Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәж-Махал –түркістандық туынды немесе көне қазақтар Үндістанға қалай барды?

Тәж-Махал –түркістандық туынды немесе көне қазақтар Үндістанға қалай барды?


Тұрандық түркілер, әсілінде баба қазақтардың заманында бармаған жері баспаған тауы қалмағандай. «Балқан, Балқан, Балқантау, олда біздің барған тау» – деп жырлағанда қазақ емес пе? Тіптен Мысырдағы пирамида үстіне күйіз үйін тігіп, қымызын ішіп, мұқым ислам әлемін батыс жаулаушыларынан мың жыл қорғап келген біздің бабаларымыз емес пе еді. Білек пен жүрекке сенген заманда әлемдегі бірден-бір супер этнос аталған бабаларымыз Еуразия құрлығында ат ойнатып, әлемге әмір жүргізгенін алыс-жақын, әлем тарихшылары мойындағалы қашан. Түркі-қыпшақ тілі халықаралық қатынас тілінде қолданылып, айдарымыздан жел ескен заманда баба қазақ баласы тіптен, мысыр, араб, қытай, алман, сақлап жұрты түгілі мұқым үнді текті халықтарға да қағандық орнатып, сән салтанат құрғанын бүгінгі ұрпағының бірі білсе, бірі білмейтіндігі ақиқат. Олай болса...
1526 жылдың 20 сәуірінде Үндістанның әйгілі Панипат жазығында орта азиялық түркілердің 20 мың әскерін бастаған Бабыр мен үндістандықтардан құралған 150 мыңға жуық әскердің басын құраған Дели сұлтаны Ибрагим Лодидің армия­сы бетпе-бет келген еді.
Қиян кескі ұрыстың нәтижесінде, сол заманда әскери өнердің шыңына жетіп, әлемді тітіркендіріп тұрған көшпелі түркілерден құралған анығында жетісу, түркістан аралығын жайлаған қазақтың Қасым ханына тиесілі жұрттан әскери көмек алған Ақсақ-Темірдің шөбересі Бабыр сұлтан жеңіске жеткен екен. Айтқандай, бұл соғыста тарихта ең алғаш мылтық пен зеңбіректер (Самарқандтық ұста Әли-Күли құйған зеңбіректер мен мылтықтар түркілер тарапынан қолданылған. Бұл да өз алдына зерттеуді қажет ететін тың тақырып секілді) қатар қолданылған деген деректер бар. Қазақтың Қасым ханы мен Ақсақ-Темірдің ұрпағы Бабыр туған бөле.
Оның үстіне Әбілхайырдың немересі көшпелі өзбектер ханы Шайбани қазақтар мен мәуреннахр тұрғындарына қатар шауып, маза бермей жатқан кез еді. Осыған байланысты Қасым хан мен Бабырдың Шайбаниге қарсы екеуінің арасында жасырын одақ болғанға ұқсайды. Себебі, осы Мұхаммед Шайбани және баласы Убайдулла сұлтан екеуі Ақсақ-Темір ұрпағын қынадай қырып, Бабырдан Ферғана, Ош, Самарқан өлкесін тартып алған еді.
Әлқисса, Бабыр өзінің «Бабырнама» атты еңбегінде Үнді-Ауған жеріне шапқыншылық жасағанда үзеңгілес әрі серіктес болған бектері мен әскери қолбасшыларының денінің атын атап, түсін түстеп, тізіп өткен екен. Аталғандардың барлығы дерлік осы қазақ жерінен, қазақтың руларынан шыққан адамдар екенін байқаймыз.
Сонымен қатар, сол заманда Ауған жерінде мекен еткен 40 мың үйлі Хұсырау бастаған қыпшақ тайпалары Гиндикуш тауында 200 адаммен қашып жүрген Бабырды (Шайбаниден жеңіліп, қашып жүрген кезі) арнайы шақыртып, өздеріне хан сайлап алғаны айтылады. «Бабырнама» кітабында бұл бек туралы төмендегіше мәлімет келтірілген; «Хусрау-шах. Он из туркменских кипчаков. После иракской смуты Хусрау-шах присоединился к Султан-Махмуду-мирзе и в дороге оказывал ему подобающие услуги, вследствие чего Султан-Махмуд-мирза проявил к нему внимание. Впоследствии Хусрау-шах очень сильно возвысился. Все области от Аму-Дарьи до гор Хиндукуша, кроме Бадахшана, были ему подвластны. Это было сплошное владение. Угощения его были хороши, как и его щедрость, несмотря на его происхождение. Он был большой стяжатель, но так же, как приобретал, он и тратил хорошо. После Султан-Махмуда-мирзы, при его сыновьях, Хусрау-шах очень сильно возвысился. Число его нукеров приближалось к двадцати тысячам. 48 бет.
Ұлы Жүздің Дулат тайпасы билеп отырған Кашмир өлкесі мен сол өлкенің басқарушысы әйгілі тарихшы, атақты бек Мұхаммед Хайдар Дулатиде Бабырды өзіне билеуші етіп мойындап, әскери көмек көрсетіпті. Әсілі, Бабыр, Мұхамед Хайдар Дулати және қазақтың Қасым ханы туған бөлелер. Бұл жерде де арнайы келісім болғанға ұқсайды. Оны енді тарихшылар айқындай жатар.
Сол кездегі ұлы және орта жүз қазақтары түгелімен Моғолстан хандығын құраған тайпалар болғаны мәлім. Моғолстан хандығының географиялық территориясы бүгінгі Қырғызстан мен Қазақстанның Жетісу өңірімен шектесетіндігі мәлім. Ал, бұл кезде бүгінгі қырғыздар Сібірдің Енесейін ен жайлап, солтүстікте тыныш қана жатқанын өздері де мойындаса керек. Себебі, Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Бұғы ана» аңыз әңгімесінде қалың қырғыз түгелімен Енесейдің бойында болғаны айтылады. Сонымен қатар, ежелгі түркілердің руна жазуы яғни, Иолығ тегінің тасқа қашалған сына жазуында «Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде қырғыздарға қарсы аттандық. Күлтегін Байырқының Ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды, екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық… Тоғу қаласында шайқастық», – деген сөздерді кездестіреміз. Ал, өз кезегінде қырғыздың Тоғу қаласы Сібірде. Тағы бір айта кетерлігі, Бабырдың өз қолымен жазған «Бабырнама» атты кітабында қырғыз атауын кездестіре алмайсыз.
Захр-ад-дин Бабыр өз еңбегінде қазақтың Қасымханы туралы қызықты мәлімет келтіріп, үл­кен ілтипатын білдірген. Сонымен қатар, қазақ­тың Алаша ханы туралы да қысқаша дерек келтіріпті.Мәселен: «Султан-Ахмед-хан, известный под именем Алача-хана. На языке калмаков и моголов убийцу называют «алача», а так как Султан-Ахмед- хан несколько раз побеждал калмаков и истребил много их людей, то его называли «алачи»; от частого yпотребления «алачи» превратилось в «алача».»-26 бет.
«Во время обряда оплакивания мне сообщили о смерти младшего хана, моего дяди Алача-хана и моей бабки Исан-Даулет-биким. Подошли сороковины ханум, когда из Хорасана прибыли мать ханов Шах-биким, жена моего дяди Султан -Ахмеда-мирзы, Михр-Нигар-ханум и Мухаммед-Хусейн-Гурган Дуглат; 229 бет. Моголы держали себя хорошо и действовали со мною единодушно.
Жалпы, Бабырдың бастан кешкен тарихы өте қызықты. 12 жасында хан тағына отырып, көшпелі өзбектер ханы Шайбанимен үздіксіз соғыс жүргізеді. Ақсақ-Темірдің барлық ұрпағынан билікті оңай тартып алған Шайбанихан Бабырды оңай бағындыра алмағанынан білеміз. Дегенмен, тағдыр оған ата бабасы ғұмыр кешкен Мәуреннахрды, Самарқанды, Ошты, Әндіжанды, Ферғананы бұйыртпады. Оған патшалық, тақ пен тәж алыстағы Үндістаннан бұйырыпты. Бабырды қолдаған бектер, билер, батырлар мен әскерлердің барлығы дерлік қазақтың қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, дулат, жалайыр т.б. ру-тайпаларынан құралған. Оны біз «Бабырнама» кітабынан кездестіре аламыз. Біркездері Әмір-Темірдің ұрпағын қырып-жойып, Бабырды өз елінен түре қуып шыққан өзбектерде бүгінде Үндістандағы моғол империясына қатысымыз бар деп таласып отырса, қазақтардыңда оған таласы мысқалдан да кем болмауы тиіс деп білеміз. Сонымен Бабыр Үндістанды жеңіп падишах атанады.
Әскері мен басқарушы бектері, батырларының барлығы Моғолстан жері яғни, бүгінгі Жетісу-Түркістан өлкесінен болғандықтан ол өзі құрған мемлекеттің де атын Моғолстан деп атаған. Осылай атауға мәжбүр болған. Себебі, ыстық, жауынды-шашынды жерге келген жетісулық әскер, бектер өз еліне қайтуды аңсап, патшадан рұқсат сұрай беріпті. Тіптен, кейбір бектердің жасырын қашу әрекеті көбейеді. Ал, бұл жаңадан жау­лап алған елді ұстап қалуға үлкен қауіп, кедергі келтіретін оқиға еді. Моғолстанға қашқан бектер өздері тұрған ғимараттарға туған жері Жетісу-Моғолстан туралы өлеңдер жазып, (Бабыр патша ақын, өлеңге жақын болғандықтан) ыстық-бейтаныс өлкені желкеміздің шұқыры көрсін деген мағынада шумақтатып, өлеңдер мен әзілдер жаза берген екен. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ол өзі құрған мемлекеттің атын Моғол империясы деп атауға мәжбүр болғанға ұқсайды. Оның үстіне бұл кезде Жетісу жеріндегі Моғолстан деген хандық түбірімен жойылып, Қазақ хандығының құрамына қосылып кеткен еді.
Айтқандай, Бабыр өз еңбегінде Сығанақ қаласы мен ондағы түркілердің жаңа әліпбиі туралы да қызықты деректер келтірген. Сонымен, 1483 жылдың 14 ақпанында Әндіжанда туылып, 1530 жылдың 26 желтоқсанында Аграда 47 жасында қайтыс болған Бабыр патшаны қолдаған қазақтың ру-тайпалары деп атауымызға оның өз қолымен жазып кеткен еңбегі дәлел бола алады. Патшаның толық аты-жөні әс-Сұлтан әл-Ағзам уә-л-Хақан әл-Мүкаррам Захиреддин Мұхаммед Жалалуддин Бабыр, Падишаһ-и-Ғази.
Өз кезегінде әйгілі патша және оның үрім-бұтағы Үнді жұртына жүздеген сәулет өнерін сыйлайды. Сондай сәулет өнерінің бірі атақты Тәж-Махал. Тұрандық түркілер салған осындай сәулет өнеріне, ғимараттардың алыптығы мен әсемдігіне, қайталанбас техникалық ерекшелігіне тәнті болған үнді жұртының абыз ақсақалы Махатма Ганди өзінің «Менің өмірім» атты естелік еңбегінде Үндістан жұртына жоғарғы өркениет пен мәдениетті, монша, хауыз, кәріз жүйелері сияқты тазалықты сақтайтын тұрмысқа аса қажетті жаңалықтарды енгізген орта азиялықтарға мың алғысын жеткізген. Рақметін айтып, мұқым үндіні мың жыл билеген түркілерге деген ыстық ықыласын білдірген. Бұған қарап біз әлемнің сегізінші кереметі Тәж-Махалдың түркістандық туынды екендігін топшылай аламыз. Оқып, танысуға әбден тұрарлық еңбек.
Ақсақ-Темірдің шөбересі Бабыр Үндістан жорығына 14 жыл әзірлік жүргізген екен. Осы жылдардың ішінде ол, әскерін ең заманауи үлгідегі қару-жарақпен жабдықтайды. Яғни, мылтықтар, зеңбіректер мен қатар тіптен ішінара ракеталарды ойлап тауып, алғаш соғыста қолданады. 20 мың сарбазбен Дели сұлтаны Ибрагим Лодидің 150 мың әскерін қирата жеңіп, 1526 жылы моғолдар Үндістанда билікке қол жеткізеді.
Моғолдар дегеніміз кәдімгі қазақтың ру-тайпалары. Шыңғысхан ұрпақтарына еш қатысы жоқ. Бабырда кәдімгі түркі текті тұлға. Соғыста қолданған қару-жарақтары туралы шетелдік кәнігі тарихшылар таңдай қағып жазады. Мысалы, Делиден 250 шақырым солтүстік батыста орналасқан Жайгарх қамалында моғолдардан қалған салмағы 50 тонналық, 6 метірлік ұңғысы бар, атқан оғы 25 шақырымға жететін әлемдегі ең үлкен зеңбірек бар. Оны орнынан қозғалту үшін 4 пілді жегу қажет болған екен.
Бабырдың 105 түрлі отты қаруы болған деседі. Бұлардың әрқайсысы өз ерекшелігі бар жойқын қарулар болғаны белгілі. Әскери әлеуеті артып, күшейген моғолдар 1689 жылы оңтүстік үндістанды толық бағындырып, 2 млн. шаршы шақырым жерге иелік етіпті. Сол заманда 150 млн. халыққа билік жүргізді. Бұл сол кездегі әлем халықтарының төрттен бірін құраған. Моғол билеушілері арасында билікке өзара таластың әсерінен 1680 жылдары ауызбіршілік жойылғанға ұқсайды.
1780 жылы еуропалықтар әскері яғни, ағылшындар Үндістанның шағын аралындағы Майсұр патшалығын билеген Сұлтан Типу иелігіне келеді. Аралдағы сұлтан әскерімен 1780 жылдың 10 қыркүйегінде 4 мың адамдық ағылшын сарбаздары шайқасқа түседі. Осы шайқаста моғолдар ракета қолданып, ағылшындарды қырып салып, жаралы сарбаздарын тұтқынға алған екен. Осыдан кейін 20 жыл бойы ағылшындар Майсұр патшалығымен үздіксіз соғыс жүргізіп жеңе алмай масқарасы шығыпты. Тек олар қолданып жүрген беймәлім қару ракетаның сырын ашқаннан кейін ғана шағын аралды бағындырған екен.
Бүгінгі Ұлыбритания армиясына қарасты қорғаныс академиясының подполковнигі Саймон Весттің зертемесіне сәйкес, моғолдар ракетасы 2,5 шақырымдағы сарбаздарды жойып жіберуге қауқарлы болған. Кейбір ракеталардың түрі 1,5 метрлік өткір қылышқа 50 сантиметрлік труба бекітіп, оны порохқа толтырып, ракета етіп ататын болған. Бір мезгілде 10 ракетаны ұшыра алатын құрылғылары тағы бар. Майсұр патшалығының Лұр алаңындағы шайқаста ағылшындар өздеріне қарсы қай тараптан оқ атылып жатқанын білмеген екен. Тікесінен тік аспаннан түскен ракеталар ес жиғызбай, жаудың қай тұста тұрғанын білдіртпей үрей туғызып, тұтқынға берілуге мәжбүр етіпті.
Ширек ғасырдан кейін бұл қарулардың сырын біліп алған ағылшындар шағын патшалықты үлкен шығынмен әзер бағындырыпты. Осы ракеталарды ағылшындар 1812 жылы америкамен соғыста алғаш қолданады. 1858 жылы моғолдар империясы толық күйреп, Үндістанда ағылшын билігі орнады. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді деген осы болса керек.

Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
17 шілде 2018 ж. 1 845 0