Биыл Қазақстанда қай айда той көп болды?
Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан аса жұп шаңырақ көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі."Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мәліметінше, биыл қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелген. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі.
"АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың некені тіркеп, 1 миллионнан аса туу туралы куәлік берді", - деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Өңірлер бойынша
Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда.
- Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелген, мұнда 12 344 неке қиылған.
- Екінші орында Астана қаласы тұр, 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген.
- Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.
Қай айда той көп болды?
Биылғы маусым неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы айда 15 мыңнан аса жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген.
Тамызда 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674 болды. Жаз айларында елімізде 38 мыңнан аса жұп отбасын құрды. Бұл - 2026 жылғы сегіз айда қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамы.








