Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді
Біз Қазақстанды Азия мен Еуропаны жалғайтын аймақтағы жетекші логистика торабына айналдыруды көздейміз. Еліміздің аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл Қазақстанның құрлықаралық тасымал тізбегіндегі ықпалы зор екенін көрсетеді.Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. Мұның өзі әлемдік сауда мен өзара көлік байланысында негізгі рөл атқаратынымызды растайды. Осы позицияны одан әрі орнықтыра түсу үшін көлік инфрақұрылымына, мыңдаған шақырым жаңа теміржол салуға, сондай-ақ Орта дәліз ретінде кеңінен танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын ары қарай дамытуға қомақты инвестиция құйып жатырмыз. Соңғы он бес жылда Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Біз заманауи логистика сапалы инфрақұрылымды ғана емес, озық цифрлық шешімдерді де талап ететінін жақсы түсінеміз. Сол себепті бүкіл экожүйені цифрландыру шараларын қолға алдық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өткен жылдың соңынан бастап кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтер ұсыну үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатқанын айтты.
– Платформа негізгі рәсімдердің бәрін бірыңғай цифрлық ортаға жинақтап, әкімшілік кедергілер мен транзит уақытын айтарлықтай қысқартады. Алғашқы кезеңнің өзінде Қытай – Өзбекстан бағыты бойынша транзиттік операциялар толық цифрландырылды, ал мемлекеттік шекарадан өту үдерістері электронды форматқа ауыстырылды. Бұл халықаралық жүк тасымалын жылдамдатып, ашықтықты қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде Еуразия кеңістігінде жұмыс істейтін халықаралық бизнес өкілдері үшін Қазақстан аумағымен жүк тасымалдау анағұрлым тиімді, үнемді әрі сенімді бола түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.







