған.
Нәтижесінде, 7 ауылдық округтің әкімдері мен әкімшіліктің 1 есепшісі әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру және айыппұл түріндегі жазаларға тартылған», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Бас Прокурордың наразылығымен Жоғарғы Сот оларды толығымен ақтап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өкілдерінің іс-әрекеттерінде тікелей арандатушылық бар екенін анықтаған. Өз кезегінде, 2 жедел өкілге қатысты Қылмыстық кодектің 362-бабы 4-бөлігімен (билiктi және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокуроры жүргізіп, кінәсін толығымен дәлелдеп, қылмыстық іс сотқа жолданған.

»Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы үкімімен ауыр санаттағы лауазымдық қылмыс жасағандары үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы 2 жедел өкілі арнайы шендерінен айырылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына тартылды. Жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді» делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ, сотталушылар шағымданған.
---
20 ақпан 2023 ж. 120 0