«Қазақтанудан» қуат алған кеш
Осыдан бір жұма бұрын ауданға белгілі жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова мен әдебиет зерттеушісі, ғалым Құлбек Ергөбек табан тіреді. Сырттан қонақ келсе, базынасы не екен дейтін әдетіміз емес пе? Алайда, осынау жандардың әдебиет өкілдері екендігінен хабарымыз бар. Сондықтан болар, кездесудің осы бағытта өтетінін топшыладық. Кездесу орны «Арман» мәдениет үйі екендігін біліп алып, діттеген жерге жетуге асықтық. Шараның күндегіден өзгеше өтетінін, залға жиналған жандардың көптігімен қатар, кездесуді тағатсыздана күтіп отырғандарынан байқадық.
Сонымен, халықты көп күттірмей, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов бастаған меймандар сахна төріне көтерілді. Біздің байыптағанымыздай -ақ бар екен. Жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы жөнінде болды. Негізінен, аталған жобаның басты мақсаты – қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту болып табылады. Атап айтқанда, «Қазақтану» жобасы Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін нығайту бойынша республикалық лекторий Сыр елінен басталды.
Құрметті қонақтар көпке таныстырылғаннан кейін Б.Жаниязов жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін нығайтуда аталмыш жобаның маңыздылығына баса назар аударды. Жұртшылықпен ерекше ықыласпен амандасқан К.Әлпейісова мәйекті әңгімесінің майын тамыза түйінін тарқатты. Ресмиліктен еркін форматты жанына жақын тұтқан леспе аудармашы жобаның маңызы мен мақсаты жайында кеңінен баяндап берді. Ұлтымыздың ежелден бауырмал қасиетімен дараланып тұрғанын тілге тиек етті. Халқымыздың қашанда жабырқағанның жанынан табылып, жығылғанға сүйеу болғандығы, кешегі кезеңде тағдыр жазуымен қазақ топырағына қадам басқан сан түрлі этнос өкілдерінің жүзіндегі жасты сүртіп, оларға үлкен қамқорлық көрсеткендігі керемет суреттелді. Мұнымен қоса, ұлттық құндылықтарға байланысты ой-пікірімен бөлісті. Сөйтіп, әңгімесін халқымызға тән, ұрпақ бойға сіңірген қасиеттер туралы ой толғамдарымен әдіптеп әкеліп, ұғынықты, ұтымды тәсілмен санаға сыналап енгізді. Рухани мазмұнға бай тақырып болғаннан ба әлде, айтушылардың шеберлігінен бе, залда құлаққа ұрған танадай орнаған тыныштықтың көбесі сөгілмеді.
Ал, өз кезегінде сөз алған Қ.Ергөбек қазақ халқының шежірелі тарихында Сыр өңірінің алатын орны ерекше екеніне тоқталды. «Дария бойы – Алаш баласына жаушылықта пана, жайшылықта ана бола білген қасиетті өңір. Сондықтан, «Қазақтану» жобасы бойынша игілікті істердің Қызылорда облысынан бастау алуы өте құптарлық. Бұл жобаға әрбір азамат үлкен үлес қосқаны артық емес. Әрбір жанашыр азамат өлкетану мәселесіне назар аударса, сан алуан тарихи қазынамызды түгендеуге жол ашылар еді. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Біз туған жердің тарихын тануымыз қажет. Сыр бойы – археологиялық дүниелерге бай өлке. Бұрынғы жылдарда дарияның бастапқы ағысындағы қаншама құндылықтар зерделі зерттеуден өткізілді. Қазір облыс басшылығының қолдауымен Сырдарияның орта тұсындағы аумақтағы осындай қазыналар таразыланып жатыр. Ал, төменгі бөлігінде қаншама археологиялық кеніштер бар екенін есімізден шығармауымыз тиіс», – деді әдебиет зерттеушісі.
Иә, осылайша есеп-қисапсыз өткен жиыннан рухани тынысымыз ашылып, бойға қуат, жүрекке қайрат алып, жұмысымызға жүре бердік.
Дина ЖҮСІПОВА.