Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛЫСҚА – ҚАРҚЫН, САПАҒА – САЛМАҚ

ҚҰРЫЛЫСҚА – ҚАРҚЫН, САПАҒА – САЛМАҚ

Елдің еңсесін тіктеп, ертеңге деген сенімін нығайтатын маңызды саланың бірі – құрылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі, яғни 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама елдің барлық өңірінде, аудан орталықтары мен елді мекендерде азаматтық инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа нысандар салуға серпін бермек. Президент атап өткендей, жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттің бірі болып қала береді.
Өйткені құрылыс арқылы адамдарға жайлы орта қалыптастырып, отбасының болашағына негіз қаланады, қала берді тұтас бір елді мекеннің келбетін өзгертеді. Бүгінде осы мемлекеттік міндеттермен үндескен жұмыстар Шиелі кентінде де қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын жаңғырту ісі қатар өрістеп, бірі баспаналы болуды армандаған жандарға қуаныш сыйласа, екіншісі күнделікті тіршіліктің тынысын кеңейтіп, қозғалысқа қолайлылық алып келуде.
Аудан орталығына кіріп, көшелерді бойлай жүргенде-ақ өзгерістің ізін аңғару қиын емес. Бір жағында жаңа баспаналардың іргесі көтеріліп жатса, келесі көшеде жолдың жаңа жабыны төселуде.

Баспана – береке бастауы
Баспаналы болу – әрбір отбасының ең басты арманның бірі. Әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін өз шаңырағының болуы – өмірге деген сенімді еселей түсетін үлкен қуаныш. Осы орайда Мемлекет басшысы айқындаған құрылыс саласын дамыту міндеттерінің аясында ауданда тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Шұғыла және Бәйтерек шағын аудандарында бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлер – соның көрінісі. Аудан әкімі ­Айтбай Жандарбековтің құрылыс алаңдарына жиі барып, жұмыс барысын көзбен көруі де осы жауапкершіліктің маңызын аңғартады. Өткен апта соңында кезекті аралау барысында аудан әкімі тиісті сала басшыларымен бірге Шұғыла және Бәйтерек шағын аудандарындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мердігерлерге құрылыс нормаларын қатаң сақтау, пайдаланылатын материалдардың сапасына мән беру және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Биыл жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтарға арналған 50 пәтерлі 17 тұрғын үйді сатып алу жоспарда. Жобада екі және үш бөлмелі баспаналар қарастырылған. Құрылыс нысандарын орналастыру үшін аталған шағын аудандардан жер учаскелері аукцион арқылы табысталған.
Бұл жобаның қаржылық ауқымы да айтарлықтай. Тұрғын үйдің әр шаршы метрін сатып алуға 257 878,4 теңге мөлшерінде қаражат белгіленді. Екі пәтерлі тұрғын үйге 30 млн 945,3 мың теңге, төрт пәтерлі үйге 61 млн 890,7 мың теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті жеке кәсіпкерлер де белсене атсалысуда. Олардың қатарында Алия Болатбек, Мәди Кішкенбаев, Нұржан Мырзахметов, Шарипа Сыздықова, Балнұр Арықбаева, Аяла Идегеева, Меруерт Тастыбаева сынды кәсіпкерлер бар. Әрқайсысы өзіне тиесілі нысандардың құрылысын жүргізіп, белгіленген межеге жету үшін еңбек етуде.
Әрине, құрылыс барысындағы ең маңызды мәселе – нысан санын көбейту ғана емес, сапаны сақтау. Себебі бүгін қаланған кірпіштің, құйылған іргетастың, орнатылған шатырдың сапасы сол үйде ғұмыр кешетін отбасының ертеңгі қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Аудан басшысының құрылыс алаңына жасаған сапарларының бірінде біз де бірге болып, салынып жатқан үйлердің жай-жапсарымен таныстық. Көргеніміз – болашақ тұрғындардың тұрмыс жағдайына барынша қолайлы етіп ойластырылған баспана. Үйлердің іргетасы берік негізге құйылған. Іргетас астындағы дайындық қабатының қалыңдығы 40 сантиметр болса, оның үстіндегі іргетас биіктігі жарты метр шамасында.
Қабырғалары стандарт талаптарына сай күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Сыртқы бөлігі термопанельмен қапталып, төбесі қыш тақталармен жабылған. Бұл құрылыс материалдары үйдің жылу сақтауына әрі сыртқы келбетінің жинақы болуына мүмкіндік береді.
Ішкі әрлеу жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінген. Кіреберіс бөлігінде жылы еден қарастырылған. Терезелерінің өлшемі – 140х180 сантиметр, бөлме төбелерінің биіктігі – 3 метр. Бөлмелердің төбесіне гипсокартон тартылып, санитарлық тораптарда қабырға мен еденге кафель төселген. Жуынатын бөлме мен әжетхана қажетті сантехникалық жабдықтармен қамтылған. Тұрмыстық техникаларды пайдалануға ыңғайлы болу үшін теледидар, кондиционер және басқа да электр құрылғыларына қажетті розеткалар алдын ала жоспарланған.
Құрылыс қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Есік-терезе маңдайшалары бетоннан құйылып, ғимараттарға сейсмикалық белдеу жүргізілген. Үй алдындағы аумақтар қоршалып, абаттандыру жұмыстары қарастырылған.
Бір қарағанда, мұның бәрі құрылысқа қойылатын қалыпты талаптар секілді көрінуі мүмкін. Алайда баспананың әр бөлшегіне дейін ойластырылуы – тұрғынның болашақтағы тұрмысына жасалған қамқорлық. Өйткені әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға берілетін үй сапасы жағынан да, қолайлылығы жағынан да көңіл көншітуі керек.
Аудан басшысы құрылыс алаңындағы кездесулерде мердігерлерге осы талаптарды үнемі ескертіп келеді. Әсіресе құрылыс материалдарының сапасы мен орындалған жұмыстың беріктігіне жіті бақылау жүргізу қажеттігін баса айтады. Себебі асығыс біткен құрылыс – абырой емес, ал сапалы салынған баспана – жылдар бойы ел алғысын арқалайтын еңбек.
Айтбай Жандарбековтің айтуынша, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы да басты назарда. Қараша айының соңына дейін 50 пәтерді пайдалануға дайын ету міндеті қойылған. Мұндай талаптың қойылуы да орынды. Өйткені баспана кезегінде тұрған әрбір азамат үшін өз үйінің кілтін алу – көптен күткен үмітінің орындалатын сәті.
Жалпы соңғы екі жылда ­аудан орталығында 200-ден астам үйдің тұрғындарға берілгені де бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын көрсетеді.

Жол түзелсе, тіршілік те түзеледі
Тұрғын үймен қамту – елді мекен дамуының бір бағыты болса, жол сапасы да адамдардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдететін, экономикалық белсенділікті арттыратын маңызды инфрақұрылымның бірі.
Кентте соңғы уақытта көшелерді жөндеу, асфальт төсеу және әлеуметтік нысандар маңын абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге күрделі жөндеуден өтіп жатқан көшелерді де аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылады.
Атап айтқанда, Төле би, Б.Қабылұлы және Т.Рысқұлов көшелері асфальтталуда. ­Аудан ­басшысы жұмыс барысымен танысып, мердігер мекеме мен жауапты мамандарға жол құрылысының белгіленген талаптарға сай орындалуын тапсырды.
Биыл Шиелі кентіндегі Ж.Таспанбетова, Ә.Палымбетова, Абай Құнанбаев, С.Кәрімбаев, Б.Тоқбаулин, Т.Жүргенов, Б.Оразов және Досбол датқа көшелері күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, мектептер мен әлеуметтік маңызы бар мекемелердің аумақтарына асфальт төселіп, тұрғындар көп жүретін орындардың инфрақұрылымы жаңартылды. Жол жөндеу жұмыстарын «Әлем Транс Жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.
Аудан орталығындағы жолдарды аралау барысында асфальт жабындысының қалыңдығына, тегістігіне және төсеу технологиясының сақталуына баса мән берілгені байқалды. Кейбір көшелерде жол жабыны екі кезеңмен төселіп, қозғалысқа қолайлы жағдай қалыптастырылған. Мұндай жұмыстардың нәтижесін, әрине, сол жолмен күн сайын қатынайтын тұрғындар жақсы сезінеді.
Дегенмен жол саласында жұмыстың көлемінен бұрын оның сапасы маңызды. Бірер айдан соң ойылып, шұңқырға айналатын жолдың кімге керегі бар? Сондықтан аудан басшысы аралау барысында асфальт төсеу кезінде белгіленген технологиялық талаптардың сақталуын, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қатаң тапсырды. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына орындалған жұмыстарды тиісті деңгейде бақылауды міндеттеді.
Аудан әкімінің құрылыс нысандарын аралауы тек тұрғын үй мен жолға ғана қатысты емес. Кенттің жалпы инфрақұрылымын жақсарту, жарықтандыру, газбен қамту және абаттандыру бағытындағы жұмыстар да назарда. Шұғыла мен Бәйтерек шағын аудандарында бой көтеріп жатқан баспаналардың тұрғындарға қолайлы болуы үшін жол, жарық, газ мәселелерінің де қатар шешілуі маңызды.
Өйткені жаңа үйге қоныстанған отбасы үшін тек төрт қабырға жеткіліксіз. Оған баратын жол болуы керек, кешкісін көшесі жарықтануы керек, күнделікті тұрмысына қажетті инфрақұрылым қолжетімді болуы қажет. Қазіргі заманғы елді мекеннің келбеті де осындай өзара сабақтас игіліктер арқылы қалыптасады.
Ел ішінде «Үйі бардың – күйі бар» деген сөз бар. Ал жолы түзелген елді мекеннің де тіршілігі түзелетіні анық. Баспана мен жол – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін екі маңызды сала. Шиеліде осы бағыттағы жұмыстардың қатар жүргізілуі де сондықтан құптарлық.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
10 қараша 2026 ж. 16 0

Қоғам

Даланың зары

10 қараша 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

№83 (9450)

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30