Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы атыраптағы ауқымды істермен танысты

Аймақ басшысы атыраптағы ауқымды істермен танысты


Ежелден елі де бай, жері де бай Шиелі өңірі бүгінгі күні қай саланы алсаң да көш басынан көрініп келеді. Ауылшаруашылығы мамандары биыл да былтырғы межеден түспейтіндерін айтса, өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші көңіл қуантарлық. Өңірде тіркелген кәсіпкерлер саны күннен-күнге артып, жұмыссыздық азайып келеді. Осыған орай, аймақ басшысы Қ.Көшербаев бастаған бір топ сала мамандары аптаның басында ауданға табан тіреді.
Облыс басшысы алдымен Жаңақорған ауданында болып, Шалқия қорғасын-мырыш кенішін қайта қалпына келтіру және кен байыту комбинаты құрылысын бастау, оны іске асырылу барысы талқыланып, мәселелері қаралды. Сондай-ақ, Сығанақ қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстардың барысымен танысты. Одан кейінгі бағыт, Шиелі ауданына қарай жол жүріп, «Ақмая» шаруашылығының егіс алқабына аялдады. Себебі көктемнің жылы шуағы шашырағаннан бастап, қолына кетпенін алып, егістіктің алқабында жүрген жандардың дайындық жұмыстарымен танысып, өнімінің бітік шығуына сәттілік тілеген болатын. Осыған орай, қазіргі уақытта берекелі маусым болғандықтан, жеміс-жидек пен егістіктегі дақылдардың пісіп жетілгенін егіс алқабындағы бітік шыққан өнімдердің жұмысымен танысып, оң бағасын беріп кетті.
Жұмыс сапары одан әрі «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясының бағытымен жалғасты. Цемент өндіретін бұл зауыттың құрылыс жұмыстарымен танысып, Қытай Халық Рес­публикасынан білім алып келген 17 жас маманмен кездесті. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 662 адам жұмыс жасап жатыр. Жұмыстың 90 пайызы аяқталғандықтан, жылдың аяғында желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев жұмысшылармен кездесу барысында «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңбер аясында зауытты электр желісімен жабдықтау және темір жол салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ, облыстық бюджеттен өнеркәсіптік аймаққа газ құбырын салу үшін қаражат бөлінгендігін» тілге тиек етті. Келешекте бұл зауыт жылына 1 млн. тоннаға дейін цемент өндіріп, кәсіпорын өнімдері көршілес елдерге, ТМД-ға және ҚХР-ге жеткізілетін болады. Зауыт толықтай іске қосылған кезде өнеркәсіпте екі жүз жиырма жұмыс орны құрылады. Сөзімізді одан әрі жалғар болсақ, аудандағы іргелі ауылдың бірі Төңкеріс ауылдық округінің соңғы жылдары алған асуы мен бағындырған белесі биік. 2015 жылы ауылда 150 орындық ауылдық клуб үйі жаңадан салынып он екі адамды жұмыспен қамтыды. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері алты төсектік күндізгі стационар ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.
Енді міне, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 97 млн. 300 мың теңгелік жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Осынау спорттық сауықтыру кешенінде 200 бала шағын футбол, күрес, бокс, тоғызқұмалақ, қол добы, волейбол, таэквондо үйірмелеріне қатысып, шынығатын болады. Ғимараттың жалпы ауданы 902 шаршы метрді құрайды. Кешен құрылысы бірінші мамыр күні басталып, төрт айда аяқталып кәсіпкер «Төңкеріс-К» шаруа қожалығының директоры Б.Көпеевтің тікелей бастамасы арқылы салынды.
Амангелді Көпеев атындағы спорт кешеннің ашылу рәсіміне облыс әкімі Қ.Көшербаев, аудан әкімі Ә.Оразбеков, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ә.Мизамбаев, бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
– «Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің елімізде спортқа айрықша көңіл бөлініп, аталған сала жан-жақты дамып келеді. Облыста спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға зор көңіл бөлінуде. Заманауи спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары салынуда. Бұл бағытта Шиелі ауданының жетістіктері өзгелерге үлгі боларлықтай. Былтыр Шиелі ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая ауылында спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл Алғабас және Еңбекші ауылдарында да спорт кешендері іске қосылған болатын. Сонымен бірге, Керделі, Жөлек және Бестам ауылдық округтерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде», – деді аймақ басшысы.
Иә, расымен де Елбасы Жолдауындағы 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау барысында, ауданын көлемінде заманауи спорт алаңдары, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары көптеп салынуда. Бидайкөл ауылдық округі, Гигант ауылында жобалық құны 180 млн. 102 мың теңгенің жабық жүзу бассейінінің құрылысы аяқталғандығын айта кеткенді жөн санадық. Сондай-ақ, ауылдың әлеуетін көтеру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтардың саны күннен күнге көбейіп, ел мақтанышына айналып келеді. Ауылдың ардагерлері, шаруашылық басшылары, мемлекеттік орган қызметкерлері халықтың ынтымағын, бірлігін сақтап, ауылды гүлдендіріп, республикаға танымал Сырдария ауданының Нағи Ілиясов елді-мекені секілді Төңкерісті тағы басқа осы секілді ауылдар одан әрі абаттандырып, көркейтіп еңбек етсе, келешекте осы ауылдың қатарынан көрініс табар еді. «Ер айтса – ел айтқаны, елдің камын жеп айтканы» дегендей, осындай елдің қамын жеп азаматтарымызға қарап бой түзеген келешек жастардың жүректеріне отансүйгіш сезімдері артып, ағаларының ізін басатыны сөзсіз.
Мұнан соң, аймақ басшысы «Ханқожа» көлі аймағында туризмді дамыту жобаларымен танысып, жұмыстың нәтижелілігін көрді. Алдағы уақытта бұл жерге жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған демалыс орын салынады деп жоспарлануда. Аймақ басшысы ауылдың хал-жағдайына оң баға беріп, тілектестігін білдірді. Сөйтіп, аптаның дүйсенбісіне жоспарланған іссапар осы Бәйгеқұм ауылында, өз мәресіне жетті.

Жұлдызай Ноғайбайқызы,
сурет Бақытжан Бәйімбеттікі.
22 қыркүйек 2018 ж. 1 322 0