Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық өнертапқыш әмбебап қоларба жасап шығарды

Қызылордалық өнертапқыш әмбебап қоларба жасап шығарды


ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентінің тұрғыны Нұртай Жайықбаев үй шаруашылығына арналған әмбебап қоларба жасап шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өнертапқыш бұл жобасының көпшілікке үлкен пайдасы тиетінін айтады. Оның айтуынша, мұндай қоларба бұрын ешбір жерде жасалмаған. Әмбебап қоларба жергілікті тұрғындардың үй шаруашылығындағы жұмыстарын көп жеңілдететін болады. Тұрғындар аталмыш құрылғыны пайдалану арқылы көптеген істерін атқарып шығуына әбден болады. Қоларба бірнеше жұмысты атқарып шыға алады. «Назар аударсаңыз, қоларбаға көптеген қосалқы бөлшектер бекітілген. Сол бөлшектер көптеген жұмыстарды атқаруға негіз бола алады. Оны қысы-жазы кәдеге жаратуға әбден болады. Қыс айларында аталмыш қоларбамен қар күрей аласың. Ал арба үстін орнатылған ауыспалы жүксалғыш қызметімен тағы да көптеген функцияны пайдалануға негіз бар. Сондай-ақ, мен арбаның астына культиватор бекіттім. Оны көктемгі дала жұмыстарында пайдаланамыз. Ол жерді қопсытады, арамшөпті отайды. Қоларбада соқа да орнатылған. Оны жер жырту барысында іске асырамыз. Айта кетерлігі, қоларбада ешқандай электр қуаты пайдалана қоймайды», - деді Нұртай Жайықбаев. Өнертапқыш Қармақшы аудандық аграрлы-техникалық колледжінде қызмет атқарады. Арнаулы оқу орнында «Автомобиль, трактор құрылысы және оған техникалық қызмет көрсету» пәнінен дәріс береді. Білікті ұстаз өз шәкірттерін өнертапқыштық қасиеттерге баулып келеді. Арнаулы оқу орнында Н. Жайықбаев 2011 жылдан бері қызмет жасайды. Ол шығармашыл педагогтардың көрмесі мен басқа да шараларына тұрақты түрде қатысып келеді. Олардың барлығында жүлделі орындардан көрініп, сан алуан марапаттарға қол жеткізді.    Ол жасаған қоларба Қармақшы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткен инженер-педагогтардың «Бағдарлы байқау-көрмесі» сайысында жоғары бағаланды.  Енді ол облыстық байқауға қатысатын болады. 
04 қараша 2018 ж. 954 0