ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ

Қазақы салт-дәстүрді жаңғыртып, қарапайым ауыл келіндерінің өмірі мен өнерін паш еткен бұл сайыстың басты мақсаты – келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын, салт-дәстүрді ұстануын, отбасы құндылықтарын насихаттау.
Сайыста әдептен озбай, инабат пен ибалылықты қатар алып жүрген 7 келін ІV кезең бойынша өзара додаға түсті. І кезең бойынша олар өздерін, келін болып түскен әулетін таныстырса, ІІ кезеңде келіндер ұлттық нақыштағы қолдан тігілген киімдерін, қолөнер бұйымдарын кеңінен насихаттап, сән үлгісін көрсетті. Ал ІІІ кезең «Сыр – сандық » деп аталатын бөлімнен тұрды. Бұл сайыста келіндер реттік нөмір бойынша қораптың ішінен қағазды алып сонда жазылған салт-дәстүр, әдет - ғұрып, жөн-жоралғы жөніндегі сұрақтарға және тосын сұраққа жауап берді. Соңғы ІV кезеңде келіндер ұлттық тағам түрлерін үйден дайындап келіп, және сахнада иленген қамырды жайып, кесті. Ал, ақтық мәреге келгенде қатысушылар бірінен-бірі асып түсуге тырысты. Бірі мың бұрала билесе, бірі әннен шашу шашты. Өнерлерімен ғана емес, асқан шапшаңдықтарымен, әртістік шеберліктерімен, өз ойларын анық жеткізді. Ақтық кезеңнен сүрінбей өткендер, көрермен көзайымына айналып, ел ықыласына бөленді. Дүбірлі додада бас жүлдені Жанат Жылқыбайқызы иемденсе, бірінші орынды Ақжарқын Қаржаубайқызы қанжығалады. Ал екінші орынды Ақерке Тілеуқызы жеңіп алып, үшінші орынға Бекзат Рахатқызы жайғасты. Қалған қатысушылар әртүрлі номинациялармен марапатталды.
С.СҰЛТАН