«БОЛАШАҚ ОЙЫНДАРЫ 2026»: ФИДЖИТАЛ ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Сәрсенбі күні елорда төрінде жаңа буынның трендіне айналған жаһандық дода – «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорт сайысы басталды. Жаһандық ауқымдағы бұл сайыс алғаш рет екі жыл бұрын Қазан қаласында ұйымдастырылған. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті турнирді Қазақстанда өткізуді ұсынған еді. Араға екі жыл салып еліміз дүбірлі доданы қабылдау құқығына ие болды.Турнирдің ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон арнайы қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бұл жарыстың мән-маңызына тоқталды.
– Астанадағы болашақ ойындары классикалық спорт пен кибер-индустриялық тоғыстырған жаһандық фиджитал қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін. Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпал тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік.
Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру, – деді Мемлекет басшысы.
Ашылу салтанаты жарқын концерттік бағдарламамен басталды. Сахнада қазақстандық орындаушылар Yenlik, Nazar, Ademi және Alpha өнер көрсетті. Көрермендерге «Болашақ Ойындарының» негізі спорт, технология және цифрлық мәдениеттің үйлесіміне арналған, заманауи сахналық технологиялар қолданылған әсерлі шоу ұсынылды. Музыкалық бағдарламадан кейін балалар хоры көрермендермен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады.
34 елден келген 800 адам сегіз фиджитал спорт түрі бойынша бақ сынайды. Жарыстар цифрлық және физикалық кезеңдерді біріктіретін форматымен ерекшеленеді. Бағдарлама барысында турнирдің символдық кейіпкерлері – I-Bot, Alem, Ar-Lan және I-Lin таныстырылды.
Фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астанада мұндай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтып, еліміздің заманауи спорттық трендтерге ашық екенін көрсете алады. Қазақстан заманауи ойындарды өткізіп жатқан үшінші ел.
Айта кетейік, бұл турнирдің тағы бір ерекшелігі Қазан мен Абу Дабидегі жарыс түрлерінде жекелей форматтар болса, Астанада жарыстың клубтық түрі енгізілген. Командалар алдымен виртуалды аренада кездеседі, содан кейін жарыс футбол алаңында, баскетбол паркетінде немесе татамиде жалғасады. Жалпы болашақ ойындары халықаралық командалар қатысатын байрақты бәсеке болғандықтан жүлде қоры да жоғары. 4,5 млн доллар.
Сайыстар 9 тамызға дейін жалғасады. Матчтар «Барыс Арена», «Қазақстан» жеңіл атлетика кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және Beeline Arena ұлттық теннис орталығы алаңдарында өтеді. Қазақстан атынан 11 команда мен жекелеген спортшылар ел намысын қорғап, бақ сынайды. Алдағы күндері отандық спортшыларға жанкүйер болып, жеңіске бірге жетейік!
М.ИБРАГИМ








