Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САРЫАРҚАДАҒЫ СЫР ДӘМІ

САРЫАРҚАДАҒЫ СЫР ДӘМІ

Ауылдың аты аталғанда көз алдымызға ең алдымен еңбек адамы келеді. Таңмен таласа егістікке бет алған диқан, малдың қамын күйттеген шаруа, өзен жағалап кәсібін жалғастырған балықшы, маусымдық өнімін мәпелеп өсірген бағбан. Даладағы тіршіліктің қызуы қаладағы дайын өнімнің әр келісінен сезіле бермейді. Ал сол өнімнің жолына зер салсақ, оның ар жағында маңдай термен өлшенетін үлкен еңбек жатқанын аңғарамыз.
Астанадағы «Қазанат» атшабарында өткен Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі осындай ойға жетелейді. Иә, өткен аптада Сыр бойының ырысы елорда төріне жетті. Қап-қап күріш, Сырдарияның балығы, даланың қауын-қарбызы мен асқабағы, ет пен сүт өнімдері, құрт пен ірімшік, сөк пен талқан – бәрі бір алаңда тоғысты. Сырдың табиғаты мен тұрмыс-тіршілігінен тамыр тартқан өнімдер Астана тұрғындарының дастарқанына жол тартты.
Жәрмеңкеге облыстан 600 тоннадан астам өнім жеткізілген. Сырдың сыйы жүз жүк көлігімен керуен құрып, Астана жұртшылығына жетті. 2 күнге созылған молшылық шарасында өнімдер базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылды.
Сыр елінің атын күрішсіз атау қиын. Тиісінше жәрмеңкеде күрішке сұраныстың жоғары болуы да тегін емес. Тұтынушы өнімнің сапасына ғана емес, оның қайдан келгеніне де мән береді. «Сыр күріші» деген атаудың қалыптасуының өзі өңірдің ауыл шаруашылығы тарихымен байланысты. Жалпы жәрмеңкеге 230 тонна күріш жеткізіліпті.
Сырдария – Сыр елінің табиғи өзегі. Өзен бойындағы халықтың тіршілігі ғасырлар бойы сумен астасып келеді. Егіншілік те, балықшылық та дариямен сабақтас. Сырдың балығы да осы табиғи байланыстың бір белгісі. Жәрмеңкеге облыс көлемінде 30 тоннаға жуық су маржаны жеткізілді. Сөреге қойылған балықтың әр түрі өңірдің табиғи ерекшелігін танытады. Сары сазан мен қаяз секілді Сырдарияның балығы жергілікті халықтың тағамдық мәдениетінде бұрыннан бар.
Сыр өңірінің табиғаты ауыл шаруашылығына өз талабын қояды. Жазы ыстық, күн сәулесі мол аймақта бақша өнімдерін өсірудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Қауын-қарбыздың, асқабақтың, қияр мен қызанақтың әр маусым сайын сұранысқа ие болуы да содан. Жәрмеңкеге Қызылорда қаласының шаруалары 100 тоннаға жуық бақша өнімін жеткізді. Оның ішінде 25 тонна асқабақ бар.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге ұлттық тағамдарға да кең орын берілді.
Құрт пен ірімшік, сөк пен талқан, қымыз бен шұбат – қазақтың тұрмысынан тамыр тартқан тағамдар. Ұлттық тағамның қадірі оның дәмімен ғана өлшенбейді. Ол – халықтың өмір салтының, табиғатты пайдалану тәжірибесінің, ғасырлар бойы қалыптасқан тағам дайындау мәдениетінің көрінісі. Мәселен, құртты алайық. Ұзақ сақталатын, құнарлы, көшпелі тұрмысқа бейімделген бұл тағамның тарихы халқымыздың өмір салтымен бірге қалыптасты. Сол секілді сөк пен талқан да дәнді дақылдарды тиімді пайдаланудың дәстүрлі үлгісі. Қалалық тұтынушының табиғи өнімге деген қызығушылығы артып келе жатқан кезде ұлттық тағамның да өз орнын табуына мүмкіндік бар. Ауыл кәсіпкерлері үшін мұндай сұраныс өндірісті ұлғайтуға, өнім сапасын арттыруға, қаптамасы мен сауда мәдениетін жетілдіруге жол ашады. Сырдың жәрмеңкесіндегі құрт пен ірімшікке, қымыз бен шұбатқа деген қызығушылық – дәстүрлі тағамның қазіргі қоғамдағы орнын тағы бір аңғартты.
– Берекелі жерден жиналған табиғи өнімдерді халық қуана қабылдады. Әсіресе, таза табиғи сүт өнімдері, балдай тәтті қауын-қарбыз бен Сыр күрішінің өтімді болғаны диқандардың еңбегін ақтай түсті, – дейді ұйымдастырушылар.
Бүгінде дәстүрлі дәмдерді дәріптеп, Сырдың брендін қалыптастырған мұндай жәрмеңкелер өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін айшықтайтын маңызды бағытқа айналды. Екі күнге созылған бұл шара Астана мен Сыр жұртшылығы арасындағы экономикалық-мәдени байланысты одан әрі нығайта түсті. Осылайша, «Қазанат» атшабарындағы сауда сөрелері екі күн бойы Сыр елінің ауылдық тіршілігін елордаға жақындатты.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

22 қыркүйек 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930