Astana Media Week. "Қазақстан" РТРК мен Өзбек Ұлттық телеарнасы келісімге қол қойды
Астана қаласында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен жыл сайын өтетін халықаралық Astana Media Week форумының аясында «Қазақстан» РТРК» АҚ мен құрамына 20-дан астам Өзбекстанның үздік арналары кіретін Өзбек Ұлттық телерадиокомпаниясы арасында серіктестік жайлы меморандум бекітілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Екіжақты құжатқа Қазақстан телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен Өзбек Ұлттық телерадиокомпаниясының басшысы Әлішер Хаджаев қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – Орта Азия елдерінің медиакеңістікте бірігіп, ортақ жобаларды жүзеге асыру. Серіктестіктің басты бағыты көрермендерді сол елдердің мәдени және тарихи құндылықтарымен таныстыру, сондай-ақ тәжірибе алмасу.
Бұл меморандум «Қазақстан» корпорациясының медиаактивтері мен Өзбекстанның 20 дан аса телеарналары және радиолары арасында еркін формада бірлесе отырып, жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, екі корпорацияның құрамына кіретін теларналар мен радио қызметкерлері халықаралық семинарлар мен тренингтерге қатысып, тәжірибе алмасады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлемдік теленарыққа шығуға бағыт алады, сондықтан халықаралық қатынастардың дамуына үлкен мән беруде.