ШЫМКЕНТ ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Шымкентте қуаты 500 мегаВольт Ампер, кернеуі 110, 220, 500 киловольт болатын автотрансформатор және май трансформаторларын, сондай-ақ реактор шығаратын зауыт жұмысын бастады. Кәсіпорын жуырда электр желілерін басқару жөніндегі отандық компаниямен трансформаторлық жабдықтарды жеткізу үшін ұзақ мерзімді оффтейк келісім шартына қол қойған. Жоба құны 20 миллиард теңге шамасында. Жоспарға сай өндіріс орны жылына 120 трансформаторды жинап шығаратын болады. Тауарларының 60 процентін ішкі нарыққа шығарса, қалған 40 процентін экспортқа жөнелтеді. Бұл трансформаторлық құрылғы шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт. Кәсіпорын жұмысы экологиялық таза технологияларға иек артады. Әлішер Пірметов, «Самұрық-Қазына» АҚ операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры: - Оффтейк келісім шарт дегеніміз егер Қазақстанда бүгінге дейін болмаған жаңа өндіріс ашылатын болса оған Қазақстандық қаржыгерлер, бизнесмендер өз қаржысын құйып инвестиция жасап сол өндірістерін жасаймыз десе біз онда сол өндіріске байланысты өз қажеттілігімізді көрсетіп және міндетті түрде сатып аламыз деген міндеттеме аламыз. Серғазы Күнтуаров, трансформатор зауытының бас директоры: - KEGOС-пен біз келісім шартқа отырдық. Оларға біз 4 миллиардқа реактор дайындаймыз. Осы жаңа жылдан кейін. Жылдың аяғына дейін 4 реактор береміз. Оған біздің технологиямыз сәйкес келеді. Бізде өте мықты сынақ жүргізетін зертхана бар.