“Bastau” домбырашылар тобы әлемдік байқауда алтын медальге ие болды
“Bastau” домбырашылар тобы АҚШ-тың World Champions Olympic әлемдік байқауында Hollywood төріне қазақтың домбырасын алып шығып, 72 ел қатысқан додада екі турды артқа тастап, финалда өнер көрсетіп өз номинацияларында алтын медальге ие болды.
Бұл туралы топ продюсері Алпамыс Шәрім айтты. «Бұл жолды жүріп өту қаншалықты қиын екенін білсеңіздер ғой. Сүйінші! Қазақтың қара домбырасы Hollywood саxнасына шықты. «Бастау» домбырашылар тобы өз номинацияларында алтын медальге ие болды. Жеңісімізді биылғы «Ұлттық домбыра күніне» арнаймыз. Бізді қолдаған Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, өнер жанашыры Айман Мұсаxоджаева xанымға мың алғыс»,- деді «Бастау» тобының продюсері Алпамыс Шәрім. World Championship of Performing Arts – WCOPA халықаралық таланттар олимпиадасы. Деңгейі жағынан WCOPA дүниежүзілік Олимпиада ойындарымен тең. Өнер додасына әр мемлекеттің ең талантты деген өнерпаздары қатысады.Әлемдік шоу-бизнестің астанасы Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері бақ таластырды. Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып отыр. «Биыл Қазақстан алғаш рет қатысуда, келесі жылдан бастап ұлттық құраманың «бас бапкері» ресми өкілі етіп мені тағайындады. 20 жылдам астам тариxы бар байқаудың ашылуына түрлі елдің президенттері қатысады. Мемлекеттік маңызы бар шараның деңгейін біздің елде де көтеріп, Көк туымызды әлемдік ареналарда желбірету үшін барымызды саламыз. Бұл қазақ өнерпаздарының әлемдік аренаға көрінуіне үлкен жол, үлкен мүмкіндік,- деді А. Шәрім.
Мұны естіген желі қолданушылары өнерпаз жігіттердің қуанышына ортақтасып, ізгі тілектерін білдіруде.
“Құтты болсын марапаттарың. Қазақ мәдениетін, домбырасын әлемге танытып, елімізді қуанышқа бөлей беріңіздер”, “Жарайсыздар, жігіттер құтты болсын. Домбыраның үні Голливуд төрінен шыққан үшін рахмет”, “Қазақ халқының киелі домбырасының үнін өзге ұлт елінде шырқатып жүрген сіздерге мың алғыс, өнерлеріңіз өрлей берсін” деп алғысын білдіріп жатқан қазақтар саны көп.
Stan.kz