ЕЛДІКТІҢ МЕРЕЙІ – ЕГЕМЕНДІК
Тәуелсіз Қазақстанда қастерлі мерекенің бірі – Республика күні. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылданды. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Қазақстан өзінің жеріне, байлығына, табиғи ресурстарына, ішкі және сыртқы саясатына толық ие екендігі көрсетілді. Бұл сол кезеңдегі еліміздің егемендігі үшін жасалған алғашқы қадам болды. Қазақ елі үшін бұл егемен, азат, зайырлы және құқықтық мемлекеттің негізі қаланған тарихи ұлы күннің асыл айғағы, қасиетті бойтұмары.Республика күні – тәуелсіздігіміздің жаршысы, оған жол ашқан тарихи оқиғаны айғақтаушы күн. Сондықтан да біз үшін бұл мереке егемен ел болып ірге қалауымыздың белгісіне айналған тарихи күнді, ұлттық рухымыздың қайта түлеген сәтін еске салатын ерекше сипатқа ие.
Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидалары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн мемлекеттік емес, ұлттық мереке ретінде еліміздің барлық жерінде кеңінен атап өтіледі.
Мерейлі мереке қарсаңында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіздік бастауы – Республика күні» атты салтанатты кеш өтті. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғанда зал толы көрермен қолдарын жүректеріне қойып, қосыла шырқады. Сонан соң жиылған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтау үшін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сахна төріне көтерілді.
– Құрметті қауым, ардақты ағайын! Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен құттықтаймын! 1990 жылы осы күні республикамыздың егемендігі туралы декларация қабылданып, ол Тәуелсіздікке батыл бет бұрған жас мемлекетіміздің өміріндегі ұлы оқиға болғаны белгілі. Сондықтан да бұл күн бүкіл еліміз үшін қадірлі, қастерлі күннің бірі болып саналады. Қазіргі кезде экономикасы өркендеген, әлеуметтік салада да үлкен жетістіктерге жеткен Халықаралық қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алған республикамыз әлемдік өркениет нарықтық қатынасты берік ұстанып, экономикасы мен мәдениеті дамыған, бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық салтанат құрған егемен елге айналып отыр.
Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз.
Бұл мерекенің еліміздің егеменді мемлекет болып қалыптасу жолында тарихи маңыздылығы өте жоғары әрі құнды деп білемін. Халқымыздың арманы орындалған Ұлы күні – Ұлттық мерекеміз баянды болсын. Республика күні құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің мерейі өсіп, мәртебесі асқақтай берсін! – деді аудан әкімі.
Слтанатты шарада аудан басшысы Айтбай Насриддинұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың және аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті. Осылайша, өңірдің дамуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген мамандар мерейі өсіп, ұлттық мереке қарсаңында құрметке бөленді.
Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін мереке. Бұл күн жастарды елін сүюге, жауапкершілік пен бірлікке тәрбиелейді. Әрбір қазақстандық үшін Республика күні – мақтаныш пен патриоттық сезімді оятатын ерекше мейрам.
Күмбір-күмбір күйімен, әуелеген әнімен, мың бұралған биімен үйлескен шалқар шара ондағы жандардың жұмыр жүректеріне толассыз мейір, рух дарытты. Концеттік бағдарламаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны соншалық, бір де бір көрермен орындарынан қозғалмай тапжылмастан тыңдады. Құрманғазының «Адай» күйін орындаған аудандық «Өнер» мектебінің аспаптар ансамблін де көрермен қауым жылы қабылдады. Концерт финалы «Қазақстаным» әнімен қорытындыланып, талғамы биік көремен барлық өнерпазға ыстық ықыласпен қол соғып, қошемет көрсетті.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








